Ұрпаққа жетер қазына: Абай облысында ЮНЕСКО сарапшылары зерттеу жүргізді

Ұрпаққа жетер қазына: Абай облысында ЮНЕСКО сарапшылары зерттеу жүргізді

Биыл 21–28 тамыз аралығында Абай облысында материалдық емес мәдени мұраны зерттеу және түгендеу мақсатында далалық экспедиция өтті.

Жоба Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты «Қазақстандық қоғамдық даму институты» коммерциялық емес акционерлік қоғамының тапсырысы бойынша жүзеге асып жатыр. Экспедиция құрамына ЮНЕСКО сарапшысы, Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссия жанындағы Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі Ұлттық комитеттің мүшесі, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор В.В.Шахгулари, гуманитарлық ғылымдар магистрі Г.К.Қашақуқызы және «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің әрі Журналистер одағының мүшесі Т.Ш.Шаяхмет енді.

Экспедицияның басты мақсаты – материалдық емес мәдени мұра элементтерін анықтау, талдау және түгендеу. Сарапшылар өңірде дәстүрлі өнер иелерімен кездесіп, сұхбат жүргізді, сондай-ақ мәдени элементтерді фото және бейнежазбаға түсіріп, құжаттау жұмыстарын атқарды. Жоба аясында Қазақстанның бес облысы қамтылып отыр. Абай облысында атқарылған жұмысқа жергілікті әкімдік тарапынан қолдау көрсетіліп, сарапшылар тобының тиімді қызмет атқаруына жағдай жасалды.

Экспедиция шеңберінде жоспарланған маңызды іс-шаралардың бірі – «Абай облысындағы материалдық емес мәдени мұраны дамытудағы қолөнершілер қызметін жетілдіру» тақырыбындағы дөңгелек үстел. Ол 2025 жылғы 28 тамыз күні сағат 9:00-де Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері музейінде өтеді. Дөңгелек үстелді Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы ұйымдастырып жатыр. Іс-шара барысында қолөнершілердің тәжірибесі, олардың мәдени мұраны сақтаудағы рөлі және осы саланы одан әрі дамыту жолдары талқыланбақ.

Экспедиция нәтижесінде жинақталған деректер болашақта ұлттық мұраны сақтау мен дамытуға негіз болатын құнды материалдар қатарына қосылады. Сарапшылардың пікірінше, дәстүрлі қолөнер, ауыз әдебиеті, әдет-ғұрыптар мен басқа да мәдени элементтерді зерттеу – ұлт болмысын айқындайтын аса маңызды іс, сондықтан осындай жобалардың маңызы уақыт өткен сайын арта түспек.