
Постомат 24/7: Абай облысының тұрғындары құжаттарды алудың ыңғайлы тәсілін жиі таңдауда
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-тың Абай облысы бойынша филиалы халыққа қызмет көрсету орталықтарында мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған заманауи цифрлық сервистерді дамыту жалғасып жатқанын хабарлайды. Осындай шешімдердің бірі – дайын құжаттарды беруге арналған постомат. Ол азаматтарға құжаттарын ХҚКО-ның жұмыс уақытына тәуелді болмай, өздеріне ыңғайлы кез келген уақытта алуға мүмкіндік береді.
Бүгінде Абай облысында бір постомат жұмыс істейді. Ол Семей қаласы, 408 орам, 21-үй мекенжайында орналасқан. Құрылғы тәулік бойы жұмыс істейді, бұл әсіресе жұмыс кестесі тығыз тұрғындар үшін өте қолайлы. Олар дайын құжаттарын тәуліктің кез келген уақытында ала алады.
2026 жылдың басынан бері постомат арқылы шамамен 300 құжат берілді. Ең көп құжат қаңтар айында тапсырылды – 139 құжат. Бұл аталған сервистің өңір тұрғындары арасында жоғары сұранысқа ие екенін көрсетеді.
Постомат арқылы ең жиі алынатын қызметтер – туу туралы, неке қию туралы және қайтыс болу туралы куәліктердің қайталама нұсқаларын беру. Бұл азаматтық хал актілерін тіркеу органдарының құжаттарын алу барысында заманауи цифрлық шешімдерге деген сұраныстың жоғары екенін дәлелдейді.
Постомат арқылы құжат алу үшін өтінішті фронт-офисте рәсімдеу кезінде маманға осы тәсілді таңдағаныңызды хабарлау жеткілікті. Құжат постоматқа орналастырылғаннан кейін өтініш берушіге өтінім нөмірі, алты таңбалы кіру коды, құжатты сақтау мерзімі және құрылғының мекенжайы көрсетілген SMS-хабарлама жіберіледі.
Құжатты алу бірнеше минутты ғана алады: постомат экранына алынған кодты енгізіп, биометриялық сәйкестендіруден өткеннен кейін дайын құжат салынған жеке ұяшық автоматты түрде ашылады.
Қазіргі уақытта постомат арқылы ең көп сұранысқа ие 19 мемлекеттік қызмет қолжетімді. Олардың қатарында АХАТ органдарының қайталама куәліктері мен архивтік анықтамаларын, жылжымайтын мүлікке құқық белгілейтін құжаттардың телнұсқаларын, барлық деңгейдегі білім туралы құжаттарды, ресми құжаттарға апостиль қою нәтижелерін, сондай-ақ міндетті мемлекеттік тіркеуге жатпайтын жылжымалы мүлік кепілін тіркеуге қатысты құжаттарды алу қызметтері бар.