Әлемнің қай бөлігін алып қарасақ-та, бүгінгі таңда экологиялық туризм ұлттық саябақтар мен қорықтар сияқты ерекше қорғалатын аймақтар маңында аса қарқынды дамып келеді.
Қазақстан бойынша көптен бері саяхаттаушы әрбір турист немесе тіпті, туғанынан осында тұрып жатқан адамдар да табиғаттың әсемдігі және бұл жерлердің ерекше алуан түрлілігі жайлы барлығын білмейтіндеріне күмәніміз жоқ. Оған қоса, көпшілік "дала" және «таулар» ауқымды түсініктерден басқа, еліміздің тым болмаса бірнеше көрікті жерлерін атап айта алмайды. Ал, олардың саны қандай көп!
Қазақстан шекерасын өтпей-ақ, әрбір көрікті жерді толықтай зерттеп, бақылауға бірнеше жылдай қажет болады. Мұнда барлық алты континентердің сауықтарын табуға болады: көне өркениеттің қалдықтары мен тарихи орындарына саяхаттар, көңілді курорттық демалыс, шөл және құмды барқандар бойы мен драйвті ралли, халықаралық биік таулы курорттарда қарлы серуендер немесе жаз мезгілдерінде тауларға сапарға аттану. Осының барлығын торыққан туристің де басын айналдыратын таң қаларлық көріністер сүйемелдейді.
Сонымен, бұл мақалада, ұлы суретшілердің суреттерімен теңесетін Қазақстанның он шақты бірегейлі жерлерімен таныстырамыз. Қазақ табиғатының асыл алқасындағы баға жетпес гауһар-жақұттары. Қазақстан табиғи көрікті жерлерінің моншағындағы ең жарқын інжулері туралы. Ол жерлерде өте жақсы әдемі фотосуреттер жасауға болады, сондықтан қолыңызда кез келген камераңыз болса, ол саяхат бойы жұмыстан бас көтермес.
Ақмола облысы: Бурабай мен Қорғалжын
«Бурабай» мелекеттік ұлттық табиғи саябағының қайталанбас нысандары мен Қорғалжын қорығының айдын көлдері – Ақмола облысының басты табиғи көрнекті орындары ретінде танылған.
1. Бурабай – Сарыарқаны шырайландырған құтты мекен, сар даланың жүрегіндегі ғажайып шұрат. Жануарлар әлемі саналуандылығымен таң қалдырады. Мұнда оңтүстікке де, солтүстікке де бейімделген тіршілік иелерін кездестіруге болады. Ормандарда бұғы, бұлан, елік, ал дала мен орманды далада түлкілер, қарсақтар, қояндар мекендейді. Жиі болмаса да, саяхат барысында оларды да көзіңіз шалып қалуы мүмкін! Түрлі пішін мен қалыпта түзілген гранитті жартастар болса алып тастардан арнайы ойластырылып жасалған сияқты. Іс жүзінде бәрі адам баласы ат беріп, аңызбен байытқан шебер Табиғат-Ананың бірегей туындылары.
Өлкенің қазақстандық және шетелдік туристер арасында танымалдылығы заңды құбылыс. Астанамыз арқылы салынған жаңа жол Бурабайға еш алаңсыз, жайлы жетуге мүмкіндік береді. Ал көлік терезесінен ашылған керемет көріністерді тамашалай отырып, 250 км-ден сәл-пәл артық жолдың қалай аяқталғанын сезбей қаласыз!
2. Теңіз – Қорғалжын көлдер жүйесінің баға жетпес әшекейі – қызғылт қоқиқаздарды көру үшін жолдың біраз қиындықтарын еңсеруге тура келеді. Дегенмен, діттеген жеріңізге жеткенде шаршап-шалдыққаныңыз бірден басылып, бұл талпынысыңызға тұрарлық саяхат екенін аңғарасыз! Сапарыңызға жергілікті жолдарға келетін, қолайлы көлік сайлап қойсаңыз болғаны. Жол-жөнекей даланың дара жануары киелі ақбөкенмен кездесіп қалу ықтималдығы зор.
Ақтөбе облысындағы Ырғыз-Торғай қорық аймағы
3. Бетпақдалалық ақбөкендер популяциясын Ақтөбе облысындағы Ырғыз-Торғай қорық аймағында бақылап көруге болады. Атап айтқанда, Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерваты дәл осы ақбөкен мекендейтін жерлер (қыстау, жайлау, төлдеу орындары) мен көшу бағыттарын сақтап, қалпына келтіру үшін құрылды. Бұған қоса, резерваттың маңызды міндеті ретінде сулы-батпақты жерлерді мекендейтін құстардың маусымдық көші-қон кезінде ең көп шоғырланған орындарының бірі – Ырғыз-Торғай көлдер жүйесінің бірегей сулы-батпақты алқаптары мен балықтардың уылдырық шашатын орындарын сақтау және қорғау жұмыстары айқындалған. Резерват алқаптары Халықаралық табиғатты қорғау одағының тізіміне енгізілген, су және су маңын мекендейтін құстардың көптеген түрін сақтау мақсатындағы халықаралық маңызы бар сулы-батпақты аймақ болып табылады. Өркениеттен алшақ орналасқан аталмыш аймаққа саяхат жаратылыстанушылар мен жалпы табиғатты зерттеуге қызығушылық танытатын туристер үшін естен кетпес тәжірибе болары анық!
Алматы облысы: Тау шыңдарынан бастап шөлдердің құмды шағылдарына дейін
4. Алматыға жол тартсаңыз міндетті түрде Іле-Алатауы ұлттық паркінің бір бөлігі болып табылатын Үлкен Алматы көліне баруға кеңес береміз. Көлдің жағасына қарай салынған тасжол бұл табиғат кереметін көремін деушілер санының еселеп өсуіне себеп болды. Содан да болар, кейде іздеп келген тыныштықты табу қиынға соғады. Дегенмен, бұл жағдай Үлкен Алматы көлінің сұлулығы сыйлайтын ләззаттың жанында тым мардымсыз көрінеді! Тау бөктерінде тамыры аңыздармен астасып жатқан әсем еңлікгүлдер өседі. Ал жан-жағыңызға назар салып қарасаңыз, өте сирек кездесетін имектұмсық құстарды байқайсыз.
