19-20 шілде күндері елордада өткен BAIQYMYZ гастрофестивалі аясында ұлттық қымыз мәдениеті мен көшпелі халықтың өмір салтын дәріптейтін “Ер қанаты” атты жылқылар көрмесі ұйымдастырылды.
Аталған көрмеге Қазақстанның түрлі өңірлерінен таңдаулы жылқы тұқымдары әкелініп, қазақы тұлпардың болмысын танытты. Абай облысы, Бесқарағай ауданынан қатысқан “Мукинов” шаруа қожалығының “Бесқарағай” типтес жылқысы “Қазақтың салмақты жылқысы” номинациясында жеңіске жетіп, көпшіліктің ерекше ықыласына бөленді.
Көрме аясында жылқы тұқымының сұлулығы мен төзімділігі ғана емес, сонымен қатар бабалардан қалған атбегілік дәстүрлер, ұлттық нақыштағы ат-әбзелдер мен көне мәдениет элементтері де көрсетілді.
Фестиваль барысында үздік қымыз өндірушілер арасында байқау, қолөнер шеберлерінің туындылары ұсынылған жәрмеңке, сондай-ақ көшпенділердің тұрмысын бейнелейтін этно-көрмелер ұйымдастырылды.
Бесқарағайлық шаруалардың бұл жетістігі – өңірдегі мал шаруашылығы мен ұлттық дәстүрлердің жанданып келе жатқанын айқын көрсетеді.