
Республика күні қарсаңында Жарма ауданының Шар қаласында күрделі жөндеуден өткен қалалық Мәдениет үйі пайдалануға берілді. Ашылу салтанатына облыс әкімі Берік Уәли, зиялы қауым өкілдері және жергілікті тұрғындар қатысты.
1960 жылы салынған ғимаратқа соңғы рет 2002 жылы жөндеу жүргізілген еді. Биыл «Жол картасы» бағдарламасы аясында облыстық бюджеттен бөлінген қаражат есебінен нысан толық жаңғыртылды.
Аймақ басшысы тұрғындарды Мәдениет үйінің қайта ашылуымен құттықтап, өңірде мәдениет нысандарын жаңғырту ісіне ерекше мән беріліп келе жатқанын атап өтті.
«Шар қаласындағы ғимараты толық күрделі жөндеуден өткен бұл өнер ордасы өңірдің мәдени тынысын жандандырып, қала тұрғындарының рухани өмірінде ерекше орын алады деп сенеміз. Бұл жерде шығармашылық ұжымдар өз өнерін шыңдап, жастар рухани тәрбие алып, түрлі мәдени шаралар ұйымдастырылатын болады», - деді облыс әкімі.
Жергілікті тұрғындар Мәдениет үйінің жаңғырып, қайта ашылуын жылы қабылдап, үлес қосқандарға алғыс білдірді.
Биыл өңірде бірқатар мәдени нысандар жаңғыртылды. 2025 жылы мәдени инфрақұрылымды дамыту мақсатында республикалық бюджет есебінен бес жаңа нысанның құрылысы жоспарланып отыр.