Педагогтерге арналған «Жасанды интеллект – мұғалімнің көмекшісі ретінде» атты ақпараттық кездесу өтті

Педагогтерге арналған «Жасанды интеллект – мұғалімнің көмекшісі ретінде» атты ақпараттық кездесу өтті
Абай облысында педагогтердің цифрлық құзыреттілігін арттыру мақсатында «AMANAT» партиясының Абай облыстық филиалы, Абай облысының білім басқармасы және «Daryn Ustaz» орталығы бірлесіп, «Жасанды интеллект – мұғалімнің көмекшісі ретінде» атты ақпараттық кездесу өткізді.
 
Іс-шара Семей қаржы-экономикалық колледжінің конференц-залында ұйымдастырылып, оған облыстық және қалалық білім беру ұйымдарының басшылары, әдістемелік орталық мамандары, педагогтер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
 
Кездесудің басты мақсаты – мұғалімдерге арналған тегін онлайн курсты таныстыру, жасанды интеллект құралдарын білім беру үдерісінде тиімді қолдану жолдарын көрсету және педагогтердің цифрлық сауаттылығын дамыту болды.
 
«Daryn Ustaz» орталығының өкілдері курс мазмұны мен артықшылықтарын таныстырып, оның практикалық маңыздылығына тоқталды. Аталған курсқа қатысушылар:
•сабақ жоспарларын, тестілер мен талдауларды, БЖБ/ТЖБ құжаттарын жасанды интеллект көмегімен автоматтандыруды үйренеді;
•икемді оқу уақытының арқасында жұмыспен қатар білім алуға мүмкіндік алады;
•үздік жобаларын ұсынып, Астанада өтетін ПедХакатонға жолдама алу мүмкіндігіне ие болады;
•ал Хакатон жеңімпаздарының арасынан іріктелген 20 педагог Оңтүстік Корея мемлекетінде тағылымдамадан өтеді.
 
Курс нәтижесінде қатысушыларға 80 академиялық сағаттық ресми сертификат табысталады. Бұл сертификат аттестация кезінде жарамды және «ҰСТАЗ» — Педагогтің үздіксіз кәсіби дамуының ұлттық платформасына енгізіледі.
 
Облыстық білім басқармасы мен әдістемелік орталықтар педагогтердің кәсіби өсуін, цифрлық сауаттылығын және инновациялық технологияларды меңгеруін одан әрі қолдауды жалғастырады.