2025 жылдан бастап АӨК-де субсидиялау қағидалары өзгертіледі: айналым қаражатына күту және субсидиялау парағы алынып тасталады

2025 жылдан бастап АӨК-де субсидиялау қағидалары өзгертіледі: айналым қаражатына күту және субсидиялау парағы алынып тасталады

Абай облысының ауыл шаруашылығы басқармасы сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау қағидаларына қатысты келесі ақпаратты хабарлайды.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі «Агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне кредит беру, сондай-ақ ауыл шаруашылығы жануарларын, техникасы мен технологиялық жабдығын сатып алуға лизинг кезінде сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2018 жылғы 26 қазандағы № 436 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы (бұдан әрі – ҚР АШМ бұйрығы) 2025 жылғы 2 қазанда №349 бұйрықты қабылдады.

ҚР АШМ бұйрығымен, оның ішінде айналым қаражаттарын алуға берілген қарыздар бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялауды алып тастау, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің ұсыныстарын резервке (күту парағы) қабылдауды алып тастау көзделген. Ұсыныстарды қабылдау тек тиісті бюджеттік қаражат болған жағдайда жүзеге асырылады.

Бұл өзгерістер Мемлекет Басшысының 2025 жылғы 28 қаңтардағы ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында қойған өнімсіз субсидиялаудан АӨК-ті жеңілдетілген несиелендіруді кеңейтуге көшу қажеттігі туралы тапсырмасын іске асыру мақсатында, сондай-ақ ҚР Үкіметінің 2025 жылғы 4 наурыздағы №01-06/06-578 тапсырмасына (айналым қаражаттарын толықтыруға арналған қарыз шарттарын субсидиялау бағытын алып тастау туралы) және 2025 жылғы 27 наурыздағы №05-4313 Жедел штабтың протоколдық тапсырмасына сәйкес енгізілген.

Айта кету керек, бұрын қолданыста болған «күту парағы» нормалары жергілікті бюджеттердің мүмкіндіктерін ескермей, мемлекеттік бюджет шығыстарының сыни өсуіне алып келеді. Қаражаттың шектеулілігі жағдайында қарыздар бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау бағдарламасын іске асыру төлемдердің айтарлықтай кешігуімен қатар жүреді, бұл мемлекеттік қолдаудың аталған тетігінің тиімділігін төмендетеді.

«Күту парағы» алып тастау субсидиялау тетіктерін бюджеттік заңнама талаптарына және ҚР Бюджет жүйесінің қағидаттарына сәйкестендіруге мүмкіндік береді, атап айтқанда:

          - мемлекеттік қаржының тұрақтылық қағидаты, ол ұзақ мерзімді және орта мерзімді жоспарлауды көздейді;

          - бюджеттердің дербестік қағидаты, ол әртүрлі деңгейдегі бюджеттер арасында түсімдерді тұрақты бөлу және оларды Бюджет кодексінде белгіленген құзыреттер шеңберінде жұмсау арқылы көрінеді.

Сонымен қатар, қазіргі уақытта Министрлік қаржы институттарымен бірлесіп, ҚР Үкіметінің қолдауымен жеңілдетілген несиелендіру тетіктерін кеңейту бойынша жұмыс жүргізуде.

5% жылдық мөлшерлеме бойынша жеңілдетілген несиелендіру және лизинг бағдарламалары жұмыс істейді – «Жеңілдетілген лизинг», «Кең дала» және «Кең дала – 2», қайта өңдеуші кәсіпорындарға айналым қаражаттарын толықтыруға арналған «Агробизнес» бағдарламасы, бордақылау алаңдары үшін ІҚМ, ҰҚМ сатып алу бағдарламасы.

Аталған құралдар АӨК субъектілеріне субсидияға жүгінбей-ақ, сыйақы мөлшерлемесі 5% болатын несие мен лизингті бірден алуға мүмкіндік береді, бұл дебюрократияландыру қағидаттарына сәйкес келеді.

Сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялаудың тиімділігінің төмендеуін (қаражаттың уақытылы түспеуі, бюджетке түсетін жоғары жүктеме және жобалардың басымдықталмауы салдарынан) ескере отырып, фермерлерді тікелей субсидиялаудан оларды жеңілдетілген несиелендіруге көшу жүзеге асырылуда, оның ішінде қаржы институттарын тікелей субсидиялау тетігі енгізілуде. Бұл бюджет тәуекелдерін азайтуға, қаражатты пайдаланудың тиімділігін арттыруға және АӨК мемлекеттік қолдау жүйесінің тұрақтылығын нығайтуға мүмкіндік береді.

Сонымен бірге, ауыл шаруашылығы техникасын, оның ішінде тіркемелі және аспалы жабдықтарды, сондай-ақ ауыл шаруашылығы жануарларын сатып алуға, инвестициялық мақсаттарға (жеңіл автомобиль көлігін және жолаушылар көлігін сатып алуға арналған қарыздардан басқа), құрылысқа (ұн, минералды су және алкогольсіз сусындар өндіруге арналған негізгі құралдарды сатып алуға арналған қарыздардан басқа) арналған қарыз шарттары бойынша субсидиялау сақталады.