
24 қыркүйек күні аудандық мәслихаттың кезекті қырық алтыншы сессиясы өтті. Сессия жұмысына аудан әкімінің орынбасары, аудандық мекемелер мен ұйымдардың басшылары, ауылдық округтердің әкімдері, сондай-ақ «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының өкілдері мен аудан аумағындағы филиалдарының директорлары қатысты.
Сессия барысында күн тәртібіне енгізілген 19 мәселе қаралды. Атап айтқанда, «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының қызметі және халықты жылыту маусымына отынмен қамтамасыз ету тәртібі, жайылымдарды ұтымды әрі тиімді пайдалану және жемшөп дайындау қажеттілігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар, Бесқарағай ауданының 2026–2028 жылдарға арналған бюджетіне, әлеуметтік көмек көрсету қағидаларына, аудандық мәслихат аппаратының Ережесіне өзгерістер енгізу мәселелері қаралды. Учаскелік және округтік сайлау комиссияларының құрамдарына өзгерістер енгізу, ауданның басқару схемасын бекіту, сондай-ақ құқық бұзушылықтың алдын алу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, терроризмге қарсы іс-қимыл, кәмелетке толмағандардың істері мен олардың құқықтарын қорғау және бюджеттік комиссиялардың дербес құрамдарына өзгерістер енгізу жөніндегі мәселелер де күн тәртібінде болды.
Күн тәртібіндегі барлық мәселелер депутаттардың қатысуымен қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.