5. Бір ғана "Алтынемел" ұлттық саябағы аумағынан Ақтау мен Қатутау таулары және атақты Айғайқұм сияқты бірегей табиғи нысандарды көруге болады. Үлкен және Кіші Қалқан шыңдарының арасында екі құмды төбе бар: оңтүстік шағыл – 150 метрге, солтүстік шағыл – 100 метрге көтеріледі. Саябақ шөлді және таулы аймақтарда орналасқан. Мұнда сүтқоректілердің 80 түрі және құстардың 260 түрі мекендейді. Алтынемелдің кең жазықтары мен тау баурайларында арқарлар, қарақұйрықтар мен құландар пана тапқан. Оған қоса, он жылдан астам уақыт бойы мұнда жоғалып бара жатқан Пржевальский жылқысы популяциясын қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүргізілуде.
6. Түрген шатқалы – қуатты сарқырамалар мен мөлдір бұлақтардың, қылқан жапырақты және аралас ормандардың, альпілік және субальпілік шалғындардың баға жетпес қазынасы. Шатқал 44 километрге созылып, биіктігі 2560 метрге жететін Асы үстіртіне дейін жалғасады. Туристер арасында сарқырамаларға жорық жасау кең таралған. Негізгі жолдан Аюлы сарқырамасына дейінгі жаяу жүргендегі қашықтық 1 шақырымды құрайды. Осы жолдың орта тұсына жеткенде, шатқалдың қарама-қарсы беткейінде Жартасты сарқырамасы көрінеді. Сарқырамаларға жаяу жетіп, сапарды әрі қарай Түрген өзенінің бойымен көлікпен жалғастыруға болады, Батан ауылына апаратын тас жол салынған. Тас жол аяқталған сәтте, алда Асы үстірті күтіп тұрғанын біліңіз! Бұралаң тау жолымен ұзақ көтерілуге тура келеді. Есесіне, кейін шығысқа, Бартоғай су қоймасына қарай 40 шақырымға созылған, кей тұста ені 15 км жететін жайлаудың ғажайып көрінісін тамашалай аласыз. Жер-жерде орналасқан шопандардың тұрақтарына қонақ болып, хош иісті шайдан дәм татуыңызға да болады.
7. Көлсай көлдері теңіз деңгейінен 1818, 2252 және 2850 метр биіктікте "Көлсай көлдері" ұлттық саябағының аумағында орналасқан. Қайыңды көлі Көлсай көлдерінің шығысына қарай 12 шақырым қашықта орналасқан, ұзындығы 400 метрге созылып жатыр. Бір жексенбілік сапарда Төменгі Көлсай және Қайыңды көлдеріне барып үлгеруге болады. Жоғарғы Көлсай (үшінші көл) екіншісінен 4 шақырым шалғай және 600 метрге жоғары орналасқан, оған көтерілу үшін көп уақыт пен жақсы физикалық дайындық қажет. Көлсай – жаяу және атты жорықтар, тау велосипедтерімен саяхаттау үшін тамаша орын.
Қайыңды көлі жүз жыл бұрын шатқалды қоршап тұрған табиғи бөгет ретінде қалыптасып қалған тау жыныстарының ауқымды қопарылысы нәтижесінде пайда болды. Су бетінен шығып тұрған шыршалардың құрғақ діңгектері көлді қорғаушы қарауыл сыңайлы. Көл жан-жағынан тасты тау беткейлері мен биік жартастармен қоршалған. Одан жоғарырақта жартасты тығырыққа ұшырасуға болады, сол себепті көлге көлікпен жетудің жалғыз ғана жолы бар.
8. Шарын шатқалы – Алматы облысындағы ең қызықты табиғи нысандардың бірі. Шатқал шөгінді жыныстардан тұрады, олардың жасы шамамен 12 миллион жыл! Күн ұясына батар сәтте шатқал қабырғалары таңқаларлық реңктерге боялады. Туристердің ең көп баратын жері - "Қорғандар аңғары". Шарын шатқалы Солтүстік Америкадағы Колорадоның үлкен шатқалына (Grand Canyon) ұқсас келеді. Шарын американдық егізінен кішірек, десек те «Қорғандар аңғары» өзіне ғана тән қайталанбас сұлулығымен ерекшеленеді. Сондай-ақ, реликті шаған тоғайы сақталған «Темірлік», «Айлы алқап» және «Құртоғай» шатқалдарының керемет көріністерінен құр қалмауға кеңес береміз.
9. Солтүстік жарты шардағы ең қиыр жетімыңдық шың – Хан Тәңірінің етегінде орналасқан Баянқол өзенінің алқабы альпинистер арасында бұрыннан белгілі. Оның бірден бір себебі - Хан Тәңірінің атағы дүние жүзіне жария брэнд болуында. Кәсіби спортқа алыс-жақын адамдардың барлығы да бұл жерден жанына жақын дүние таба алады. Содан да болар, «Ханның» тартылыс күші альпинистерден бөлек тау туристерін де ешқашан шет қалдырмаған. Жыл сайын бірнеше жүздеген адам Теріскей Алатауы арқылы түрлі күрделілік дәрежесіндегі жорықтар жасайды. Мұнда табиғи мекендеу аймағындағы бұғы, арқар, тауешкі сияқты жабайы жануарларды кездестірудің бірегей мүмкіндігі туындайды. Сәті түссе айбарлы барысты көріп қалу да ғажап емес! Баянқол шатқалының ұзындығы, бастауынан Текес алқабына дейінгі аралықта, 70 шақырымды құрайды. Аттас өзен Сарыжаз жотасынының Баянқол және Батыс, Мәрмәр қабырғаның ірі мұздықтарынан бастау алып, Теріскей Алатауы жотасы мен Орталық Тянь-Шаньды бөліп жатыр. Баянқол алқабы нағыз қазақи жайлаудың қанат жайған орны, мұнда әр келген қонақты ерекше ілтипатпен қарсы алады!
