
Бүгін Абай облысында «Ұлттық ономастика: Ізденіс пен тәжірибе» атты республикалық семинар өтті.
Жиынды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Абай облысы Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы ұйымдастырды.
Іс-шара Қазақстан Республикасының 2023–2029 жылдарға арналған мәдени саясаты тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылып, еліміздің ономастика саласындағы өзекті мәселелер мен болашақ бағыттарды талқылауға арналды.
Семинарға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстардың ономастика саласындағы мамандары, республикалық деңгейдегі ғалымдар, Абай облысына қарасты аудан әкімдерінің орынбасарлары, облыстық Мәдениет басқармасының өкілдері қатысты. Қатысушылар тәжірибе алмасып, өңірлердегі ономастикалық ахуалды талдап, келешекке арналған ұсыныстарын ортаға салды.
Семинар барысында елді мекендер мен олардың құрамдас бөліктерін қайта атауға байланысты әдістемелік ұсынымдар сөз болды. Сонымен қатар, Жеңістің 80 жылдығына орай Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімдерін ұлықтау бойынша ұсыныстар кеңінен қаралды.
Бұл басқосу – ұлттық тарихи-мәдени жадымызды жаңғырту мен тілдік кеңістігімізді жүйелеу бағытындағы маңызды қадамдардың бірі болды.