Құрметті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері!
Ауыл шаруашылығы — ел экономикасының маңызды салаларының бірі. Бұл салада еңбек етіп жатқан сіздердің жауапкершіліктеріңіз — ауылдың тұрақтылығы мен халықтың азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.
Соңғы уақытта мал ұрлығы және малды иемдену фактілері жиілеп барады. Жуырда Семей қаласы маңында шаруа қожалығындағы 26 бас жылқының иемденілуі фактісі тіркеліп, иесіне 7 миллион теңгеден астам шығын келгені белгілі болды. Бұл — баршамыз үшін үлкен сабақ болуы тиіс.
Осыған байланысты:
🔹 Абай облысының Ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан шаруа қожалықтары арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
🔹 Мал ұрлығының алдын алу, жайылымда жүрген малды бақылауда ұстау, заң аясында жұмыс істеу мәселелеріне баса назар аудару қажеттігі ескертіледі.
Үгіт-насихат жұмыстары шеңберінде келесі жайттарға назар аударуларыңызды сұраймыз:
✅ Жұмысқа алынатын адамдарды тек заң аясында, келісімшартпен және құжаттарын тексере отырып қабылдау;
✅ Мал сату кезінде алаяқтықтың алдын алу мақсатында мәмілені тек ресми түрде рәсімдеп, ақшалай есеп айырысуды растаушы құжаттармен жүргізу. Бейтаныс адамдарға сенім артып, малды алдын ала беріп қоюдан аулақ болыңыз. Күмән тудыратын сатып алушыларға сақтықпен қараңыз.
✅ Мал бағу кезінде қауіпсіздік шараларын күшейту, жайылымдарды бақылау, малдың белгіленуі мен тіркелуін қамтамасыз ету;
✅ Қоғамдық және жеке меншік мүлікті қорғау мәдениетін арттыру — әрбір шаруа иесінің азаматтық борышы екенін түсіну;
✅ Күмәнді жағдай туындаған кезде дереу жергілікті әкімдікке немесе құқық қорғау органдарына хабарлау.
Біз бәріміз — бір қоғамның мүшесіміз. Шаруа қожалықтарының қауіпсіз әрі заң шеңберінде жұмыс істеуі — өңірдің аграрлық тұрақтылығы мен берекелі еңбектің кепілі.
📌 Осы бағыттағы түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатын болады.