10. Саяхатшылардың патша көңілін жаулай алған Алматы облысының кезекті табиғат кереметі – Жетісу Алатауындағы Қора шатқалында орналасқан, Орталық Азияның ең биік сарқырамасы деп танылған – Бұрқан-Бұлақ сарқырамасы. Оның құрамындағы көзге көрінетін сарқырамаларының орташа биіктігі шамамен 112 метр. Таңдану оңай болғанымен, бұл тамашаға жету оңай емес: қазіргі таңда жол талғамайтын көлікпен, Қапал асуы арқылы ғана мүмкін. Әрмен қарай шатқал түбімен сарқырамаға дейін қара жолмен 12 шақырым жүріп өтсеңіз болғаны. Бұрқан-Бұлаққа саяхат жасау бақыты бұйырып жатса, жолдың еш қиындығына мойымай, қызықты да әсерлі сәттерге толы оқиғаларды олжалап қайтарыңызға сенімдіміз!
Шығыс Қазақстан облысы: Алтай құпиялары
11. Мұзтау шыңы – Қазақ Алтайының ең жарқын бөлігі, өр Алтайдың ғана емес, бар Сібірдің ең биік нүктесі. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі саяхатшылар, ғалымдар, эзотериктер мен альпинистер осынау екібасты шыңға бағзы замандардан-ақ үлкен қызығушылықтарын танытып келеді. Мұзтау дұрыс емес пирамида пішініндегі Батыс (4435 м) және Шығыс (4506 м) шыңдардан құралған, екеуінің арасында биіктігі 4000 метрге төмендейтін «Мұзтау ертоқымы» еңісі орналасқан. Орыс ізашарлары қар құрсауындағы шыңды алғашында «Белуха» деп атаған екен. Бүгінде Мұзтаудың бауырайына сан түрлі жаяу, атты, тіпті тікұшақ жорықтары ұйымдастырылып жүр.
12. Катонқарағай ұлттық саябағының сарқырамалары мен көлдері.
Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи саябағы - еліміздегі ең ірі ерекше қорғалатын табиғи аймақ. Саябақ экожүйесі қалалық өркениеттен шалғай, адам аяғы жете қоймаған жерде орналасқандықтан, бастапқы қаз қалпын сақтап қалған. Алтай таулары батпақтар, ормандар, шабындықтар мен тундралар секілді жер бедерінің түрлі көріністерін қамтиды. Саябақтың басты игілігі – биіктігі 50 метрден жоғары Шығыс Қазақстандағы ең ірі сарқырама – Көккөл. Мұзтауға жақын маңда орналасқан сарқырамаға жаяу немесе салт атты ғана жетуге болады. Берел мұздығына апарар туристік соқпақ та саяхатшылар арасында кең танымалдылыққа ие. Язевое сарқырамасы Көккөлмен салыстырғанда кішірек болғанымен, оның барқыт мүк басқан жартасты жағалауы мен қоршаған көркем көріністері сізді бейжай қалдырмасы анық. Оған қоса, ерте заманнан Катон-Қарағай өлкесі емдік бұлақтары мен тұнық көлдері арқасында баршаға белгілі. Көбісінің көлемі бір шаршы метрден аспайтын шағын көлдердің ұзын саны 400-ге жетеді! Ішіндегі ең ірісі Бұқтырма өзенінің бастауында, орманның жоғарғы шегінде орналасқан Бұқтырма көлі. Үлкен Рахман көлі де жақын маңда. Листвяга жотасында бұлардан өзге үш ірі айдын: Қаракөл (Язевое), Черновое, Маралды көлдері бар. Бұл суларда аққайраң мен қарауыз балықтары көп кездеседі.
13. Шығыс Қазақстан облысының тағы бір көрікті жері – Марқакөл көлі. Көл өзі аттас қорық аумағында, оңтүстігіндегі Азутау және солтүстігіндегі Күршім жоталары арасында орналасқан. Ауданы 455 шаршы шақырымды құрайды! Көлге көптеген шағын өзендер мен бұлақтар құйып, жалғыз Қалжыр өзені ағып шығады. Марқакөлге де жету оңай емес: үлкен қашықтық пен жайлы жолдың болмауы көлге жетер жолды нағыз шытырман оқиғаға айналдырады. Десек те, бұл - керемет көріністерге тұрарлық сапар болмақ! Марқакөлдің суы өте мөлдір, тұщы әрі жұмсақ. Түсі жасыл-көгілдір, тұнықтығы 4-7 метр. Марқакөлде ақсерке тұқымдас майқан балық тіршілік етеді.
14. Батыс Алтай қорығы. Батыс Алтайдың тау сілемдері елімізден шет аймақтарда да кеңінен танымал. Әлемдік танымалдылық ауданның негізгі үш жотасы: Көксу, Иванов және Қоржынтау тоғысындағы жұрнақ-таулар арқасында келген. Ғажайып көріністерді көз алдыңызға келтіретін бұл жер - халық арасында "Тас ертегі" деп аталып кеткен. "Ертегі" шыңы (2179 м) етегіндегі 16 шаршы шақырым ауданды қамтып жатқан алаңда биіктігі 35 метрге дейін жететін ерекше пішін-қалыптағы тау жұрнақтары бой түзеген. Көбісінің өз атауы бар: Ақсақалдар кеңесі, Батырлар, Бақылаушы және т.с.с. Тау-тастан бөлек, Батыс Алтай өңірінің тағы бір аса тартымды қыры - биіктаулы көлдер. Кедровое көлі солардың ішіндегі ең көркемі. Мұндағы тауаралық қазаншұңқырда Батыс Алтайдағы ең биіктаулы Гульбище батпағы орналасқан (ұзындығы 6 шақырым, ені 2 шақырым). Бұл жер - бұлан, елік, бұғылардың жазғы тұрағы болып табылады. Бір сөзбен айтқанда, Алтайдың бай жануарлар әлемін құмарыңыз қанғанша тамашалап, әсерлі фотосуреттер жасай аласыз! Керек десеңіз, Қара Үбі өзені алабында, Ляминый Белок төбесінің баурайында арнайы шолу алаңдары жабдықталған. Қауіпсіз арақашықтықтан, 3-4 метрлік биіктіктен Алтай тағыларының тіршілігін бақылауға керемет жағдай жасалған!
