
«Қызметкерлердің құқықтарын қорғау» бастамасын іске асыру аясында 2026 жылғы 27 наурызда Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Абай облысы бойынша департаменті «SemeyCement» ЖШС еңбек ұжымымен көшпелі кездесуі өтті. Іс-шараға сондай-ақ облыс прокуратурасының, халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Абай облысы бойынша департаменті және «Абай облысының Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің өкілдері қатысты.
Кездесу кәсіпорын алаңында ашық диалог форматында өтіп, қызметкерлер мен жұмыс беруші арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға, сондай-ақ еңбек құқықтары мен кепілдіктерінің сақталу деңгейін арттыруға бағытталды.
Талқылау барысында қатысушыларға Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының өзекті нормалары түсіндіріліп, құқық қолдану тәжірибесінің мәселелері қарастырылды, сондай-ақ жиі кездесетін құқық бұзушылықтар мен олардың алдын алу жолдары талқыланды. Қызметкерлердің құқықтарын қорғау тетіктерін күшейтуге және еңбек қатынастары тараптарының жауапкершілігіне ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар еңбек қауіпсіздігі, қызметкерлердің мүдделерін қорғаудағы кәсіподақтардың рөлі, сондай-ақ кадрлық және еңбек процестеріне цифрлық шешімдерді енгізу перспективалары кеңінен сөз болды. Ұжымдық шарттарды жасасу мен іске асырудың маңыздылығы ерекше атап өтілді.
Кездесу қорытындысы бойынша қызметкерлер өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алып, мемлекеттік органдар өкілдерімен пікір алмасып, еңбек құқықтарын тиімді қорғау бойынша нақты ұсынымдар алды.