Қарағайлы ауылдық кітапханасында қазақтың ұлы ақыны, ойшыл тұлғасы Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған «Абай дара, Абай дана – қазақта» атты әдеби-сазды кеш ұйымдастырылды. Бұл кештің мақсаты – ұлы ақынның мол мұрасын дәріптеу, өскелең ұрпаққа оның рухани дүниесін кеңінен таныстыру, жастарды Абай шығармалары арқылы адамгершілікке, білімге, өнерге баулу. Шара барысында кітапханада арнайы «Абай әлемі» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, оқырмандар назарына Абайдың өмірі мен шығармашылығына арналған еңбектер ұсынылды.Кешке мектеп оқушылары мен ауыл тұрғындары қатысып, Абайдың «Интернатта оқып жүр», «Ғылым таппай мақтанба» сияқты терең мағыналы өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Сонымен қатар, Абайдың музыкалық мұрасынан «Көзімнің қарасы» және «Желсіз түнде жарық ай» атты әндері орындалды. Шараға қатысушылар күйлер орындап, кештің мазмұнын байыта түсті.Кеш соңында барлық қатысушылар бірге «Айттым сәлем, Қаламқас» әнін хормен орындап, Абай рухына деген құрметтерін білдірді.
Бесқарағай аудандық орталық кітапханасының баспасөз қызметі.