Семей қаласының тұрғындары құжаттарды постоматтар арқылы алуға барған сайын белсенді болуда

Семей қаласының тұрғындары құжаттарды постоматтар арқылы алуға барған сайын белсенді болуда

Халыққа қызмет көрсету орталықтарында мемлекеттік қызметтерді алу қолжетімділігі мен ыңғайлылығын арттыруға бағытталған заманауи цифрлық шешімдерді енгізу жұмыстары жалғасуда. Осындай шешімдердің бірі — дайын құжаттарды беруге арналған постомат, ол азаматтарға құжаттарын өздеріне қолайлы уақытта алуға мүмкіндік береді.

Аталған сервистің танымалдығы жыл сайын артып келеді. Мәселен, 2024 жылы Семей қаласының тұрғындары постомат арқылы 85 құжат алған болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 11 еседен астам өсіп, 946 құжатты құрады. Бұл деректер аталған цифрлық шешімнің сұранысқа ие әрі тиімді екенін айқын көрсетеді.

Абай облысында қазіргі уақытта бір постомат жұмыс істейді. Ол Семей қаласында, 408-квартал, 21-үй мекенжайында орналасқан. Құрылғы тәулік бойы (24/7) жұмыс істейді және қала тұрғындарына ХҚКО-ның жұмыс кестесіне тәуелді болмай, құжаттарын алуға мүмкіндік береді.

Постомат арқылы құжат алу үшін фронт-офисте өтініш беру кезінде маманға құжаттарды осы тәсілмен алуды таңдағаныңыз туралы хабарлау қажет. Құжаттар постоматқа орналастырылғаннан кейін өтініш берушінің ұялы телефонына өтінім нөмірі, алты таңбалы қолжетімділік коды, сақтау мерзімі және құрылғының мекенжайы көрсетілген SMS-хабарлама жолданады.

Құжаттарды алу үшін постомат экранында алынған кодты енгізіп, биометриялық сәйкестендіруден өту жеткілікті. Жеке басы расталғаннан кейін дайын құжат сақталған дербес ұяшық автоматты түрде ашылады.

Постомат арқылы азаматтық хал актілерін тіркеу туралы қайталама куәліктер мен архивтік анықтамаларды беру, жылжымайтын мүлікке құқық белгілейтін құжаттардың көшірмелері, барлық деңгейдегі білім туралы құжаттар, ресми құжаттарға апостиль қою нәтижелері, сондай-ақ міндетті мемлекеттік тіркеуге жатпайтын қозғалмалы мүлік кепілін тіркеу сияқты сұранысқа ие 19 мемлекеттік қызмет қолжетімді.

Пайдаланушылар санының артуы постоматтардың Семей қаласы тұрғындары үшін мемлекеттік қызметтерді алудың ыңғайлы әрі тиімді құралына айналып келе жатқанын растайды.