
Ағымдағы жылдың 2 маусымында Абай облысы әкімінің орынбасары Думан Оспановтың төрағалығымен ауыл шаруашылығы саласының өзекті мәселелері бойынша кеңейтілген жиын өтті.
Жиын барысында Мемлекет басшысының 2024–2028 жылдарға арналған ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін екі есеге ұлғайту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру мәселелері қаралып, ауыл шаруашылығының нақты көлем индексінің орындалуы, көктемгі егіс жұмыстарының барысы, салаға инвестиция тарту көрсеткіштері және «Ауыл Аманаты» жобасының жүзеге асырылу деңгейі талқыланды.
Ауыл шаруашылығы басқарма басшысының орынбасары Мирас Тохтарханов өңірдегі инвестициялық жобалардың іске асырылуы, ауыл шаруашылығы техникаларын жаңартылуы, егіс алқаптарын әртараптандыру бағыты туралы баяндады.
Сондай-ақ, «Семей» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Азат Байсақов пен Абай облысы бойынша кооператив координаторы Қанат Шарипов «Ауыл Аманаты» жобасының іске асырылу барысы жөнінде баяндама жасады.
Жиын қорытындысы бойынша аудан әкімдеріне және жауапты мемлекеттік органдарға белгіленген көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз ету, инвестициялық белсенділікті арттыру және тапсырмалардың сапалы әрі уақытылы орындалуын тұрақты бақылауда ұстау тапсырылды.