Бесқарағайда Көрісу күні кеңінен аталып өтті

Бесқарағайда Көрісу күні кеңінен аталып өтті

Бесқарағай ауданында Көрісу күні кең көлемде мерекеленіп, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін тағылымды іс-шаралар ұйымдастырылды. Бұл күн – ата-бабадан мирас болып қалған асыл дәстүрдің жалғасы, Наурыз мерекесінің бастауы, өткенге құрмет пен бүгінге тағзым, болашаққа деген үміттің нышаны.

Айтулы мерекеге орай ауданда «Бір жасыңмен» атты жоба жүзеге асырылды. Жоба аясында ауылдық округтердің тұрғындары бір-біріне арнайы барып, көрісу дәстүрін жаңғыртып, ақжарма тілектерін арнады. Бұл игі бастама ауылдар арасындағы ынтымақ пен бірлікті нығайтуға ерекше серпін берді.

Мерекелік шара барысында ұлттық әндер шырқалып, шашу шашылды, түрлі ұлттық спорт ойындары ұйымдастырылды. Қазақы салт-дәстүрлер дәріптеліп, үлкендерге құрмет көрсетіліп, жастарға өнегелі тәрбие берілді. Ауыл тұрғындары бір-бірімен қауышып, ақ баталарын алып, татулық пен берекенің мәнін терең сезінді.

Осындай тағылымы мол іс-шаралар арқылы ұлттық дәстүрлеріміз жаңғырып, ұрпақтар сабақтастығы нығая түсуде. Көрісу күні – ел ішіндегі сыйластық пен ізеттіліктің, татулық пен ынтымақтың жарқын көрінісі ретінде өз мәнін айқындай түсті.

 

Бесқарағай аудандық орталық кітапханасының баспасөз қызметі