Бүгін Абай облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Жанжігіт Омархан өңірдегі мәдени нысандардың жай-күйімен танысу мақсатындағы жұмыс сапарын Бородулиха ауданында жалғастырды

Бүгін Абай облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Жанжігіт Омархан өңірдегі мәдени нысандардың жай-күйімен танысу мақсатындағы жұмыс сапарын Бородулиха ауданында жалғастырды

Іссапар аясында басқарма басшысы ең алдымен Новопокровка ауылындағы клуб пен кітапхананың жұмысымен танысты. Кездесу барысында осы нысандардың материалдық-техникалық базасын жақсарту мәселесі көтерілді. Айта кету керек, бұл мекемеде соңғы рет ағымдағы жөндеу жұмыстары 2015 жылы жүргізілген.

Мұнан кейін Жанжігіт Абзалбекұлы ауданға қарасты Дмитриевка және Бородулиха ауылдарына барып, мәдениет ошақтарының қазіргі жай-күйін бағамдады. Бородулиха ауылындағы орталық кітапхананың жылу жүйесі тозғаны анықталса, Дмитриевка ауылдық клубына күрделі жөндеу жұмыстары қажеттігі айтылды.

Сондай-ақ осы күні “Абай елі – өнер кеніші” атты облыстық көркемөнерпаздар байқауы өз жалғасын Бородулиха мәдениет үйінде тапты. Өнер сүйер қауымның басын қосқан бұл байқау ауыл тұрғындарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Жұмыс сапары әрі қарай Бесқарағай ауданында жалғасты. Басқарма басшысы Канонерка ауылындағы клуб пен кітапхананы, Бесқарағай ауылындағы мәдениет үйі мен кітапхананы, мемлекеттік архив пен тілдерді оқыту орталығын аралап шықты. Бұл нысандардың да біразына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттігі айтылып, тиісті мәселелер басқарма басшысының назарына ұсынылды.

Айта кету керек, өңірді аралап, мәдени мекемелердің ахуалымен тікелей танысу – саланың өзекті мәселелерін дер кезінде анықтап, тиімді шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Мұндай жұмыс сапарлары облыстағы мәдениет саласының жүйелі дамуына серпін беретіні сөзсіз.