
Халыққа қызмет көрсету орталықтарында мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен қолайлылығын арттыруға бағытталған заманауи цифрлық шешімдерді енгізу жалғасуда. Осындай шешімдердің бірі дайын құжаттарды беруге арналған постомат болды, бұл оларды кез-келген ыңғайлы уақытта алуға мүмкіндік береді.
Қызметтің танымалдығы жыл сайын артып келеді. Мәселен, 2024 жылы постомат арқылы Семей тұрғындары 85 құжат алды, ал 2025 жылы бұл көрсеткіш 11 еседен астам ұлғайып, 946 құжатты құрады, бұл осы цифрлық шешімнің қажеттілігі мен тиімділігін айқын көрсетеді.
Абай облысында бүгінгі күні Семей қаласында орналасқан бір постомат жұмыс істейді, мекен-жайы: 408-квартал, 21-үй. Құрылғы тәулік бойы жұмыс істейді (24/7), қала тұрғындарына ХҚКО жұмыс кестесіне байланбай құжаттарды алу мүмкіндігін қамтамасыз етеді.
Құжаттарды постомат арқылы алу үшін фронт-офисте өтініш берген кезде маманға берудің осы әдісін таңдау туралы хабарлау қажет. Құжаттарды постоматта орналастырғаннан кейін өтініш берушіге өтінім нөмірі, алты таңбалы кіру коды, сақтау мерзімі және құрылғының мекенжайы көрсетілген SMS-хабарлама жіберіледі. Құжаттарды алу үшін алынған кодты постомат экранына енгізіп, биометриялық сәйкестендіруден өту жеткілікті. Жеке басын растағаннан кейін дайын құжаты бар жеке ұяшық автоматты түрде ашылады.
Постомат арқылы азаматтық хал актілерінің қайталама куәліктері мен мұрағаттық анықтамаларын, жылжымайтын мүлікке құқық белгілейтін құжаттардың телнұсқаларын, барлық деңгейдегі білімі туралы құжаттарды, сондай-ақ ресми құжаттарға апостиль қою және міндетті мемлекеттік тіркеуге жатпайтын жылжымалы мүлік кепілін тіркеу нәтижелерін беруді қоса алғанда, сұранысқа ие 19 мемлекеттік қызмет қолжетімді.
Пайдаланушылар санының өсуі постоматтардың Семей тұрғындары үшін мемлекеттік қызметтерді алудың ыңғайлы және сұранысқа ие құралына айналғанын растайды.