15. Қиын-Керіш алқабы. Лаулаған жалындай болған Қиын-Керіштің қызыл-ала жартас-құздары адам қиялына сыймайтын таңғажайып көріністерді сыйлайды. Осы уақытқа дейін саяхатшылар мұнда ежелгі омыртқалы жануарлардың (мүйізтұмсық, тасбақала) сүйектерін кезіктіріп келеді. Алаулаған алқаптың заманауи тіршілігі де зерттеушілер үшін аса қызық. Сол қызығушылықтың негізінде Қиын-Керіште өткізілетін ғылыми экспедициялардың да саны жыл сайын артып келеді. Өте ыстық ауа-райы мен табиғи су көздерінің болмауы бұл жерде байқалатын өзгеғаламшарлық сарынды одан да бетер айқындай түсетіндей.
Карағанды облысы: Қарқаралы тау алабы
16. Далалы өлкеде ұсақ шоқылар мен тау алаптарының болуы Орталық Қазақстанның жер бедеріне тән ерекшелік. Соның ішінде туристер арасында ұлттық саябақ аумағында орналасқан Қарқаралы тау алабына деген сұраныс ерекше. Бұл жерде реликті қарағай ормандары сақталған. Кратер тәрізді гранитті ойпаттарды толтырған айдыны айнадай көлдер көз қуантады. Әсемдігі мен әсерлігі жарасқан көлдердің ішінде Қарқаралы қаласына ең жақын орналасқандары: тарихы да, табиғаты да тылсым аңыздарға толы Шайтанкөл мен Бассейн көлі. Ұлттық саябақ аумағындағы өзге он көлдің ешбірі бұл екеуінен сұлулығы мен құндылығы жағынан артылмаса, кем түспейді. Ал адам аяғы баспаған ну ормандар мен заңғар тауларда бұлан, елік, түлкі, қоян сияқты жабайы аңдар әлі күнге мамыражай тіршіліктерін жалғастыруда. Қызыл кітапқа енген арқарлар да Қарқаралының құшағынан пана тапқан.
Маңғыстау облысы: Боз Үстірт пен Торыш алқабы
17. Үстіртке ат басын бұрған саяхатшы ұзақ жол, иен даладағы ауыз су тапшылығы, әп сәтте өзгеріп шыға келетін құбылмалы ауа райы сынды тосын сынақтарға сақадай сай болуы керек. Аздап жаңбыр себелесе болды, құрғақшылықта көлік оңайшылықпен еңсерген жолдар қозғалысқа мүлдем жарамсыз болып қалады. Есесіне Маңғыстаудың қайталанбас көріністері сыйлар әсерлермен бойыңызға қуат дарып, қиялыңызға қанат бітеді. Ең негізгілері: Бозжыра мен Торыш алқабы. Үстірттің батыс бөлігіндегі Бозжыра жұрнақ таулар тізбегі камера объективінен таңғажайып суреттер туындайтын фотосессия үшін керемет орын. Ал Торыш алқабы көне мұхит түбінде миллиондаған жылдар бұрын қалыптасқан шар тәрізді алып тастарымен белгілі. Бұл жердің құпиясын ашамын деушілерге де Қарт Үстірт жұмбақтарын әлдеқашан дайындап қойған!
Павлодар облысы
18. Павлодар облысы: "Баянауыл". Екібастұз қаласынан жүз шақырым қашықта орналасқан Баянауыл орманды таулы аймағы Павлодар облысының ең көрікті табиғи орындарының көш басында тұр. Бұл көрікті өлке экологиялық туризмді қолдаушы саяхатшылар үшін жұмбақ жартастарымен, тылсым үңгірлерімен, шашылған моншақтай жер жерді нәрлендіріп жатқан айдын көлдерімен, бастысы қала қарбаласынан бой тасалауға болатын алшақтығымен аса тартымды. Мұндағы ең ірі көлдер: Сабындыкөл, Жасыбай, Біржанкөл және Торайғыр. 1985 жылдан бастап бұл әсем табиғат мемлекет қорғауына алынып, «Баянауыл» ұлттық табиғи саябағы құрылған болатын. Саябақта өсетін 460 өсімдіктің 50 түрі реликті болып табылады. Бұл қатарға тас қарақат пен Баянауыл қарағайы кіреді.
19. Солтүстік Қазақстан облысындағы Шалқар-Имантау аймағы. Бұл өлке отандық туризмдегі іші қазынаға толы құлыптаулы сандық сияқты. Шалқар-Имантау аймағының көргеннің көзі тоймайтын қайталанбас сипаттағы табиғаты әлі де көпшілікке қыр-сырын аша қоймаған. Бұл аймақ елімізде көлдердің саны бойынша-бірінші орын, орманды алқаптар аумағы бойынша – екінші орын, соқпақ-жолдардың жалпы ұзындығы бойынша – үшінші орынды иеленеді. Шыны керек, ауыз толтырып айтарлықтай көрсеткіштер! Ойлы-қырлы жазықтар, иірімді тау қатпарлары, айдыны айнадай көлдер мен қайың-қарағаймен көмкерілген ормандар Солтүстік Қазақстан туризмін дамытудағы керемет мүмкіндіктерге жол ашуда.
Түркістан облысы: еліміздегі алғашқы қорық – «Ақсу-Жабағылы»
20. "Ақсу-Жабағылы" – Орта Азия аумағындағы ең көне қорықтардың бірі. Орнитологиялық турлар мен қызғалдақтар табиғатын зерттеушілерге арналған жорықтар елімізде алғаш рет дәл осы қорық аумағында ұйымдастырыла бастады. Сондықтан қорық таңбасында Грейг қызғалдағының бейнеленуі де тектен-тек емес! Құстар жайлы сөз қозғасақ: мұнда қанаттылардың 130 түрі ұя салады, оның 11-і Қызыл кітапқа енгізілген. Қорық Батыс Тянь-Шаньдағы Талас Алатауының бөктерінде орналасқан. Ақсу шатқалы қорықтың басты орталығы болып табылады. Тереңдігі 1800 метрге жететін шатқалда жаяу және атпен серуендеуге мүмкіндік бар.
