
2026 жылдың басынан бастап Қазақстанда жеке басын куәландыратын құжаттар мен паспорттарды рәсімдеу бойынша мемлекеттік алымдардың мөлшері өзгерді. Тарифтердің өсуі мемлекеттік қызметтердің құнын есептеу үшін қолданылатын айлық есептік көрсеткіштің артуымен байланысты.
- Абай облысында құжаттарды рәсімдеуге сұраныс жоғары болып отыр. Биылғы жылдың басынан бері өңірдің шамамен 2 мың тұрғыны паспорттар мен жеке куәліктер алды,- деп хабарлайды «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының облыстық филиалы.
Ең көп өтініш Семей қаласында, сондай-ақ Аягөз, Үржар және Көкпекті аудандарында тіркелді. Облыстың қалған елді мекендерінде де жеке куәлік пен паспорт алу бойынша өтініштердің тұрақты динамикасы байқалады.
Құжаттарға бекітілген тарифтерге сәйкес, Қазақстан Республикасының паспортының құны: 24 беті бар құжат үшін – 17 300 теңге, 36 беті – 34 600 теңге, 48 беті – 51 900 теңге. Жеке куәлік 865 теңгеге бағаланады, ал бір жыл ішінде екі реттен көп жоғалту жағдайында – 4 325 теңге (1 АЕК).
Алайда, жеке куәлікті алғаш алу және оның мерзімі біткеннен кейін ауыстыру қызметтері тегін көрсетіледі.
Тұрғындар үшін құжаттарды жедел рәсімдеу қызметі де қолжетімді. Облыстық орталықтарда құжаттарды дайындау мерзімі 3-тен 5 жұмыс күніне дейін созылады, құны – 1 835-тен 3 493 теңгеге дейін. Аудандар мен облыстық маңызы бар қалаларда рәсімдеу 7 жұмыс күніне дейін созылады, құны – 703 теңге.