Кітапханашылар күні – руханият пен парасат мерекесі

Кітапханашылар күні – руханият пен парасат мерекесі

Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов «Кітап – әр адамның өмірлік досы» деп бекер айтпаған. Себебі кітап – адамды ізгілікке, парасаттылыққа жетелейтін мәңгілік рухани қазына. Ал сол қазынаны оқырманға жеткізіп, ұлттық құндылық пен руханиятты байланыстырып жүрген жандар – кітапханашылар.

Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында Орталық кітапхананың ұйымдастыруымен Қарағайлы ауылдық клубында Кітапханашылар күні кәсіби мерекесіне арналған салтанатты іс-шара өтті.

Мерекелік жиынға аудан әкімінің орынбасары Нұржан Оразбекұлы Ағыбаев қатысып, кітапхана ісінің дамуына сүбелі үлес қосқан ардагерлер мен үздік кітапханашыларға аудан әкімінің Алғыс хаттарын табыстады. Өз сөзінде ол кітапханашылардың қоғамдағы рөлі мен еңбегін жоғары бағалап, рухани саланың дамуы жолындағы адал қызметтеріне ризашылығын білдірді.

Іс-шара аясында заман талабына сай өзекті тақырыпты қамтыған «Цифрлы экожүйе және жасанды интеллект: кітапхананың жаңа миссиясы» атты дөңгелек үстел өтті. Онда кітапхана саласын цифрландыру, жасанды интеллектті тиімді пайдалану және заманауи оқырманмен жаңа форматта жұмыс істеу мәселелері талқыланды.

Сонымен қатар «Жасанды интеллект пен Абай даналығы: рухани мұраны сақтаудағы жаңа тәсілдер» атты көрме ұйымдастырылып, келушілерге Абай мұрасы мен заманауи технологияның үйлесімді тұстары таныстырылды.

Мереке аудандық Мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Кітапханашылар күні – руханияттың шамшырағын жағып жүрген жандардың еңбегін дәріптейтін, рухани байлыққа құрмет көрсететін ерекше мереке ретінде есте қалды.

 

Бесқарағай ауданы әкімінің баспасөз қызметі.

@besqaragaiaqparat