Бұл мақалада comfortauto.kz , e-history.kz , kompastour.asia, silkadv.com сайттарының фотосуреттері пайдаланылды.
Қайыңды көлі
Бұл көлді өз көзіңмен көрген кездегі бүкіл әсерлерді фотосуреттерді қарау кезінде сезіне алмайсың. Пайда болу тарихы сияқты өте керемет, айырықша орын. Алғаш рет көргенде оның тым көне екендігі және литосфералық тақталардың орын-ауыстыру нәтижесінде пайда болғаны сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ-та, бұл мүлде олай емес! Қайыңды көлі-Қазақстанның ең жас ерекше көлдерінің бірі. Ол 1910 жылы алып көшкін түсіп, шатқалды тосқауылдап қойғанда, ең көбі 100 жыл бұрын ғана пайда болды.
Осылайша, мөп-мөлдір бұлақ суы бұл резервуарды бірте-бірте толтырып, өсіп тұрған қылқан жапырақты орманды сумен басып кетті. Таңғаларлығы бұтақтардың сақталғаны, алайда, судың астында! Су үстінде тұратын ағаш діңдері толықтай жалаңаштанып, бүгінгі күнге дейін төбешіктер сияқты қылтиып тұр. Халықта оларды Қорғаушылар деп те атайды. Көл суы қаныққан көгілдір түсті, кейде реңін көк-жасыл түстен көкшіл түске өзгеріп тұрады. Жақынырақ келіп қарасаңыз, тұп-тұнығына таң қаласыз, тіпті, су асты әлемін де тамашалауға болады. Ал, дайвингке құмар жандар бұл орынға енжар қалмас.
Білу қажет:Көл Саты ауылына жақын, Алматыдан 288 километр қашықтықта орналасқан. Дәлірек айтсақ, ауылдан көлге дейінгі соңғы 12 шақырымды аса қиылыспалы жолмен жетуге тура келеді. Экологиялық алым төлеуге дйын тұрыңыз, өйткені Қайыңды көлі және оның маңындағы шоқ қайыңдары 2007 жылдан бастап ұлттық саябақтың құрамына кірді. Мұнда суға түсуге өте суық болар, су температурасы +6 градустан көтерілмейді, ал ауа температурасы тым қолайлы +23 градус. Қысқа периодқа Саты ауылында жайғасуға болады. Сонымен қатар, бұл жерлерде туристік инфрақұрылым жақсы дамыған, тілек білдірушілер «түнейтін» жерлер және жету жолдары жайлы уайымдамай, көлге тур арқылы сапарға аттана алады.
Бурабай - нағыз туристік жәннат
Көбінесе биіктен байқауға болатын бүкіл әсем көріністерді көре алмаймыз. Шіркін, қанаттарымыз болса еді... Міне, осы қасиетімен Бурабай ерекшеленеді. Жеке тікұшағы немесе қанаттары жоқтар Бурабайдың барлық ғажайыптарын құс ұшар биіктіктерден көре алады. Ол үшін 147 метр биіктіктегі көру алаңына, Бөлектауға көтерілу жеткілікті. Алаңнан өлкенің барлық көрікті жерлерінің табиғатына фантастикалық көрініс ашылады: Бурабай және Үлкен Шабақты көлі, Жұмбақтас жартасы, Оқжетпес тауы және Көкшіл шығанақ. Сурет жантүршігерлі әсерлі болып шығады, тіпті, бір сәтке қайда екеніңді ұмытып та қаласың, осындай ғажап жап-жақын орналасқанын біздің еш хабарымыз да жоқ.
Бурабайда ешқашан болмаған туристердің көбісі басында таң қалады: бәрі сөз ететін осындай көрікті жер не басы не аяғы көрінбес далалы жерде қалайша орналасқан? Ал, сосын, күтпеген жерлерден шыққан қалың ормандар мен қапталған биік таулар, өзендер және бірегейлі тас үйінділерін көрген кезде үнсіз қалады. Демалыс жоспарлағандай өту үшін мұнда барлығы жинақталған: жағажайда жатып демалатындарға – мөлдір таза көлдер, спа-қызметтері және массаж қызметтері бар шипажайлар, ал белсенді демалысты сүйетіндерге – ат үстінде серуендеу, әйгілі Бөлектау, Көкшетау, Оқжетпес тауларына шығу, саңырауқұлақтар мен жеміс-жидектерді теруге сапарлар және тағы басқалары.
Ал, қазір, үздік фотосуреттерді қалай жасауға болатыны жайлы кішкене мәлімет.
Білу қажет: Экскурсиялық топтан бөлек Бөлек тауына көтерілуге аттансаңыз, бірнеше нәрселерді ұққан жөн. Тауға дейін көлікпен баруға қорықпаңыз, себебі тау етегінде бірнеше автотұрақтар бар (тегін және ақылы). Жол жүру бағытын жергілікті тұрғындардан сұрауға немесе картадан табуға болады. Жолды ұзақ іздеуге тура келмейді. Тауға көтерілу қиын емес, бірақ-та ыңғайлы аяқ-киім және киім киген дұрыс. Жаңбырдан кейін немесе құбылмалы ауа-райында тауға көтерілуден сақ болыңыз – бұл кездері тау аса қауіпті.
Бозжыра: Жердегі Айдың телімі
Жергілікті қатал табиғаттың ғажабына қол ұшын тигізуге әлемнің түпкір-түпкірінен туристер келетін орынның ғаламторда толып жатқан керемет фотосуреттерін табуға болады. Ол дала жазықтарының шөлді және біркелкілігіне кешірім сұрап жатқандай, бозғыл, ақ және сарғыш түске боялған көз тартарлық аралшық тудырды.
