КІТАП time – 2025

КІТАП time – 2025

Бесқарағай аудандық орталық кітапханасында «КІТАП time – 2025» республикалық кітап фестивалі аясында мазмұнды әрі әсерлі «Кітаптық думан» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.

Шараның салтанатты ашылуында Бесқарағай ауданының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің бас маманы Есимбекова Қырмызы Болатқызы сөз сөйлеп, қатысушыларды мерекемен құттықтап, осындай рухани шаралардың маңызын атап өтті.

Іс-шара кітап пен өнердің, білім мен шығармашылықтың тоғысқан алаңына айналып, шараға ауданның әр түрлі мемлекеттік мекемелерінің жас мамандары  мен белсенді оқырмандар қауымы қатысты.

Фестиваль шымылдығын жүргізуші кітапқа деген құрметті, оның даналық пен рухани байлықтың бастауы екенін әсерлі сөздермен ашты. Мерекенің көркін Жадыра Ереханқызының орындауындағы заманауи ән ашып, іс- шараға ерекше серпін берді.

Мерекелік шара бес негізгі бөлімнен құрылып, қатысушылардың білімін, тапқырлығын, шығармашылығын сынға салды:

  • «Мақалды тап!» кезеңінде қатысушылар қазақтың даналыққа толы мақал-мәтелдерін жалғастырып, ой жүйріктігін көрсетті;
  • «Сұрақ-жауап» бөлімінде Абай, Мұхтар Әуезов, Ахмет Байтұрсынұлы сынды ұлы тұлғалар туралы сұрақтарға жауап берілді;
  • «Кім жылдам?» ойынында берілген сөзге байланысты кітап атауы, автор есімі немесе мақал айту арқылы тапқырлық танытылды;
  • «Кітаптан үзінді – кім автор?» сайысында танымал әдеби шығармалардан үзінді оқылып, олардың авторын табу міндеті жүктелді.

Іс-шараның ерекше бөлімі – шығармашылық сурет салу сайысы болды. «Кітап деген не?» деген сұраққа қатысушылар өз ойларын бейнелі түрде қағаз бетіне түсірді. Бұл кезең – қатысушылардың  қиялын ұштап, кітапқа деген көзқарасын өнер тілімен жеткізуге мүмкіндік берді.

Сурет салып болған соң, қатысушылар өз жұмыстарын қысқаша таныстырып, көрермендер дауыс беру арқылы ең үздік туындыны анықтады.

Шара соңында барлық белсенді қатысушыларға арнайы сыйлықтар мен мадақтамалар табысталып, жүргізуші кітаптың – білім мен мәдениеттің қайнар көзі, жүрек пен ақылдың сырласы екенін ерекше атап өтті:

«Кітап – тек ақылдың ғана емес, жүректің де серігі. Бүгінгі шарада кітап сөз болды, ән болды, би болды – көңілдің сәні болды! Кітап оқыңдар, ағайын, біліммен болсын әрдайым!» – деген жүрекжарды тілектермен шара түйінделді.

«КІТАП time– 2025» жобасы – жастарды кітап оқуға баулитын, олардың ой-өрісін кеңейтіп, шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталған маңызды мәдени бастама ретінде жоғары бағаланды.

 

 

Бесқарағай аудандық орталық кітапханасының бспасөз қызметі