Казахстанда оңаша саяхаттау

Бүгінгі таңда коронавирустық инфекция індетінің белең алуы жаһандық тұрақтылық пен өміріміздің барлық саласындағы қалыптасқан қатынастардың беріктігіне аса күрделі сынақ болып тұр. Індетпен байланысты жағдай әлемдік туристік нарықтың жұмысына елеулі өзгерістер енгізіп, дамудың жаңа ережелерін бекітуде. Тынысы тарылып, аясы шектелген саяхат саласының құлдырауын болдырмау үшін індет салдарының кері әсерін төмендетуге қауқарлы өзіндік бағыт-бағдарымызды айқындап, сол бойынша әрекет етуіміз шарт. Туристік өнім құраудың ғасырлар бойы еш түрленбеген тәртібі «әлеуметтік қашықтықты сақтау» сияқты өмірлік маңызы бар талаптармен толығып келеді. Ел аумағының кеңдігі, халық тығыздығының төмендігі, табиғи саябақтардың көптігі сияқты көрсеткіштерді негізге алатын болсақ, Қазақстан – көпшіліктен шалғай, оңаша саяхаттаудың таптырмас мекені екенін аңғарамыз. Соның негізінде еліміздегі әлеуметтік қашықтықты сақтау қатаң қадағаланар талап емес, еш жасандылығы жоқ қалыпты құбылыс – Табиғи әлеуметтік қашықтықты сақтау деп қабылданады.

Алтай мен Атыраудың арасындағы ұлан-байтақ далада қанат жайған еліміздің әр бұрышы өзінше тартымды. Әр аймақ өзіне ғана тиесілі жеке фототур ұйымдастыруға әбден лайық. Суреттермен әрленген саяхатыңыздағы жадыңызға сақталар сәттер мен көрнекті орындардың көп болуы қоржыныңыздағы уақытқа ғана тәуелді.

Қазақстандағы саяхат. Жаһандық өзгерістермен айқындалған мүмкіндіктер

 

Бозжыра үңгіріОңаша саяхаттау - жаһандық індет бекітіп берген жаңа тренд. Қалыптасқан жағдайда Қазақстан ұсынар игіліктері қандай? Осы мақаламызда ой өрбітейік.

Соңғы жылдары әлемдік туризм картасында еліміз эко-дестинация ретінде жиі белгіленіп жүр. Қазақстанның экотуризм бойынша рейтингтерде бой көрсетуі де соған дәлел. Мысалы, ағымдағы жылдың басында Британдық бэкпекерлер қоғамы белсенді эко-саяхатқа әуес туристер үшін 2020 жылы «must visit» тізімінде Қазақстанды «үздік бестікке» жайғастырды, беделді Gulf News баспасы мәлімдеуінше Үлкен Алматы көлі БАӘ тұрғындары үшін «Үздік-5 дестинация» қатарына кіреді. Қазақстанның бұл аталғаннан бөлек табиғи байлық, игілігі өте көп. Ұлы Дала жерінде 13 ұлттық саябақ, 10 қорық, 6 табиғи резерват, 50 қаумал, 5 қорықтық аймақ, 79 табиғи ескерткіш орналасқан. Елдегі ерекше қорғауға алынған табиғи аймақтардың жалпы ауданы республика жерінің 9%-ын алып жатыр. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, бұл жерге толықтай Ұлыбритания сыйып кетер еді.

 

Даладағы жылқы табындарыЭкологиялық туристік өнім жайлы сөз болғанда, оның басты құраушы бөлігі – түрлі табиғи және климаттық жағдайлардағы белсенді демалыс екенін мойындау керек. Бір ғана елді, не бір ғана аймақты таңдай отырып, Қазақстанға келген турист қысқа уақыт аралығында әр жыл мезгілін толық сезіне алады. Еліміздің оңтүстік және оңтүстік-шығыс бөлігіндегі асқар таулары мен алып өзендері жайлы климатпен үйлескен Алматы, Шығыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарында жоғарыда аталған сипатқа сай бірегей турлар белсенді түрде ұсынылады.

 

Қазақ жастарыҰлы дала – ежелден-ақ қайсар жиһанкездер ұмтылған тылсым мекен. Көне тарихтың мәңгілік мөріндей болған Қазақстанның оңтүстігі Ұлы Жібек жолы мен көшпенділер өмірінің мән-жайы жайлы сыр шертеді. 

 

Қамал қақпасыОсы сияқты тамақтану салты, тазалық сақтау әдебі, жеті атаға дейін қан араластырмау сияқты жетіп, артылатын тағылымды әдет-ғұрыптарымыз қашанда ұрпаққа жол көрсетер темірқазық болмақ. Сол үшін де, ұлттық сана – қазіргі таңда негізгі екпін түсіруімізді қажет ететін қайталанбас туристік өнім болып табылады.Ұлы Жібек жолы бойымен саяхаттап жүріп, туристер Марко Полоның ізін жалғап, 2000-жылдық тарихы бар Тараздың тағылымынан хабардар болып, түркі әлемінің бесігі – Түркістанның тамашасын танып, рухани байлыққа кенеле алады. Бағдар б ойында түрлі көрнекті нысандар тізілген, оның ішінде: бірде-бір шеге қағылмай тұрғызылған Жаркент мешіті, будда ғибадатханалары, сәулетті кесенелер, қызғалдақтармен құлпырған алқаптар және көне Отырар қалашығының қалпына келтірілген бөлігі бар. Қайсыбірі болмасын ұмытылмас естеліктер сыйлап, керемет фотосуреттер жасауға мүмкіндік береді. Атамұрамыз болған көшпенділер мәдениетінің тұңғиығына үңілетін болсақ, бүгінгі таңда бар әлем бас қатырып отырған жауапсыз сауалдардың шешімін табуымыз ғажап емес. Көшпенділердің дәстүрлі сәлемдесуінің өзі әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып ізет білдірудің керемет үлгісі.

 

Қайыңды көліҚазақстан Ұлы Жібек жолын жаңғыртып, саяхат жасаудың теңдессіз орны екені сөзсіз. Ну ормандар, көкпен таласқан шыңдар, айдыны айнадай көлдерге қоса, туристер Алматы облысындағы Қайыңды көліне, Маңғыстаудағы өзге ғаламшарлық көріністерді бейнелейтін Бозжыра, Тұзбайыр, Торыш, Айрақты жерлеріне, Марс ғаламшарының Жердегі жұрнағы – шығыстағы Қиынкеріш шатқалына, орталықтағы Ақжар тауларына саяхат жасай алады. Ғарышқа бір елі жақындағысы келген ізденімпаз туристер Байқоңырға барып қанағаттанары анық.

Өткен жылдар тәжірибесі анықтап бергендей, әлемдік дағдарыс – озық ой мен жаңалықтарға жол ашып, қалыптасқан жарамды-жарамсыз құрылымдарды сұрыптайтын құбылыс. Осы сын сағатта этникалық және экологиялық туризмге баса назар салуымыз індеттен кейінгі кезеңде туризмді дамытудың сәтті үлгісіне айналып, болашақта отандық туризм саласын ілгерілетуге мықты серпін береді.

Фотографияға әуес болсаңыз. Қазақстандағы фототурларға арналған үздік орындар

Әдетте фототур 10-14 күнге созылады. Бұл Қазақ даласының Шығыс, Батыс, Солтүстік, Оңтүстік, Орталық аймақтың бірімен етене танысу үшін әбден жеткілікті. Осы мақаламызда аталған 5 өлкенің әрқайсысына бөлек тоқталып, фототур кезінде алып шаһарлар мен облыс, аудандарды өзара үйлестірудің ең тиімді жолдарын талқыға саламыз.

Астана қаласы мен Солтүстік

Қазақстанға алғаш келген туристер үшін фототурды еліміздің астанасы Астана қаласынан бастаған ерекше қызық болары анық. Елордамыз Павлодар, Қостанай, Ақмола облыстарымен бірге Солтүстік Қазақстан аумағына кіреді. Бүгінгі таңда Астана әуежайы әлемнің әр түкпірінен келген авиарейстер саны бойынша көш бастап тұр.