Ертеде Үстірт толығымен су астында болатын. Мұнда 10 миллион жыл бұрын болған көне Тетіс мұхитының толқындары долыған. Барлық қазіргі теңіздер мен мұхиттардың ата-тегі – Тетіс мұхиты. Тетіспен, оның тереңдігімен салыстырсақ олардың бәрі бізге орташа көлдер тәріздес көрінетін еді. Жұмсақ әктасты алып толқындарымен шайып, ауа-райының және жер бедерінің өзгерістерінің әсерінен теңізге шегінуге тура келді. Жел мен күн елгезек жыныстарды алуан түрлі формаларға мөрлеп ісін аяқтады. Мұнда мұнараны, қорғандарды, өткір шыңдарды, ұзын шатқалдарды, тіпті, киіз үйлерді де көруге болады. Жабайы жануардың сойдақ тістері тәріздес өткір екі үлкен әктасты шыңдар (биіктігі 200 метрдей)бұл жердің өзгешелігі. Егер уақытыңыз мол және көзіңіз жақсы көрсе, онда шатқал түбінен тасқа айналған қабыршақтарды табуға болады, ал жолы болғыштар сүйекқалдықтарын немесе көне акулалардың тістеріне кезігеді.
Білу қажет: Бозжыра алқабы Ақтау қаласына 300 шақырым қашықтықта орналасқан және оған екі жолмен жетуге болады. Біріншісі – қуатты жол талғамайтын көлікте, себебі шатқал іргесінде жол жоқ. Алайда, қайда бару керек екенін білсеңіз, көру алаңына апаратын жолға түсуге болады. Алаңнан Бозжыраның ғарыштық ландшафтарына ғажайып көрініс ашылады. Туристік компаниялардың қызметтерін қолданып, Шопан ата мен Бекет ата жер асты мешіттеріне аялдама жасап, Маңғыстау бойынша турға және Түйесу құмдарына сафариға шығуға болады. Бірақ-та, сапардың бағасы 3-4 адамға 100 мың теңгедей шығатынына дайын тұрыңыз. Тур бағасы алынған әсерлерге тең болатынына күмәніңіз болмасын!
Рахман қайнарлары
Теңіз деңгейінен 2000 метр биіктіктегі Алтайтауларының жүрегі, Қасиетті Мұзтауға ашылатын ғажайып көріністер, Арасан сарқырамасы, ашық аспан астындағы шипалық бұлақтар – нағыз жәннат осы емес пе? Ең болмаса мұндай әдемілікті тамашалау үшін ғана осында келу қажет. «Рахман қайнарлары» курорты туристерді көптеген басқа нысандарымен де еліктіреді, өйткені бұл тек көзбен шолу жасау бейнесі ретіндегі орын емес, оған қоса адам денсаулығына пайдалы мекен. Мұнда организмнің барлық өмірлік ресурстарын қайта қалпына келтіре отырып, өз денсаулығыңды емдеумен қатар ұқыптап қорғалатын, пәк табиғатты тамашалауға да болады.
Бұл нағыз бальнеокурорттың өзі, мұнда бірнеше ғасырлар бойы әлемнің түпкір-түпкірінен адамдар тері және жүрек ауруларын емдеу үшін, қысымды және орталық жүйке жүйесінің жұмысын қалпына келтіру үшін, мезгілдік аллергияның әсерін төмендету үшін келеді. Сонымен қатар, осындағы радонов бұлақтардың құрамы барлық адамдарға сәйкес келетіндей соншалықты үйлестірілген, ал температуралардың айырмашылығы 24 градустан жоғарылығы әртүрлі типті ауруларға сәйкес келетін бұлақты таңдауға мүмкіндік береді.
Бұл жердегі демалыстан кейін әлі де көп уақыт жергілікті табиғаттың әсемдігін және сыйлаған ғажайып тыныштық әсерлерін еске алып отырасыз: ауаға қылқан дәмін тарататын, жүздеген жылдар бойы тау бөктерінде өсіп тұрған салтанатты алтайлық кедірлерін, шыңдары аппақ қант тәріздес тауларын, күн астында мінсіз тегіс беті жалтылдап жатқан мөп-мөлдір рахман көлін... Недеген рақаттық!
Білу қажет: курорттық зонаға немесе шипажайға жету онша күрделілік туғызбайды, егер де жол талғамайтын көлігіңіз болса. Жол толықтай картада бар, бірақ ойлы-қырлы жерлермен жүруге тура келеді. Егер шипажайға аттанатын болсаңыз, онда, ол, мүмкін, жеке меншік автобус ұсынады, мұндай жағдай өте ыңғайлы. Емдік шараларынан басқа белсенді демалыспен де рақаттануға болады: тауларға шығып, сарқырамаларды тамашалап, ат үстінде жүру серуендеріне, экскурсияларға шығуға, қайықта жүзуге, ал қыста шаңғы, сноубордпен сырғанауға.
Қорғалжын көлдері
Қызғылт қоқиқаздар (және бұйра бірқазандар) Қазақстанда... Бұған сене аласыз ба? Экзотика! Тіршілік ету ортасында және барлық айбынымен оны Қорғалжын қорығының аумағында көруге болады. Бұл тамаша құстардан басқа, мұнда қанаттылардың мыңдаған алуан түрлері мекен етеді, себебі бұл екікөші-қону бағыттарының қиылысу орны: орталық-азиаттық және сібірлік-оңтүстік-еуропалық. Көші-қону кезінде екі көлдің (Қорғалжын мен Теңіз) айдыны еліміздің далалы жерлерінде кездестіре алмайтын құстардың алуан-алуан және сирек түрлеріне толы. Еуразияның ең көрікті де ерекше орны. Сәуір айында,көл беті Қазақстанның Қызыл кітабына енген Шренк қызғалдақтарымен кілем тәріздес қапталған кезде мұндағы көріністер көздің жауын аларлықтай. Ең қызықтысы – Теңіз көлінің тұздылығы, батып кетуден қорықпай шалқасынан жатып, кітап оқуға болады. Ал, Қорғалжын – керісінше, тұщы, есесіне бедері бірегейлі: қамыс көлді екі жеке бөлікке бөлді, оларға, аттар да берілді. Мұндағы фотосуреттер NationalGeographic суреттеріне сай: бейнелі, өзіндік ерекшелігі бар, тартымды.
