Қоғам дертіне қарсы - мәдениетті қалыптастыру маңызды

Қоғам дертіне қарсы - мәдениетті қалыптастыру маңызды

Сыбайлас жемқорлық – мемлекет дамуына тікелей қауіп төндіретін, қоғамдық қатынастарды ірітіп-шірітетін аса қауіпті құбылыс. Алма ағашының өзегіне түскен құрт оның жемісін құртатыны сияқты, жемқорлық та елдің экономикалық-әлеуметтік ілгерілеуіне, жаңа бастамалардың жүзеге асуына айтарлықтай кедергі келтіреді. Сондықтан бұл мәселе бүгінде бүкіл қоғамды алаңдататын өзекті дертке айналып отыр.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2015–2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегия қабылданды. Аталған құжатта алғаш рет сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру міндеті негізгі бағыттардың бірі ретінде айқындалды. Бұл – қоғамда заңдылықты, адалдықты, әділдікті дәріптейтін ой-сана қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам.

Сыбайлас жемқорлыққа бару – болашаққа балта шабумен, мемлекетке жасалған опасыздықпен пара-пар әрекет. Жемқорлық орын алған жерде ұлттық қауіпсіздікке қатер төнеді, экономикалық даму тежеледі, қоғамдық сенім әлсірейді. Сондықтан Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының бірі – бұл індетпен бүкіл қоғам болып күресу.

Аудан көлемінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті нығайту мақсатында мемлекеттік мекемелер мен түрлі меншіктік ұйымдарда ақпараттық жиындар, дөңгелек үстелдер, пікірталас алаңдары жүйелі түрде өткізіліп келеді.
«Аягөз жаңалықтары» және «Мөлдір сана» газеттері тұрақты түрде тақырыптық мақалалар жариялап, қоғамда адалдық идеологиясын қалыптастыруға үлес қосуда. Бұл жариялымдар тұрғындардың заңды және заңсыз әрекеттердің ара-жігін ажыратуына, құқықтық сауаттылықты арттыруға ықпал етуде.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті. Біздің әрқайсымыздың белсенді азаматтық ұстанымымыз, заңға құрметіміз, әділдікке деген талпынысымыз қоғамдағы жағымсыз құбылыстарды азайтуға жол ашады. Бұл – құқықтық мемлекет құруға, заңның үстемдігін нығайтуға, қоғамдық тұрақтылықты сақтауға және елдің қауіпсіз дамуына негіз болады.

 

 

 

 

Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңында жемқорлықтың нақты анықтамасы берілген. Осы заң талаптарына сәйкес соңғы жылдары мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа көшіру кеңінен жолға қойылды. «Ашық әкімдік», «Адалдық алаңы» сияқты жобалар да халық пен мемлекеттік қызметшілер арасындағы тікелей байланысты қысқартып, жемқорлық тәуекелдерін азайтуға бағытталған. Электрондық қызметтер көрсету тәжірибесі сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуде тиімділігін көрсетіп отыр.

2015–2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның негізгі бағыттары мыналарды қамтиды:

  • мемлекеттік қызмет саласындағы жемқорлыққа қарсы іс-қимыл;
  • қоғамдық бақылау тетіктерін енгізу;
  • квазимемлекеттік және жекеменшік сектордағы алдын алу шаралары;
  • сот және құқық қорғау органдарындағы жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу;
  • сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру;
  • халықаралық ынтымақтастықты дамыту.

Қорытындылай келе, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Сыбайлас жемқорлық – қоғамды іштен ірететін қауіпті дерт. Онымен күресті тоқтатпау – біздің ортақ міндетіміз» деп атап өткендей, бұл бағыттағы жұмыс үздіксіз жүргізілуі тиіс. Жемқорлықты жеңу – тек мемлекеттік органдардың емес, барша азаматтың жауапкершілігі. Әркім өз орнында адалдықты ту етсе ғана қоғамда әділдік салтанат құрып, еліміздің қауіпсіздігі мен тұрақты дамуы қамтамасыз етіледі.

 

Аягөз ауданы әкімінің міндетін атқарушы А.Нұғымаров