Сонымен, Қазақстанның бас шаһарына келген туристерді не күтіп тұр? Ең алдымен, қаланың болашақ жайлы тіл қатқандай көрінетін заманауи сәулеті. Сән-салтанаты жарасқан ғимараттардың ішінде Норман Фостердің атақты туындыларын ерекше атап өткен жөн: астанамыздың бас рәмізі, ең танымал нышаны – «Бәйтерек» монументі, «Хан Шатыр» сауда және ойын-сауық орталығы, пирамида қалпындағы Бейбітшілік және келісім сарайы, еліміздегі ең биік ғимарат саналатын «Abu Dhabi Plaza». Елорда бейнесіндегі ерекше көз тартар құрылыс - EXPO кешенінің аумағында да керемет фотосуреттер жасап қана қоймай, бір мезет келешек әлемге саяхат жасап, айтулы көрменің мұрасымен танысуға болады.

Елордадан қашық емес жерде, иелігіне айдыны айнадай көлдер мен қылқан жапырақты ормандарды жиған, Ұлы Дала сахарасының төріндегі әсем шұрат – Щучье-Бурабай курорттық аймағы орын тапқан. Көлдің қақ ортасында бой түзеген Жұмбақтас та келген туристер объективінің сүйікті «кейіпкеріне» айналып үлгерген. Бір қырынан – мысырлық сфинксті ойға салса, екінші қырынан – әйел бейнесін алдыңа келтіреді. Оның өзі бірде ару қыз, енді бірде кемпір болып көрінеді. Кім біледі, мүмкін дәл осы тас жұмбақтың шешімі сіздің фотосуреттеріңізден табылар?!

Солтүстік өлкедегі фото-бейнетүсірілім үшін оңтайлы орындар қатарында ерекше қорғалатын табиғи аймақ санатындағы Баянауыл ұлттық саябағы, Қорғалжын және Наурызым қорықтары да аса маңызды орын алады.

Таулар мен жартастардың қорғауындағы тұңғиық көлдер, қарағайлы ормандар және иен дала. Осының бәрі бір ғана Баянауыл атауына келіп саяды. Әрбір сәттен қайталанбас фотосуреттерді іздейтін әуесқойлардың барлығы мұндағы түрлі көріністегі табиғи тас мүсіндерге таң-тамаша. Бірі – Жалмауыз кемпір, бірі – түйе, бірі – зіл. Ертегі әлемі Павлодар облысының осы бір бөлігінде жасырылған болар. Оны аз десеңіз, мұнда қасиетті тау бар. Көптің айтуынша, кімде кім осы тау арасына кіріп, арқа тұсымен шыға алатын болса, соның тілеген тілегі орындалады екен.

Ақмола облысында орналасқан көлдерге бай Қорғалжын қорығында ақ бөкен тіршілігін бейнелейтін керемет суреттер түсіріп, жаз уақытында Қызыл кітапқа енгізілген қызғылт қоқиқазды бақылап қайтуға болады.

Қостанай облысындағы Наурызым қорығындағы серуеніңізді «Наурызым – тылсым мекен» орталығына барудан бастаған жөн. Орталық қызметкерлері саяхатыңыздың сәні мен мәнін еселей түсетін кеңестермен қуана-қуана бөліседі.

 

Оңтүстіктің жомарттығына кезекті дәлел

 

Қамысты көлЕгер байтақ еліміз бойынша саяхатыңызды арайлы Алматыдан бастайтын болсаңыз, дәл сол сәттен сізді бар Оңтүстік құшақ жая қарсы алғандай сезімге бөленесіз. Себебі бұл шаһар Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарына жол ашады. Көне сәулет ескерткіштері мен заманауи ғимараттар, Тянь-Шань таулары, өзен-көлдер, дала мен шөл. Бәрі бар! Фотонысандар санынан да Оңтүстік өңірдің аңызға айналған жомарттығы айқын көрініс тапса керек!

