
Әлеуметтік Кодекс 2023 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді (ҚР Әлеуметтік кодексінің 263-бабы) және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға, сондай-ақ жүйені алдын алу шараларына және әлеуметтік тәуекелдердің алдын алуға қайта бағдарлауға бағытталған.
Қазақстан Республикасының әлеуметтік кодексін бірінші бірыңғай әлеуметтік құжат деп атауға болады. Кодексте әлеуметтік қолдаудың барлық жағдайлары қарастырылған, мысалы:
* балалары бар адамдарды (отбасыларды) әлеуметтік қолдау;
* халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары;
* кедейлік шегінен төмен тұратын отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек;
* арнайы әлеуметтік қызметтер;
* мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау;
* зейнетақымен қамсыздандыру;
* азаматтардың жекелеген санаттарын, оның ішінде асыраушысынан айырылғандарды әлеуметтік қолдау.
Әлеуметтік кодекс бюджеттен де, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан да бүгінгі күні бар барлық әлеуметтік кепілдіктер мен әлеуметтік қолдау нысандарының сақталуын қамтамасыз етуге арналған.
Құжатта 4 жаңалық жазылған:
* мемлекеттік қолдау салдарын жоюға емес, өмірлік қиын жағдайлардың алдын алуға көбірек бағытталатын болады;
* әлеуметтік қызмет көрсетудің бүгінгі қолданылып жүрген өтініш формасынан оларды ұсынудың анықтау нысаны мен проактивті форматына көшуді қамтамасыз ететін әлеуметтік саланы цифрландыруды тереңдету;
* азаматтарды әлеуметтік қамтамасыз ету үшін жауапкершілік тек мемлекетке ғана емес, жұмыс берушілер мен азаматтардың өздеріне де жүктелетін болады;
* әлеуметтік сақтандыру жүйесін дамыту жөніндегі шаралар нәтижелі және ресми жұмыспен қамтуды ынталандыруға бағытталатын болады.
Әлеуметтік кодекс күшіне енгеннен кейін 10 Заңның күші жойылды:
1)"Қазақстан Республикасында мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша Мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар туралы" 1997 жылғы 16 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңы;
2) "Қазақстан Республикасындағы арнаулы мемлекеттік жәрдемақы туралы" 1999 жылғы 5 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы;
3) "Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы" 2001 жылғы 17 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы;
4) "Қазақстан Республикасында мүгедек адамдарды әлеуметтік қорғау туралы" 2005 жылғы 13 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы;
5) "Балалары бар отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы" 2005 жылғы 28 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңы;
6) "Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы" 2008 жылғы 29 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы;
7) "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" 2013 жылғы 21 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңы;
8)"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2015 жылғы 2 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңы;
9)"Халықты жұмыспен қамту туралы" 2016 жылғы 6 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы;
10) "Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы"2019 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы.