Мағауия Оразбековті еске алуға арналған қазақ күресінен облыстық ашық турнир өтті
27-29 наурыз күндері қазақ күресінен Қазақстанның екі мәрте түйе палуаны Мағауия Тайтөлеуұлы Оразбековті еске алуға арналған 2008-2009 жылы туған жасөспірімдер арасындағы облыстық ашық турнир өтті. Дүбірлі додаға барлығы 121 спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтады.
Турнирдің ашылу салтанатында Абай ауданы әкімінің орынбасары Ерболат Сәлімұлы аудан басшысының құттықтауын жеткізіп, жас балуандарға сәттілік тіледі. Сондай-ақ, ҚР Құрметті спорт қайраткері, Абай ауданының құрметті азаматы Бейсен Абдрахманұлы Төлеубаев және Мағауия Оразбековтің жары Клара анамыз сөз сөйлеп, турнир қатысушыларына ізгі лебіздерін арнады.
Жарыстың құрметті қонағы, еркін күрестен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Төлеген Дүйсенбаев жас палуандарға ақ батасын беріп, олардың болашақта үлкен жетістіктерге жетуіне тілектестігін білдірді.
Жарыс қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен спортшылар арнайы Алғыс хаттармен және медальдармен марапатталды.
Бұл турнир жас палуандардың шеберлігін шыңдап, қазақ күресінің дамуына үлес қосатын маңызды жарыстардың бірі болды.