Іссапар барысында басқарма басшысы бірқатар мәдениет нысанын аралап, ауылдық клубтар мен кітапханалардың жұмысымен танысты. Атап айтқанда, Қасқабұлақ, Архат, Кеңгірбай, Көкбай және Қарауыл ауылдарындағы мәдениет үйлері мен кітапханаларда болды. Қарауыл ауылында басқарма басшысы орталық кітапхана, мемлекеттік архив және өлкетану музейінің жұмысымен танысып, сала мамандарымен пікір алмасты.
Сапардың маңызды бөлігі ретінде Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музей-қорығына қарасты Кәмен Оразалиннің музей-үйіне арнайы бару атап өтілді. Алаш рухын ардақтап өткен жазушы Кәмен Оразалиннің өмірі мен шығармашылығына арналған бұл музей – ұлт руханиятының маңызды ошағы болып саналады.
Сапар аясында Қарауыл ауылында көркемөнерпаздар байқауы өткізілді. Шығармашылық ұжымдардың өнері жоғары бағаланып, өңірдегі мәдениет саласының әлеуеті айқын көрінді.
Жұмыс сапары мәдениет саласындағы өзекті мәселелерді зерделеп, алдағы даму бағыттарын нақтылауға мүмкіндік берді.