ЖАЙЛЫ МЕКТЕП: ҚАУІПСІЗ ОРТА, ЖАҢА МҮМКІНДІК, БАҚЫТТЫ БАЛАЛАР

ЖАЙЛЫ МЕКТЕП: ҚАУІПСІЗ ОРТА, ЖАҢА МҮМКІНДІК, БАҚЫТТЫ БАЛАЛАР

Өңірде 2025 жылға дейін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 5 700 орындық 11 жаңа мектеп салынбақ. Бұл туралы Абай облысының өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Абай облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Әсем Нүскенова баяндады.

Спикердің мәлімдеуінше, 2023 жылы облыста барлығы 6 мектептің құрылысы басталды. Семей қаласында "KAZ Minerals Management" ЖШС-мен меморандум аясында 2023 жылы 1200 орындық мектеп құрылысы басталды. Сонымен қатар кәсіптік техникалық білім беру бағыты бойынша IT колледжін ашу жоспарланған.

Өткен жылы мектептерге 13 көлік сатып алынған. Ағымдағы жылы 5 көлік сатып алынады деп жоспарлануда. Семей қаласындағы 500 орындық көпфункционалды орталық құрылысы басталды. Орталық 6 функционалды аймаққа бөлінеді, - деді басқармасы басшысының орынбасары.

Сондай-ақ өңірде 70 мектеп жаңа 86 модификациялық және STEAM кабинеттерімен жабдықталды. 2024 жылы қосымша 49 мектеп 50 жаңа модификация кабинетімен қамтамасыз етілмек. Қалған мектептер IT сыныптарымен, яғни интерактивті тақтан және 2-3 робототехника жиынтығымен жабдықталған.

- 2023 жылы күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 11 білім беру мекемесіне 10 мектеп және 1 балабақшаға 1 370,854 млн.теңге бөлінді, оның ішінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 603,4 млн. теңге 5 жобаға бөлінген. Жоспарланған 10 білім беру мекемесінде 9 мектеп пен 1 балабақшаға күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталды, - деп атап өтті спикер.

Ауылдық жерлерде 50 жаңа модификация кабинетін сатып алуға 500 млн. теңге қаражат бөлу жоспарланған. Сонымен қатар, оқушыларды тасымалдау үшін жалпы сомасы 100 млн. теңгеге 5 көлік құралын сатып алу қарастырылды.

- Өткен жылы жөндеу жұмыстарына жалпы сомасы 2 510,4 млн. теңгеге 166 мектепке 378 жоба бөлінді. Бүгінгі күні барлық жөндеу жұмыстары 100% аяқталды, - деді басқармасы басшысының орынбасары.

Облыстың білім беру ұйымдарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша тиісті жабдықтармен жарақтандыруға өткен жылға 905 млн. теңге бөлініп, биылғы жылға 72 млн теңге қарастырылған. Өңірде 309 мектеп және 49 мемлекеттік балабақша 100% бейнекамералармен жабдықталған.

- Сонымен қатар, балабақшалар 100% дабыл түймелерімен, турникеттермен жабдықталған және лицензияланған күзетпен қамтамасыз етілген. Қазіргі уақытта мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын интерком жүйесіне көшіру жұмыстары басталды. Облыстың мектептері, сондай - ақ колледждері мен қосымша білім беру ұйымдары да 100% камералармен қамтамасыз етілген, - деді Абай облысы білім басқармасының бас маманы Айдос Социалов .