Абай облысының қымыз өндірушілері - "BAIQYMYZ"гастрофестивалінің жеңімпаздары!

Абай облысының қымыз өндірушілері - "BAIQYMYZ"гастрофестивалінің жеңімпаздары!

2025 жылғы 19–20 шілде күндері елордадағы “Қазанат” ипподромында ұлттық тағамдар мен сусындарды кеңінен насихаттауға арналған еліміздегі ең ірі шара — “BAIQYMYZ” гастрофестивалі өтті. Елдің түкпір-түкпірінен келген 50-ге жуық қымыз өндіруші үздік атану үшін бақ сынады. Жалпы жүлде қоры 45 миллион теңгені құрап, Бас жүлде – 20 миллион теңге Абай облысының еншісіне бұйырды.

Фестивальдің бас жеңімпазы — Абай облысының қымыз өндірушілері! 
Абай ауданы, Саржал ауылынан құралған “Саржал Қымыз Бренд” құрамындағы қожалықтар:

  • “Жаныс” ШҚ – Ержан Ермекұлы

  • “Озат” ШҚ – Гүлмира Айдарқызы

  • “Барыс ас” ЖШС – Алмагүл Мейрамбекқызы

  • “Ералы” ШҚ – Медет Аманбекұлы

  • “Биамбеков С.Қ” ЖК – Серік Қабдықәкімұлы.

Сонымен қатар, "Күміс торсық" номинациясы мен 500 мың теңге жүлдегері - “Adil qymyz” қымыз өндірушісі атанды.

Фестиваль аясында 35 тоннадан астам қымыз ұсынылды, оның 6 тоннасы — Абай облысынан жеткізілді. Барлық қымыз тұтастай сатылып, тұтынушылар тарапынан жоғары сұранысқа ие болды.

Абай облысының атынан фестивальге қатысқан қымыз өндірушілер: “Бренд қымыз Саржал”, “Береке”, “Дәстүр”, “Sarzhal qymyz”, “Тоқаш ана шипажайы”, “Adil qymyz”.

Қонақтар қымыздың түрлі дәмін татып қана қоймай, оның дайындалу тәсілдерімен де танысып, арнайы шеберлік сағаттарына қатысты. Сонымен қатар, қазақы жылқы тұқымдарының көрмесі және ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтті. Атап айтқанда: аударыспақ, арқан тарту, асау үйрету, тазы жарысы сынды сайыстар ұйымдастырылды.

Абай облысынан әкелінген қымыздың табиғи дәмі мен сапасы жұртшылық тарапынан жоғары бағаланды. Бұл – өңірдегі дәстүр мен сапаның, еңбектің және рухтың тоғысуының айқын көрінісі.