Тек аңдамай фотосаяхатыңыздың бар уақытын Алматыда өткізіп алмасаңыз игі. Себебі бұл әсем қаланың әр көшесінің өзіндік еліктірер күші мен келген жанды оңайлықпен жібере қоймайтын тылсым тартылысы бар. Әр шаршы метрі – шабыт шоғырланып, оқиғалар тоғысқан бөлек әлем. Мәселен, 28-қаһарман-панфиловшы атына берілген саябақ пен Максим Горький атындағы Орталық мәдениет және демалыс саябағының соқпақтарымен немесе Мұқан Төлебаев көшесінің бойымен серуендеп жүріп, әр адымыңызда назарыңызға лайық дүние табасыз. Верный (Ресей империясы кезіндегі Алматы атауы) кезеңінен естелік болып қалған көпестердің үйлері де қаз қалпында сақталып, өткеннен сыр шертіп тұр. Ал күн ұясына батқан мезетте Көк Төбеге көтерілсеңіз, тұла бойыңызды баурап алар қала көрінісіне куә боласыз. Оған қоса, «Шымбұлақ» тау-шаңғы кешеніне барып, кез келген тау бағдарымен жүріп өтсеңіз, Үлкен Алматы, Көлсай мен Қайыңды көлдеріне аттанып, Шарын шатқалын шарлап шықсаңыз, ұмытылмас әсер алып, сол керемет әсерді ұмыттырмас фотосуреттер жасайтыныңыз даусыз.

Аты айтып тұрғанындай, Қайыңды маңы қайың ағашқа бай. Десек те, бұл жердің басты ерекшелігі қайыңда емес, тау аңғарындағы су басқан шыршаларда. Айдынның қорғаушылары іспеттес бұл шыршалар да сіздің фото-топтамаңыздың сәнін келтіреді.

Шарын шатқалының өзгеғаламшарлық көріністері мен құздарға түскен сан ғасырлық өрнектері де әлемнің әр түкпіріндегі фотосаяхатшыларды еліктіріп, Ұлы Дала елін көруге деген ұмтылыстарының басты себептерінің бірі ретінде қалыптасқан. Мұндағындай шаған алқабын Шарыннан бөлек Канадада ғана кездестіруге болады.

Бұдан алдын Алматыда болсаңыз, Түркістан мен Жамбыл облыстарындағы экскурсияңыздың бастапқы нүктесі ретінде Шымкент қаласын таңдаған дұрыс. Шырайлы Шымкентке кемеден өзге көліктің барлық құралымен жете аласыз.

Қала аумағындағы экскурсиялық бағдарламаңызға дендропарк, Арбат, орталығы Металлургтер сарайы болатын, Лениннің алып мүсіні қойылған саябағы бар, сталиндік мәнердегі үйлер салынған ретро-аудан сияқты ерекше нысандарды қосуды ұмыт қалдырмаңыз.

Қамысты көлШымкенттен көне Отырар мен руханиятымыздың бесігі болған Түркістанға оңай жете аласыз. Қызылорда облысына апарар жолда ортағасырлық Сауран шаһарын елемей өтпеңіз. Барлығы да қайталанбас суреттер жасырылған тарихи орындар.

Шымкенттен төменіректе сізді табиғат тамашасы күтіп тұр. Ақсу-Жабағылы қорығы мен Сайрам-Өгем табиғи саябағы Тянь-Шаньның тұмса табиғатын танытады. Аталған екеуінің қайсысын таңдасаңыз да, атты серуен ұйымдастырып, Табиғат-Анамен етене жақындасу үшін бар жағдай жасалған.

Шығыстың шынары - Мұзтау

Шығыс Қазақстан облысының әкімшілік орталығы – Өскемен. Туристік бағдарлардың көп бөлігі дәл осы қаладан бастау алады. Шығыстың бас шаһарында сәулет-құрылысы бірегей діни орындар, еліміздегі ең көне вокзалдардың бірі, салынуы ХІХ ғасыр соңы – ХХ ғасыр басына сәйкес келетін басқа да құнды тарихи құрылыстар сақталған.

