Облыс әкімінің орынбасары Думан Оспановтың Көкпекті және Бесқарағай аудандарына жұмыс сапары

Облыс әкімінің орынбасары Думан Оспановтың Көкпекті және Бесқарағай аудандарына жұмыс сапары

10–11 қаңтар күндері Абай облысы әкімінің орынбасары Думан Рысбекұлы Оспанов Абай облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ертай Қуанбаев және облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Санат Жакиповпен бірге Бесқарағай және Көкпекті аудандарына жұмыс сапарымен барды. Сапардың негізгі мақсаты – өңірлердегі агроөнеркәсіп кешенінің даму деңгейін бағалау, ірі ауыл шаруашылығы құрылымдарының қызметімен танысу, мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін зерделеу және шаруалар көтерген өзекті мәселелерді талқылау.

11 қаңтар күні Бесқарағай ауданында облыс әкімінің орынбасары алдымен мал шаруашылығын дамытуда жүйелі жұмыс жүргізіп отырған «Ғанибет» шаруа қожалығында болды. Қазіргі таңда қожалықта 210 бас ірі қара мал, оның ішінде қазақтың ақбас тұқымы, сондай-ақ 50 бас жылқы өсірілуде. 2025 жылы шаруашылық асыл тұқымды мәртебеге ие болып, 4 мың гектар жайылым жерді тиімді пайдалануда. Алдағы уақытта 1000 басқа арналған бордақылау алаңын салу жоспарланып отыр. Осыған байланысты қожалық басшысы мемлекеттік бағдарламалар аясында жеңілдетілген несие беру мәселесін көтерді.

Думан Оспанов шағын және орта шаруашылықтарды қолдаудың маңыздылығын атап өтіп, биыл тамыз айында облыста ет комбинатын іске қосу жоспарланып отырғанын жеткізді. Бұл жоба жергілікті шаруалар үшін өнім өткізу мүмкіндігін кеңейтіп, мал шаруашылығын дамытуға серпін бермек.

Сапар барысында облыс әкімінің орынбасары Баскөл ауылдық округіне қарасты Қарағайлы ауылында орналасқан BA Agro Group ЖШС-нің өндірістік нысандарын аралады. 2017 жылы құрылған серіктестік бүгінде өңірдегі жетекші ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының бірі. Негізгі бағыты – дәнді және майлы дақылдарды өсіру. Шаруашылықтың жалпы жер қоры 30 мың гектарды құрайды, оның ішінде 24 мың гектары – егістік, 6,5 мың гектары – жайылым. Биыл 17,3 мың гектар алқапқа егін егілген, оның 4,2 мың гектары бидай, 13,1 мың гектары күнбағыс. Кәсіпорында 50-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған, техника паркі 90-нан астам заманауи техникамен жабдықталған. Жыл сайын техниканы жаңартуға шамамен 500 млн теңге инвестиция салынады.

Сонымен қатар Ерназар ауылындағы «Мукинов» шаруа қожалығының жұмысы таныстырылды. Шаруашылық асыл тұқымды жылқы өсіру және селекциялық бағыттағы ғылыми зерттеулерімен ерекшеленеді. 2022 жылы қазақы жылқының «Бесқарағай» жаңа типі шығарылып, 2024 жылы «Ертіс» зауыттық типі таныстырылды. Ғылыми жұмыстарға Қазақ ұлттық аграрлық университеті мен Шәкәрім университетінің ғалымдары тартылған. Қазіргі таңда мүйізсіз сиырдың жаңа типін шығару бағытында зерттеулер жүргізілуде.

Сондай-ақ «Қалиқанұлы» шаруа қожалығының қызметі таныстырылды. Қожалық 2024 жылы сүт-тауар фермасын кеңейту мақсатында 1 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, өндірістік инфрақұрылымды жаңғыртып, асыл тұқымды мал басын арттырған.

10 қаңтар күні жұмыс сапары Көкпекті ауданында жалғасын тапты. Мұнда облыс әкімінің орынбасары ауданның ірі ауыл шаруашылығы құрылымдарының бірі – “Елім-ай Көкпекті” ЖШС-нің қызметімен танысты. Қазіргі таңда бұл шаруашылық ет бағытында жұмыс істейтін ең ірі кәсіпорындардың бірі саналады. Бордақылау алаңында 2200 бас ірі қара мал бордақылануда, алдағы уақытта бұл көрсеткішті 7000 басқа дейін арттыру жоспарланған. Сапар барысында өндірістік үдерістер көрсетіліп, шаруашылық мамандарымен алдағы жоспарлар мен даму бағыттары талқыланды.

Жұмыс сапарларының қорытындысында Думан Оспанов жауапты сала басшыларына шаруалар көтерген мәселелерді мұқият зерделеп, қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалар аясында нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Аталған бастамалар өңірдің аграрлық әлеуетін арттыруға және ауыл шаруашылығын ғылыми негізде дамытуға бағытталған маңызды қадамдар ретінде бағаланды.