Білу қажет: саябақтың аумағына оңай кіре алмайсыз, тек арнаулы рұқсат қағазымен және қызметкермен бірге ғана. Эко бағыттарды (мамырдан қазанға дейін)ұйымдастырушылардың қызметтерін қолдана отырып, жеке меншік жол талғамайтын көлікпен немесе арнаулы автобуспен саяхатқа шыққан ыңғайлы. Егер де саяхат жасауға өз еркіңізбен шыққыңыз келсе, онда жол талғамайтын көлік жайлы кеңесімізді жоққа шығармаңыз – мұндағы жолдар құмды, тасты және кейбір жерлерде сумен ойылып кеткен. Экоалым – 300 теңгедей, гид қызметі – 15 мыңға жуық. Әртүрлі комплексті экскурсиялар да бар,олардың қатарында туристерге қызықты жерлердің бірнешеуін бірден тамашалау, жаяу жүру серуендері және тағы басқалар.
Ақтаудың түрлі түсті таулары және әйгілі Ән айтатын барқандар
«Алтынемел» ұлттық саябақтың інжуі негізінде түрлі түсті Ақтау атты таулар деп саналады. Иә, қазақшадан аударғанда Ақтау – ақтау, алайда, тек алыстан ғана таулар ақ түсті болып көрінеді. Неғұрлым жақындай келе жатсаңыз, олардың реңі соғұрлым ашығырақ болып көрінетін сияқты, ал жалтылдаған кальцит кристалдарының қорымдары мен әртүрлі формалары бұл көрікті суретті тек толықтырады. Таулар қызғылт-сары-қызыл түсті батып жатқан күн нұрларына бөленген кезде көптеген туристер көз жетпейтін кадрлар жасап үлгереді.
Алайда, бұл әле де соңы емес. Егер Ақтау – інжу, онда Әнайтатын барқан – бұл, гауһар. Ол «Әлемнің жаңа 7 ғажаптарының» қатарына кіреді, өйткені ол ән салады! Иә-иә, желдің сәл ғана ұйытқулары барқан шыңынан құмдарды түсіріп, құм төбені, орган дыбысына ұқсас дыбыстармен гуілдетеді. Батып жатқан күннің аясында қандай керемет фотосуреттер жасауға болады!
Білу қажет: өздігінен тек жақсы жол талғайтын көлікпен жетуге болады, себебі тек Нұрұм мен Ақтөбе ауылдарына дейін ғана жол жақсы, одан соң – қарапайым далалы және өте құмды. Айналаңыз құмға және шаң-тозаңға толы болатынына дайын болыңыз. Ұзақ жолдан кейін Қосбастау шатқалындағы шипалы радонов бұлағында жуынып, қайтадан тау сілеміне қарай бірнеше километрге жолға шығуға болады. Ән айтатын Барқанға экскурсиондық турдың құрамында жеткен жөн, өйткені алымға, гидқа, тамаққа және тағы басқаларына қаражат сапар бағасына кіреді.
Алтайдың киелі үшбасты тауы - Мұзтау
Мұзтау... Ұмай ананың тұрағы, ғарыш энергеясының орны,«өткеннің аппақ куәгері және келешектің кепілгері» - бұл эпитеттер Алтайдың еңбиік тауын тектен-текке сипаттамайды. Көптеген мыңжылдықтар бойы төрт елдің алуан түрлі халықтары – Ресей, Қазақстан, Монғолия және Қытай оны аңыздар мен тылсымдармен қоршап, дінмен және көне хикаялармен байланыстырған. Тіпті, қазіргі күнде де ең болмаса бір ғана аппақ шыңдарға көріністен қалтырай бастайсың, ал көз алдыңда өткеннің бейнелері шыға келеді. Ең көрікті көріністі Қаракөл (басқаша атауы Язевое) жағасынан тамашалай аласыз. Бұған қоса Көккөл сарқырамасына да жетіп, жоғарыдан төмен ағып жатқан долы ағындардың көрінісіне рақаттануға және Мұзтаудың аппақ қант тәріздес шыңдарын тамашалауға болады.
Білу қажет: Егер сіз кәсіби альпинист болмасаңыз және бұл мекендерді білмесеңіз ешбір жағдайда тауларға өздігіңізден аттанбаңыз. Біріншіден, жолдардың, сыртқы әлеммен байланыстың, Мұзтау шыңдарынан басқа, қандай болса да бағдардың және деадамдар мекендейтін ауылдардың жоқтығы – жағымсыз жағдайлар туғыза алады. Екіншіден, көптеген мамандандырылған бағдарлар туристердің барлық көріктіжерлерге барып-қайтуын ұйымдастырса, бұл шиеленісті жағдайлар не үшін қажет?
Шарын шатқалы
Тянь-Шань тау тарамдарында табиғаттың нағыз ғажайып туындысы – жасы 12 миллион жылдарға жететін, шөгінді жыныстардан құралған Шарын шатқалы орналасқан! Ұзындығы және аумағы бойынша әлемде екінші орынға ие. Ол тек Гранд-Каньон шатқалынан жеңіліс табады, алайда әдемілігімен әлі де жарыса алады. Мыңдаған жылдар бойы жел, су және жер бірбеткей тас мүсіндерін, үңгірлер мен аңғарларды шатқалды бүгінгі күнгі түрге келтіріп, қалап келе жатты. Кез келген жерінен түсірілген фотосуреттер керемет болып, ал шатқалдың түбінде түсірілген фотосуреттер айырықша көрікті болып шығады. Шарынның тас беттерін қоңыр қызыл түске бояйтын батып жатқан күн сәулелерін ұстап үлгерсеңіз, одан да ғажайып фотосуреттер ала аласыздар.