 

Іле АлатауыКатон-Қарағай ұлттық саябағы аумағындағы фотосаяхат шытырман оқиғаларға толы болары анық. Оның аймағында Алтайдың алтын тәжі – Мұзтау шыңы орналасқан. Ғаламдағы ең сұлу таулардың бірі ретінде танылған қос шыңды Ұмай-Ананың қасиетті мекені деп те топшылайды. Сонымен қатар Катон-Қарағайдың қуатты сарқырамалары, таудан бастау алған мөлдір бұлақтары, өзге өңірлерде кездеспейтін бұғы шаруашылықтары баршаға жақсы мәлім.

Қазақ даласын жырға бөлеп, күймен тербеген ғашықтық дастандар өте көп. Соның бірегейі батыр Қозы-Көрпеш пен Баян-Сұлудың аңызға айналған махаббаты жайлы сыр шертеді. Шығыс Қазақстандағы Аягөз жері – толассыз ғасырлардан бізге жеткен қос ғашықтың асыл сезіміне куә болған мекен. Х ғасырдың тарихи сәулет мұрасы болған Қозы-Көрпеш-Баян-Сұлу мазары Аягөз өзенінің оң жағалауындағы Таңсық ауылына жақын маңда орналасқан. Бүгінде, бұл киелі орынға апарар жайлы жол да салынған.

Батыс Қазақстан

Батыс Қазақстанға біріктірілген Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе облыстары Жер ғаламшарының өзге ешбір жерінен кездеспейтін көріністерге ие.

Қарт Каспийдің бойындағы Ақтау мен Атырау қалалары көркем жағалау, сауда порттары, ұшы-қиыры көрінбейтін көк айдынымен жадыңызда сақталады.

 

Үстірт жазығыЕліміздің басты орталықтарынан алшақ аймақта Үстірт қорығы, ежелгі Алта, Кетік, Сарташ қалашықтары орналасқан. Мұның бәрі бір төбе. Қасиетті Шерқала тауы – бір төбе. Фотокамераңыз әрдайым даяр болуы керек! Батыста кең таралған жерасты мешіттері де өзінше сәулет ғажайыбы. Арасындағы ең танымалдары Бекет ата мен Шақпақ ата мешіттері. Мұсылмандар үшін түркі әлемі кеңістігінде орналасқан ең киелі орын Қожа Ахмет Ясауи кесенесі десек, бұл орайда Бекет ата мешітінің де маңызы өте жоғары екенін атап өтуіміз керек.

Сарыарқа және Орталық Қазақстан

Орталық Қазақстан аймағы аққу мен тырна сияқты әсем құстар паналайтын су айдындарына бай. Сарыарқаның кең жазығы мен араласпайтын ащы-тұщы сулы Балқаш көлі бірден көңіліңізді жаулап, фототоптамаңыздан лайықты орын алары сөзсіз. Биіктікті аңсаған болсаңыз, түрлі-түсті Ақжар тауларына, жартасты Бектау ата жотасына немесе көркем Қарқаралы аймағына жол бастауға болады.

 

Шайтанкөл көліҚазақстан табиғаты көз тартар жерлерге де, қайталанбас сәулет нысандарына де, тарихи ескерткіштерге де, мұражайлар мен діни орындарға да бірдей бай. Қазақ жерінің қай аймағына жол тартсаңыз да, «міндетті түрде ораламын» деген оймен қоштасатын боласыз! Алған әсерлеріңіз сізді жаңа саяхаттарға шабыттандырып, жаныңыздағы «көшпенділік рухын» жаңғыртады!

Жоғары технологиялар өркендеп тұрған заманда, әрбір серуенімізді фотосаяхат деп қабылдасақ жаңылыспаймыз. Әр басымыздан кешкен оқиға, әр қызықты сәт бірде сізге ғана мәлім болса, әп сәтте ол жайлы бар әлем хабардар болады. Фотосаяхатшының басты үш «қаруына»:смартфон, фотоаппарат, ғаламторға ие болсаңыз жеткілікті.

Ал егер күннің батысы мен таңның атысын сағатсыз сезетін, ең сәтті түсірілім нүктелерін анықтап беретін кәсіби фотографтармен бірге фотосаяхат жасағыңыз келсе, еліміздің туристік агенттіктеріне жүгінуге кеңес береміз. Қазақстанның кез-келген аймағына ұйымдастырылған саяхатыңызда гид-фотограф өзіңізге серік болады.