7 тамыз Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай Семей қаласындағы ЕС-АЙМАҚ рухани орталығында ерекше рухани кеш өтті. Бұл күні Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, жазушы Асқар Алтайдың «Абай жолы» энциклопедиясының және «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, қаламгер Бағашар Тұрсынбайұлының «Абай Құнанбайұлы кім?» атты кітабының тұсаукесері өтті.
Осы қос туынды ұлы ақын Абайдың рухани әлемін тереңнен тануға, оның мұрасына жаңаша көзқараспен үңілуге мүмкіндік беретін құнды еңбектер. Энциклопедиялық және танымдық сипаттағы бұл кітаптар әдебиетсүйер қауымға арналған маңызды рухани олжа болды.
Іс-шараға қоғам және әдебиет қайраткерлері қатысты. Атап айтқанда, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ақберен Елгезек, ҚР Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов, ақын Асылан Тілеген, жазушы, документалист әрі тележүргізуші Қанат Тілеухан кештің құрметті қонақтары қатарынан табылды.
Кештің модераторы – филология ғылымдарының докторы, профессор, ақын Бауыржан Жақып болды. Ол Абай мұрасын насихаттаудағы осындай еңбектердің маңыздылығына тоқталып, авторларға жылы лебізін білдірді.
Бұл тұсаукесер ұлы Абайдың шығармашылығына арналған іс-шаралардың жарқын жалғасы ғана емес, сонымен қатар ұлт руханиятына қосылған сүбелі үлес болды.