Аммиак (NH₃) — өткір, тұншықтыратын иісі бар түссіз газ. Ол нашатыр спиртіне ұқсас иіс береді. Аммиак өнеркәсіпте, тоңазытқыш жүйелерінде, тыңайтқыш өндірісінде және кейбір тазартқыш құралдарда кеңінен қолданылады. Апат кезінде аммиак ауаға тез таралып, адам денсаулығына өте қауіпті болады. Аммиактың қауіптілігі — ол көздің, мұрынның, тамақтың және тыныс алу жолдарының шырышты қабаттарын қатты тітіркендіреді. Жоғары концентрацияда химиялық күйік, тыныс жолдарының ісінуі және тыныс алудың бұзылуын тудыруы мүмкін.
Аммиакпен уланудың негізгі белгілері: мұрын, тамақ және көзді қатты ашыту, күйдіру сезімі көзден жас ағу құрғақ, ауыр жөтел ауа жетіспеу сезімі бас айналу, әлсіздік кеудеде ауырсыну немесе қысылу ауыр жағдайда — шырышты қабаттардың күйігі және есінен тану
Аммиакпен уланғанда көрсетілетін алғашқы көмек:
- Қауіпті аймақтан дереу шығу. Ең маңызды әрекет — тез арада газ тараған аймақтан кету. Аммиак ауадан жеңіл, сондықтан жоғары көтеріледі. Мүмкін болса, жер бедерінің төмен жағына немесе жел бағытына қарсы бағытқа қозғалыңыз. Неғұрлым тез шықсаңыз, соғұрлым ағзаға зияны азаяды.
- Тыныс алу мүшелерін қорғау. Арнайы қорғаныс болмаса (газтұмылдырық), кез келген матаны сулап пайдаланыңыз. Су аммиак буларын ішінара ұстап, тітіркенуді азайтады. Бұл толық қорғаныс емес, бірақ әсерін төмендетеді.
- Ластанған киімді шешу. Киім аммиакты сіңіріп алып, әрі қарай да әсер етуі мүмкін. Киімді абайлап, шайқамай шешу керек. Оны герметикалық пакетке салған дұрыс.
- Тері мен көзді жуу. Зақымданған жерлерді таза сумен кемінде 15–20 минут бойы жуу қажет. Көзді жуған кезде қабақты кең ашып тұру керек.
- Тыныштық және таза ауа қамтамасыз ету. Зардап шеккен адамды таза ауаға шығарып, отырғызу немесе жатқызу керек. Физикалық қозғалыс жағдайды нашарлатуы мүмкін.
- Міндетті түрде медициналық көмекке жүгіну. Жағдай жақсарса да, 103 немесе 112 нөміріне қоңырау шалу қажет. Аммиак тыныс алу жүйесіне кешігіп әсер етуі мүмкін.
Маңызды: Белгілер жеңіл көрінсе де, зақым бірнеше сағат ішінде күшеюі мүмкін. Мұндай жағдайда өздігінен емделу қауіпті.
Бесқарағай ауданының ТЖБ