ЖҰМЫС БЕРУШІЛЕРДІҢ НАЗАРЫНА!

ЖҰМЫС БЕРУШІЛЕРДІҢ НАЗАРЫНА!

Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 20 сәуірдегі № 224-VII Кодексі«Қазақстан Республикасының әлеуметтік кодексі»  шеңберінде «Мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын ұйымдастыру» ҚР Әлеуметтік Кодексінің 108-бабы көзделген.

Арнайы жұмыс орны мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру және оларды кемінде күнтізбелік он екі ай мерзімге жұмыспен қамтуды сақтау үшін құрылады. 2023 жылғы 29 маусымдағы №266 мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын ұйымдастыру қағидаларына сәйкес жұмыс берушілерді субсидиялау жолымен жүзеге асырылады. Арнайы жұмыс орындарын құруға байланысты жұмыс берушілерді субсидиялау жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыруды мансап орталықтары жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырады. Арнайы жұмыс орындарын құратын жұмыс берушілерге субсидия беру мансап орталығы (Еңбек мобильділігі орталығы) мен жұмыс беруші арасында жасалған шарт негізінде жүзеге асырылады.

Субсидиялар жұмыс берушілерге арнаулы жұмыс орындарын жарақтандыру үшін жабдықтарды сатып алуға, монтаждауға және орнатуға, мүгедектігі бар адамдарға жалақы төлеуге жұмсалған шығындарды өтеу мақсатында беріледі. Бірақ субсидиялар жұмыс берушілерге уақытша жұмыс орындарын жабдықтауға берілмейді.

Мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыруға арналған арнайы жұмыс орындары мүгедектігі бар адамның жеке мүмкіндіктерін ескере отырып жабдықталуы қажет. Ол мүгедектігі бар адамдарға арналған жұмыс орнының стандартына сәйкес құрылады. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 26 мамырдағы №179 бұйрығымен мүгедектігі бар адамдар үшін жұмыс орнының стандарттары бекітілген.

Мансап орталығы жыл сайын 1 қарашаға дейінгі мерзімде қаржыландыру лимитіне сүйене отырып, арнаулы жұмыс орындарын құратын жұмыс берушілерден алдағы қаржы жылына өтінімдер жинайды.  Жұмыс беруші мансап орталығына жүгінген кезде өтінімге қоса беріледі:

  • арнайы жұмыс орындарын жабдықтауға және мүгедектігі бар адамдарға жалақы төлеуге арналған шығыстар сметасы
  • банкте шоттың болуы туралы анықтама

Жұмыс берушілер мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын ұйымдастыру Қағидаларының 1-қосымшасына сәйкес нысан бойынша немесе электрондық Еңбек биржасы арқылы арнайы жұмыс орындарын құруға өтінім бере алады.