
Ұлттық домбыра күні қарсаңында Бесқарағай аудандық орталық кітапханасы ұлттық өнерді дәріптеуге бағытталған «Домбыра – асыл мұра» атты Open Air форматындағы танымдық квест ұйымдастырды.
Іс-шараның басты мақсаты – жас ұрпақтың ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттыру, қазақ халқының қасиетті музыкалық аспабы – домбыраның тарихын, рухани-мәдени мұрадағы орнын кеңінен насихаттау болды.
Квест барысында қатысушылар домбыраның шығу тарихы, оның қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі мен мәдениетіндегі ерекше орны туралы тың мәліметтермен танысты. Сонымен қатар, кітапхана қызметкерлері ұйымдастырған кітап көрмесіне қазақ күй өнерінің көрнекті тұлғалары – Құрманғазы, Тәттімбет, Дина Нұрпейісова, Әміре Қашаубаев және өзге де өнер саңлақтарының өмірі мен шығармашылығына арналған әдебиеттер қойылып, оқырмандарға мазмұнды библиографиялық шолу ұсынылды.
Танымдық квест аясында қатысушылар домбыра тарихы мен қазақтың күй өнеріне қатысты викториналық сұрақтарға жауап беріп, өз білімдерін сынады. Ұлттық өнерге деген қызығушылық пен танымдық белсенділік шараның өн бойынан айқын байқалды.
Мерекелік шараның көркін жас өнерпаз Есенғалиев Артур Арслановичтің орындауындағы күйлер аша түсті. Оның шебер орындауындағы әсем әуендер көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, ұлттық өнердің қадір-қасиеті мен өміршеңдігін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Шара соңында квест тапсырмаларын белсенді орындап, ерекше белсенділік танытқан қатысушылар тәтті сыйлықтармен марапатталды.
Осындай тағылымды іс-шаралар ұлттық мұраны ұлықтап, өскелең ұрпақтың туған халқының тарихы мен өнеріне деген сүйіспеншілігін арттыруға, ұлттық рухты нығайтуға зор ықпал етеді.
Бесқарағай аудандық орталық кітапханасының баспасөз қызметі