Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданында өткен «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық фестиваль аясында бірқатар әдеби-мәдени шаралар ұйымдастырылды. Абай облысының ақындары бұл жыр мерекесінде жүлделі орындарға ие болып, өңіріміздің шығармашылық әлеуетін тағы бір мәрте танытты.
Топқайың ауылы маңында өткен «Төр Алтай Қалиханы мен Дидахметін жырлайды» атты республикалық поэзия фестивалінде Абай облысының ақындары Мерей Қарт пен Бауыржан Игілік жүлделі орын иеленді. Поэзия мен ғылым тоғысқан бұл әдеби жиын көрнекті қаламгерлер Қалихан Ысқақтың 90 жылдығы мен Дидахмет Әшімханұлының 75 жылдығына арналды. Фестивальде ұлттық болмыс, рухани сабақтастық және көркем сөздің қадірі кеңінен насихатталды.
Сондай-ақ, фестиваль аясында өткен «Алтай – алтын бесігім» атты халықаралық ақындар айтысында жерлесіміз Рүстем Қайыртай жүлделі бірінші орынды жеңіп алды. Айтыс Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Бұл поэзиялық сайысқа Қазақстан, Қырғызстан және Моңғолиядан келген танымал ақындар қатысты.
Бұл айтулы оқиға – түркі дүниесінің мәдениеттерін тоғыстырған, айтыс өнерінің рухани құндылығы мен мәртебесін көтерген маңызды мәдени басқосу болды.