Ақсуат ауданындағы ауыл шаруашылығы: даму ерекшеліктері мен перспективалары

Ақсуат ауданындағы ауыл шаруашылығы: даму ерекшеліктері мен перспективалары

Облысымыздың Ақсуат ауданы жер, су, ауа райы ерекшеліктері, шалғынды аймақтарының топырақ құнарлығына орай мал шаруашылығының дамуы, оның өнімділігінің артуы мен мал тұқымдарының санын ұлғайтуына қолайлы. Сол себепті, Ақсуат ауданының ауыл шаруашылығының дамуының негізгі бағыты мал шаруашылығы деп санауымызға болады.

Ауыл шаруашылығы бойынша ауданда жалпы өндірген өнім көлемі (өндірілген ет, сүт, жұмыртқа) 2024 жылдың 9 айында 10 млрд 500 млн. теңгеге жетіп, былтырғы осы кезеңмен (8 млрд 500 млн.тнг) салыстырғанда 102,9 % өсім көрсетті. Ауданда ірі қара малы - 132,4 мың бас, қой мен ешкі – 215,0 мың бас, жылқы – 28,0 мың бас, құс – 15,8 мың басты құрады. Бүгінгі таңда Ауыл шаруашылық өнімдерін өндірумен 1 - өндірістік кооператив, 28 - жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, 1 322 - шаруа қожалығы, 288 - жеке кәсіпкерлер, 48 - ауылшаруашылық өндірістік кооперативтері айналысады.

Мал шаруашылығындағы ең маңызды мәселенің бірі мал өнімділігін арттыру, бұл бағытта асыл тұқымды малдардың үлесін арттыру жұмыстары атқарылып, нәтижесінде аудандағы асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылықтар саны 75-ке жетіп, өткен жылмен салыстырғанда (2023 жылы - 72 шаруашылық) өсімі 104,1%-ға  жетті. Оның ішінде 58-і ірі қара, 12-і қой, 5-і жылқы өсірумен айналысады. Ауданда жалпы асыл тұқымды ірі қара мал саны – 25 006 бас, қой – 125 142 бас, жылқы – 2 370 бас. Жалпы аудан бойынша елеулі жетістіктердің бірі – қолда бар асыл тұқымды малдың тұтас аудандағы қой малдан үлесі 59,8 %-ын құрайды. Сонымен қатар, ағымдағы жылы бүгінгі күнге дейін асылдандыру бағытында тұқымдық түрлендіруге 25 052 бас 18 айдан асқан тауарлық аналық ірі қара мал басы қатысты.

Етті мал шаруашылығын дамыту бойынша, ауданды, облысты етпен қамтамасыз ету мақсатында ауданда барлығы 50 бастан 1500 басқа дейін бұқашық бордақылайтын 12 мал бордақылау алаңдары тіркелген. Олардың қатарында 1 000 бас бұқашық бордақылауға  арналған «Мәуліт» шаруа қожалығы мен «Бастау» шаруа қожалығы, бұдан басқа 2022 жылы іске қосылған 1 500 бас бұқашық бордақылауға арналған «Жансая» шаруа қожалығы сияқты мал бордақылау алаңдарын атап айтуымызға болады.

Мал шаруашылығының жем-шөп базасын нығайту үшін ауданның шаруашылық құрылымдары құнарлы мал азықтық дақыл мен көп жылдық шөп жоңышқаны егу талап етеді. 2024 жылы жем-шөп дақылдары 6,6 мың гектарында (2023 жылы 6,11 мың га, өсім - 108 %) шоғырланды.

Абай облысының әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2023 – 2027 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында 2023 жылдың желтоқсан айында “Ықыбай” шаруа қожалығында 1 000 гектар алқапқа суды үнемдейтін озық технологияларды енгізу бойынша жалпы құны 1,1 млрд. теңгеге  инвестициялық жобасы іске қосылды.

Ал ағымдағы жылы Сәтпаев ауылдық округіне қарасты «Алтын-Алтай» шаруа қожалығы су үнемдеу технологиясын енгізу арқылы 200 гектар суармалы егістік жерге тамшылатып суару әдісімен күнбағыс дақылын екті. Бүгінгі күні «Алтын-Алтай» шаруа қожалығы күзгі жиын-терін жұмыстарында күнбағыс дақылынан жоғары сапалы мол өнім алуға дайындық үстінде және де алдағы жылдары су үнемдеу тәсілі арқылы егістік алқап көлемін 1 000 гектарға дейін ұлғайтуды жоспарлауда. Сонымен қатар, ауданда 2030 жылға дейін Қарғыба өзенінің жағасында су қойманың салынуы жаңа суармалы жерлердің айналымына 5 622 гектар енгізуге мүмкіндік береді.

Инвестициялық жобалардың Жол картасына сәйкес 800 млн. теңгеге 1 000 басқа арналған бордақылау алаңын салу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, жалпы облысымызға экономикалық серпін беретін Асыл тұқымды репродуктор мен қой шаруашылығын құру және дамыту бойынша 3,6 млрд. теңге сомасына “Өсім Агро” ЖШС жобасы жоспарлануда. Жергілікті ұсақ мал тұқымдарымен одан әрі селекциялау үшін Австралиядан (1 300 бас мөлшерінде) Дорпер тұқымды қойларды сатып алу арқылы жоғары шығымдылығына қарап ерекшеленетін бірегей тұқымды қой тұқымын шығарып, жылына 18 мың тонна ет өндіре алады. Бұл жобаны іске асыру облыс аумағында өндірілетін ет өнімдерінің кең ассортиментімен шетелдік нарыққа шығуға көмектеседі.

Ақсуат ауданы облысымыздың ауыл шаруашылығының өркендеуіне үлес қосуында алдыңғы қатарында және де етті мал шаруашылығын дамыту бағытында әлеуеті жоғары.