Аягөз қаласының 10 көшесіне асфальт төселді

Аягөз қаласының 10 көшесіне асфальт төселді

Аягөз қаласында 10 көшеге асфальт төселіп, жолдардың сапасын арттыруға басымдық берілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында аудан әкімінің міндетін атқарушы Айбек Нұғымаров толығырақ баяндады.

- Биыл аудан бойынша жол инфрақұрылымын жақсартуға 2 млрд теңгеден астам қаражат бөлініп, 40 шақырым жол жөндеу жұмыстары іске асырылуда. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Айғыз, Ақшатау, Баршатас және Тарбағатай ауылдарының көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар, облыстық бюджет есебінен Акшаулі–Мыңбұлақ–Нарын–Шыңғожа автомобиль жолының 15 шақырымдық учаскесінде орташа жөндеу жүргізілуде. Бұдан бөлек, Ақтоғай–Перещеек бағытындағы 10 шақырымдық жолға ағымдағы шұңқырлы жөндеу жұмыстары атқарылып, Ақтоғай кентінде 2 мың текше метр шұңқыр қалпына келтірілді, - деді спикер.

Айбек Нұғымаров Аягөз қаласының ішінде де ауқымды жұмыстар атқарылғанын атап өтті. Қаладағы 10 көшеге асфальт төселіп, жолдардың сапасын арттыруға басымдық берілді. Сонымен бірге, ішкі жолдарды тегістеу, шұңқырларды бітеу, жолақтарды сызу, жол белгілерін орнату және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған бағдаршам қою жұмыстары толық орындалды.

- Жылдың аяқталуына 1 ай қалуын және жергілікті бюджеттің мүмкіндігін ескере отырып, қосымша жобалар жоспарға енгізілді. Атап айтқанда, Тарлаулы ауылындағы ұзындығы 3,6 шақырымды құрайтын Н.Құнанбаев, Қ.Ахметов, Д.Жантасов, Ж.Қожағапанов және Н.Ибрайұлы көшелерін орташа жөндеуден өткізу үшін мемлекеттік сатып алу рәсімдері басталған. Сондай-ақ, Қосағаш ауылындағы 3,1 шақырымдық Н.Әубәкіров, Шақантай Батыр, Р.Тлеуберлин, Т.Тілеуханов және Дос Әулие көшелерін орташа жөндеуге қаражат бөлініп, тиісті дайындық жұмыстары жүргізілуде, - деп атап өтті аудан әкімінің міндетін атқарушы.