Қазақстанның Халық әртісі Филармония директоры болып тағайындалды

Қазақстанның Халық әртісі Филармония директоры болып тағайындалды

Бірыңғай конкурстық комиссия отырысының №2 хаттамасына және Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының 2026 жылғы 20 қаңтардағы №10 бұйрығына сәйкес, Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының «Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармониясы» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының директоры болып тағайындалды.

Секен Кәрімұлы Тұрысбеков - 1961 жылы 22 наурызда Абай облысы Үржар ауданы Жоғары Егінсу (Бірінші Май) ауылында туған.  

Семей қаласындағы М.Төлебаев атындағы музыка училищесінде  домбыра аспабы бойынша Қадыр Досымжанов класында білім алған. Алматы Мемлекеттік Құрманғазы атындағы консерваториясына оқуға түсіп,  профессор Мәлғаждар Әубәкіровтің жетекшілігімен бітіреді.

Жалпы еңбек өтілі – 40 жыл.

МАРАПАТТАРЫ:

  1. Республикалық «Жігер» фестивалінің лауреаты (1985),
  2. Мәскеуде өткен жастар мен студенттердің XII дүниежүзілік фестивалінің лауреаты (1985)
  3. Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты (1989)
  4. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі (1992)
  5. Құрмет ордені (2011)
  6. Парасат ордені ( 2017)
  7. Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері (2022)
  8. Қазақстанның Халық әртісі атағы (2024)

Еңбек жолы:

Еңбек жолын «Сазген» фольклорлық-этнографиялық ансамблінен бастап, көркемдік жетекшісі және бөлім меңгерушісі болып еңбек етті. 

Өткен ғасырдың 80 жылдары "Көңіл толқыны" күйі қазақ күй өнерінің жарқ еткен құбылысы ретінде жарыққа шығып,   Секен Тұрысбековті елімізге, барша әлем  қазақтарына  танымал етеді. 1985 жылғы Мәскеуде өткен жастар мен студенттердің XII дүниежүзілік фестивалінің, 1988 жылғы Қазақстан Комсомолы сыйлығының лауреаты атанады.

1997 жылы "Ақ жауын" ансамблін құрып, аз уақыт ішінде халыққа танымал болады. 2000 жыл Жастар одағы сыйлығының лауреаты атағын жеңіп алады.

2001 жылы Елорадаға қоныс аударып, Астана қаласындағы  Еуразия университетінде   "Қоңыр қаз" ансамблін құрып,  көркемдік жетекшісі болып тағайындалды. Сол жылы Астана қалалық филармониясының  «Ақ жауын» мемлекеттік камералық оркестрін негізін қалап, көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері болады. Оркестрмен еліміздің түпкір-түпкірінде концерт қойып, Жапония, Қытай, Моңғолия, Франция, Германия, Украина сияқты шетелдерда гастрольдік сапармен болды.

Бүгінгі таңда Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының "Ақ жауын" халық аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі.