
Мемлекеттік қызметкерлер күні — мемлекеттік қызметте еңбек ететін мамандардың қоғам мен мемлекет алдындағы еңбегін құрметтеуге арналған кәсіби мереке. Қазақстанда бұл мереке жыл сайын 23 маусымда атап өтіледі. Ол мемлекеттік қызметтің беделін арттыруға, қызметкерлердің жауапкершілігі мен кәсібилігін насихаттауға бағытталған.
Бұл күннің мақсаты — азаматтарға сапалы қызмет көрсетіп, мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға үлес қосып жүрген қызметкерлердің еңбегін бағалау. Мемлекеттік қызметкерлер заңдардың орындалуын қамтамасыз етеді, мемлекеттік бағдарламаларды іске асырады және халық пен мемлекет арасындағы байланысты нығайтады.
Қазақстанда мемлекеттік қызмет жүйесі ашықтық, адалдық және тиімділік қағидаттарына негізделген. Сондықтан мемлекеттік қызметкерлерден жоғары кәсіби біліктілікпен қатар, әдеп нормаларын сақтау, әділдік пен жауапкершілік таныту талап етіледі.
23 маусым күні Аягөз аудандық «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» мәдениет сарайында Мемлекеттік қызметкерлер күніне орай ұйымдастырылған салтанатты жиын болып өтті. Жиынға Аудан әкімінің міндетін атқарушы Нұғымаров Айбол Серікболұлы бастаған мемлекеттік қызметкерлер қатысып, аудан өнерпаздарының мерекелік бағдарламасын тамашалады. Мемлекеттік қызметкерлер күні қарсаңында түрлі салаларда үздік нәтижелер көрсеткен мамандар марапатталып, алғыс хаттар мен құрмет грамоталары табысталады. Бұл мереке мемлекеттік қызметтің қоғамдағы маңызын айқындап, елдің дамуына үлес қосып жүрген азаматтардың еңбегіне құрмет білдіруге мүмкіндік береді.