Облысқа инвестиция тарту мәселесі талқыланды

Облысқа инвестиция тарту мәселесі талқыланды

Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен әкімдік отырысы өтті. Жиында өңірге инвестиция тарту, шегірткеге қарсы күрес бойынша атқарылып жатқан жұмыстар, Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру барысы мәселелері қаралды. Отырысқа облыстық басқарма басшылары, аудан және қала әкімдері, өңірлік департамент жетекшілері қатысты.

Өңірге инвестиция тарту бойынша Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму, Ауыл шаруашылығы басқармаларының басшылары баяндама жасады.

Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, 2025 жылы негізгі капиталға тартылатын инвестиция көлемі 763,7 млрд теңге болып жоспарланған. Оның ішінде бюджеттен тыс, жеке инвестиция көлемі – 446,5 млрд теңге. Жыл басынан бері облысқа 88,3 млрд теңге инвестиция тартылған.

Инвестициялық жобалардың ұлттық цифрлық платформасына жалпы құны 2,7 теңге болатын, 8 мың жұмыс орнын құруды көздейтін 37 жоба енгізілген. Биыл соның 9-ын іске қосу жоспарланған. Жобаның жалпы құны – 31 млрд теңге. 752 жұмыс орны құрылмақ. Бұдан бөлек өңірлік инвестициялық пулда 368,4 млрд теңгеге 2 209 жұмыс орнын қамтитын 19 жоба бар.

Биылғы 4 айдың қорытындысы бойынша облыстың агроөнеркәсіп кешеніне 11,5 млрд теңге инвестиция тартылған. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23 пайызға артқан. Алайда өңірдің бірқатар аудандарында инвестиция тарту бойынша жұмыс тиісті деңгейде жүргізілмеген.

Аймақ басшысы қала, аудан әкімдеріне инвестиция тарту бағытындағы жұмысты күшейтуді тапсырды.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің даму мәселесіне қатысты жиналыстарында инвестиция тартудың маңыздылығын үнемі айтып келеді. Бұл бағыттағы жұмыстарды барлық деңгейдегі әкімдер атқару қажеттігін ескерткен болатын. Тиісінше біз де аудан әкімдерінен талап ететін боламыз. Өңірдің географиялық орналасуы инвестиция тартуға өте қолайлы. Теміржол да, тас жол да бар. Туризм, ауыл шаруашылық, сауда және қызмет көрсету салалаларын дамытуға мол мүмкіндік бар. Соны тиімді пайдалануымыз керек. Аудан әкімдерінің жұмыс көрсеткіші инвестиция тартумен бағаланатын болады» деді облыс әкімі.