«Абай әндері» республикалық байқауының жеңімпаздары анықталды

«Абай әндері» республикалық байқауының жеңімпаздары анықталды

Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы аясында, Абай облысы әкімдігінің қолдауымен және Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Абай әндері» атты республикалық дәстүрлі әншілер байқауының қорытындысы жарияланды.

Хәкім Абайдың ән мұрасын насихаттауға бағытталған байқау ән өнерінің ғана емес, ұлттық рухтың, тарихи сабақтастықтың көрінісін көрсетті.

Байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен дарынды жастар қатысып, дәстүрлі әннің тұнығына бойлады. Бүгін сол байқаудың жеңімпаздары марапатталып, өнердің шынайы иелеріне құрмет көрсетілді.

«Абай әндері» байқауының Бас жүлдесі Абай облысының талантты өнерпазы Мұқашев Таңатқа табысталды. Бірінші орын Абай облысынан қатысқан Аманғазин Сәулетке бұйырды. Екінші орын иегерлері – Жаңабай Ақжол (Алматы облысы) және Әбдіғани Әсем (Шымкент қаласы). Ал үшінші орынды Абдуррахман Естайұлы, Өмірзақ Шешханұлы және Құрманғазы Нұрғабыл (Алматы қаласы) бөлісті.

Байқау барысында дәстүрлі әннің көркемдік деңгейін жоғары көрсеткен орындаушыларға арнайы аталымдар бойынша құрмет көрсетілді. Әлмағамбет Қапсәләмұлы атындағы арнайы жүлдеге Ұлытау облысының өкілі Жәкіш Фархад лайық деп танылды. Шәкір Әбенов атындағы арнайы жүлде Астана қаласынан келген Бағдатқызы Таңшолпанға берілді. Шәкәрім Құдайбердіұлы атындағы арнайы жүлде Алматы қаласының өнерпазы Тұрғамбаев Алтынбекке табысталды.

Сонымен бірге байқаудың дипломанттары атанған Срайл Аида (Алматы қаласы), Нүптеке Іңкәр (Астана қаласы) және Абылайұлы Нұртуған (Алматы қаласы) да арнайы құрметке ие болды.

Ұлы ақынның музыкалық мұрасын кеңінен дәріптеген бұл байқау ұлттық өнерді дамытуға серпін беріп, жас орындаушылардың шығармашылық өсуіне жол ашты.