Аудан әкімі Қызылкесік ауылдық округінде есепті кездесу жиналысы өтті

Аудан әкімі Қызылкесік ауылдық округінде есепті кездесу жиналысы өтті

Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» 2022 жылғы, 7-наурыздағы Қаулысына сәйкес, аудан әкімі Асхат Сайдахметұлының тұрғындармен есепті кездесу жиыны Қызылкесік ауылдық округінен басталды.
Алдымен ауылдық округ әкімі Ө.Мазенов есеп беріп, атқарылған жұмыстарға тоқталды. Айтуынша, бірқатар жоспарлы жұмыстар іске асырылды. «Ауыл аманаты» жобасымен кәсібін жандандыру бағытында 2 азаматқа 5 млн. теңге көлемінде несие берілді. Ауылдың Шал қажы мөлтек ауданындағы 1,5 шақырым көшеге жарық шамдар орнатылып, іске қосылған. Ауылдың санитарлық тазалығы үшін жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, мал өлекселерінің бей-берекет шашылып жатпауын қамту негізінде ауыл шетінен мал моласы (скотомогильник) салынуда. Аудандық бюджеттен бөлінген 10 млн. теңге қаражатқа шағын футбол алаңының құрылысы жүруде. Сонымен қатар, конкурс жеңімпазы анықталған соң, Қызылкесік мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Қосымша жаңадан музыкалық аппараттар әкелінеді. «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасымен Қызылкесік ауылының орталық 2,3 шақырым көше жолына асфальт төселді.
Ал, ауылдық округке қарасты Үштөбе ауылына кіреберістегі көпірге аудан бюджетінен қаржы бөлініп, толықтай қайта жаңғыртылды. Сондай-ақ, шағын футбол алаңының құрылысы аяқталды. Және де ауылдың ішінде ұзындығы 3 шақырымға бағандар орнатылды. Ендігіде оған электр желілері тартылып, жарықшамдар орнатылып іске қосылмақ. Бұған да аудан бюджетінен 9,5 млн. теңге қаржы бөлінді.
Ауыл әкімінің есебінен кейін Асхат Сайдахметұлы аудан бойынша атқарылған жұмыстарға, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге тоқталып, былтырғы жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда өсу қарқыны қамтамасыз етілгендігін атап өтті.
Былтырғы жылмен салыстырғанда бюджет қаражатынан тартылған инвестицияның өсу қарқыны 125 пайыз болса, жекеменшік қаражат есебінен тартылған инвестиция 3,3 есе өскен. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығын дамытуға 3,6 млрд теңге, туризм саласын дамытуға 1,5 млрд, тұрғын үй құрылысына – 1,6 млрд теңге жекеменшік инвестиция тартылған. Құрылыс жұмыстарының көлемі 5 млрд. 661 млн. теңгеге орындалып, былтырғы жылдың 9 айымен салыстырғанда 2 есеге өскен. Тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші 28 пайызға артып, 7338 шаршы метрді құраған. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының саны 12 пайызға артып, 2273 бірлікке жеткен.
Жиында тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берілді. Кейбір түйткілді мәселелер назарға алынып, шешу жолдарын қарастыру үшін хаттамаға түсірілді.