«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ (бұдан әрі – БЖЗҚ, Қор) өз салымшыларын қолдау мен ақпараттандыруға бағытталған қызметтердің кең ауқымын ұсынуды белсенді түрде жалғастыруда. 2025 жылдың 1 қаңтары мен 31 наурызы аралығында халыққа шамамен 16,5 млн қызмет көрсетілді. Жыл басынан бері көрсетілген қызметтердің жалпы санының 7 млн-нан астамы электрондық форматта, 9 млн-нан астамы автоматты түрде жүргізілді. Осылайша, автоматты, электрондық және қашықтықтан көрсетілген қызметтердің үлесі жалпы санның 98,4%-ын құрады. Қор қызметкерлері салымшыларға жүзбе-жүз 262,7 мыңға жуық қызмет көрсетіліп, оның ішінде 255 мыңнан астамы тікелей Қордың кеңселерінде жүзеге асырылды.
Естеріңізге сала кетейік, барлық зейнетақы шоттары БЖЗҚ-ға бірінші жарна түскен кезде автоматты түрде ашылады. Сондай-ақ, "Ұлттық қор — балаларға" бағдарламасының қатысушыларына нысаналы талаптар мен нысаналы жинақтар да автоматты түрде есептеледі.
Есепті кезең ішінде шартты зейнетақы шоттарын (жұмыс берушінің ЖМЗЖ аударуы нәтижесінде ашылатын ШЗШ) және нысаналы жинақтау шоттарын ("Ұлттық қор — балаларға" бағдарламасы аясында ашылатын НЖШ) қоса алғанда, зейнетақы жарналарының барлық түрлері бойынша автоматты режимде ашылған жеке зейнетақы шоттарының (ЖЗШ) жалпы саны 627,6 мыңға жетті.
Жеке зейнетақы шотынан, шартты зейнетақы шотынан (ШЗШ), сондай-ақ нысаналы жинақтау шотынан (НЖШ) үзінді көшірме алу бұрынғысынша ең танымал қызмет санатында. Жыл басынан бері ЖЗШ, ШЗШ, НЖШ-дан шамамен 7,7 млн үзінді көшірме берілді. Оның 6,4 млн астамы - электрондық, ал 1,1 млн астамы автоматты түрде рәсімделді. Шоттың жай-күйіне қатысты ақпаратты жеке кабинет арқылы алу – зейнетақы жинақтарыңызды қадағалаудың ең ыңғайлы, сенімді және жедел тәсілі. Қызмет тәулік бойы (24/7) онлайн режимде жұмыс істейді, бұл ақпаратты кез келген уақытта және әлемнің кез келген нүктесінен алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, зейнетақы шоттары туралы ақпаратты тек БЖЗҚ сайты арқылы ғана емес, сонымен бірге egov.kz электрондық үкімет порталы немесе оның мобильді қосымшасы арқылы да алуға болады. Бұл мемлекеттік қызметтерді бірыңғай платформалар арқылы алуға дағдыланған азаматтар үшін қосымша қолайлылық туғызады.
Салымшылардың (алушылардың) Қор сайтындағы және ұялы қосымшасындағы Жеке кабинеттен үзінді көшірме алудан басқа өз деректемелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу, шотының бар екендігі туралы анықтама алу, 1 немесе 2 топтағы мүгедектіктің мерзімсіз уақытқа белгіленуіне байланысты немесе ерікті зейнетақы жарналары бойынша зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініш беру сияқты қызметтерді пайдалануға мүмкіндіктері бар. Сондай-ақ, зейнетақы жарналарын төлеу туралы өтініштің мәртебесін қадағалау, инвестициялық портфельді басқарушыға (ИПБ) жинақтардың бір бөлігін аудару, зейнетақы калькуляторының көмегімен болашақ зейнетақыны болжамды есептеу және т.б. қызметтер әлемнің кез-келген нүктесінде 24/7 режимінде қолжетімді.
2025 жылдың қаңтар-наурыз айларында деректемелерді өзгертуге 38,4 мыңнан астам өтініш қабылданып, оның 35,5 мыңы Қордың кеңселерінде ұсынылды.
БЖЗҚ мамандарына қандай да бір қызмет түрі бойынша жүгіне отырып, салымшылар, әдетте, жинақтарды қалыптастыруға қатысты қосымша кеңестер ала алады. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары аясында 10,2 мың көшпелі таныстырылым өткізіліп, оған шамамен 212 мың адам қатысты. Бұқаралық ақпарат құралдарында БЖЗҚ хабарламалары бойынша 11,2 мыңнан астам материал жарияланды.
Салымшылар мен алушылардың кері байланыс арналары бойынша түскен өтініштерінің саны шамамен 165,8 мың.
Естеріңізге сала кетейік, кез келген компания Қор кеңсесіне барып жинақтаушы зейнетақы жүйесінің мәселелері бойынша таныстырылым мен кеңестер өткізуге өтінім бере алады. Ол үшін 1418 нөмірі бойынша байланыс орталығына қоңырау шалып, Қор сайты немесе ұялы қосымшасы арқылы хабарласу қажет.
БЖЗҚ-ның кеңес беру қызметтерін мессенджерлер (+7 777 000 14 18 нөмірі бойынша WhatsАpp және Viber чат-боттары) арқылы, 1418 нөмірі бойынша байланыс орталығынан (Қазақстан бойынша қоңырау шалу тегін), enpf.kz корпоративтік сайтынан, сондай-ақ, Instagram, Facebook, ВКонтакте, X(Twitter), Telegram, Одноклассники сияқты әлеуметтік желілердегі БЖЗҚ-ның ресми парақшаларынан алуға болады.
БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, сондай-ақ "Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым аударған кепілдік берілген депозит бойынша кепілдік берілген өтемнің талап етілмеген сомасы есебінен қалыптастырылған ерікті зейнетақы жарналарын есепке алып, оның есебін жүргізеді, зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ Қор нысаналы активтер мен нысаналы талаптарды есепке алуды, нысаналы жинақтау шоттарына нысаналы жинақтарды (НЖ) есепке алу мен есептеуді, НЖ төлемдерін оларды алушының банк шоттарына есептеуді, "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен НЖ қайтарымдарын есепке алуды жүзеге асырады (толығырақ www.enpf.kz сайтында).