Білу қажет: Мұнда көктем немесе күзде келген жөн, жаздық аптап саяхатқа кедергі болмас үшін. Шатқалға жеке меншік көлікпен де (егер де көлікпен шатқалға түспекші болсаңыз, онда жол талғамайтын көлікпен келген дұрыс), Алматыдан жүретін автобуспен де немесе экскурсионды автокөліктермен жетуге болады. Ең танылған турлар демалыс күндердегі турлар: сіздерді шатқалға жеткізіп салып, үздік шолу нүктелерін көрсетіп, аңызға айналған, релікті Шаған шағын орманына да жеткізеді. Әлемде олар тек екеу! Мұз дәуірінен бастап мұнда пайда болып,барлық тіршілік үшін қатал суық күндерін басынан өткізді. Тамақтануға жергілікті мейрамханаларға баруға болады.
Көлсай көлдері
Көлсай көлдері көк тастардан болған моншақ сияқты Тянь-Шаньнің солтүстік бөктерін одан сайын көріктіре безендіреді. Олар үшеу ғана: Төменгі, Ортаңғы және Жоғарғы Көлсай. Біріншісі – ең суығы, сайдың тереңдігінде орналасқан, сондықтан айтарлықтай ұзын. Ортаңғысы – жағасынан ашылатын көрікті көрінісімен, тау алқабындағы гүлдер қорымымен, қылқан жапырақты орман шыңдарымен қапталған ең әдемісі және ең үлкені. Үшіншісі – ең кішісі, алайда еңжайлысы. Мөп-мөлдір суларын жартастардың қорғанысында сыртқы әлемнен жасырынғандай орналасқан. Әрбір көл аясындағы фотосуреттер әртүрлі және қызықты болып шығады: су өте жиі түсін өзгертеді, көкшілден бастап малахитты түске, одан соң қайта көгілдір немесе қою көк түске ауысады.
Білу қажет: Автокөлікпен тек бірінші көлге жетуге болады, сонымен қатар аумаққа және экологиялық алымдар (200 тг көлікке және адам басына 650 тг-ден) төлеу қажет етіледі. Одан соң жаяу жүріп көтерілуге болады, екінші өзенге жіңішке жартасты жол жеткізеді. Көлдің жағасында қонақ үй бар, ол жерде нөмірді жалға алып ыңғайлы жайғаса аласыздар. Немесе қаражат көп жұмсамай Саты ауылындағы кішігірім үйшіктерде қалуға да болады. Және де 2-ші, 3-ші көлдердің арасында шатыр құрып қалуға рұқсат, алымы – 500 тг.
Индер тұзды көлі
Атырау қаласынан 180 км қашықтықта орналасқан, батып кетуге болмайтын тағы бір көл – Индер (жергілікті аты Тұздыкөл) көлі. Оны жер қойнауынан жоғары сапалы тұздарды тасымалдайтын қуатты жер асты сулары қоректендіреді: калий, бром, бор, қайнатпа тұз, йод және магний. Мұнда шипалы саз ванналарға және көл суына шомылған денсаулыққа пайдалы екенін ескерту қажет пе? Жергілікті тұрғындардың бәрі тұзды судың теріге және толықтай организмге емдік қасиетін әсер ететінін бұрынан белгілейді: бүкіл уыттарды тартып алады, тіпті, кішігірім жаралар да емделеді, тері аурулары жазылады. Бірақ, Индер тек мұнымен ғана танымал емес: жалтылдаған аппақ беті және жағалауындағы жалт-жұлт еткен тұздардың кристалдары фотосуреттерді жасауға құмар жандарға нағыз Мекка сияқты көрінеді.
Білу қажет: Көлге өздігінен де (180 км асфальтпен және 20 шақты км-дей қара топырақты жолмен) және жергілікті кәсіпкерлер ұсынатын сауықтыратын тур құрамында жетуге болады. Жағасында шатырлар құрылған, онда шипалы саз ванналарда шомылғаннан кейін демалуға қажеттілердің бәрі бар. Бірақ, теріні тұздармен шамадан артық тойындырып, құрғатпау үшін 20 минуттан көп шипалы саздарда кідіру қауіпті.
Міне, Қазақстанның көрікті пейзаждарының үздік ондығын қарастырып шықтық. Басында, біз, тек фотосуреттерге қолайлы жерлерді атап кеткіміз ойымызда болды, алайда, бұл жерлердің тарихына және туристік ерекшеліктеріне тереңірек батпауға мүмкін емес. Оған қоса, сіздер үшін кейде саяхатшылар ұмытып та кететіндерді есекере кетіп, тиімді болатын кеңестерді де қостық. Тізімдегі барлық локацияларды көріп-қайтып, біздің шаттығымызды түсініп те қаласыз – әрқайсысы өздігінше еліктіреді, алдыңғылар.
Өзге әлемдер мен галактикалардағы «өмір» жайлы түрлі ой салады. Осы жерлерде өткен әр мезетті мәңгілік есте сақтап қалғыңыз келеді де, жарық жылдамдығына бәсекелес бола алатындай шапшаңдықпен суретке түсіре бастайсыз. Дегенмен, қиялдың қанаты талғанда еріксіз өз жерімізге түскіңіз келіп, жаныңыз жасыл желек пен мөлдір суды аңсай бастайды.
Өзіміздің «өзге ғаламшарларымызға» ұйымдастырылған саяхаттар мен жорықтар егжей-тегжейлі ойластылуы міндетті. Мұнда көзіміз үйреніп қалған нұсқаулықтар, тас жолдар, тіпті су көздері де жоқ. Соңғысы ең қиын мәселе, себебі су 10, одан асса 100 шақырымдық аралықта да табылмай қалуы ғажап емес. Өзге ғаламшарлық табиғаттың кереметтерімен қоса, сынақтарына да сақадай сай болған жөн. Айта кетеін жайт, жыл сайын мұндай батыл, шытырман оқиғаларды іздеуші саяхатшылар қатары еселеп толығуда. Олай болса, көп созбай өзге ғаламшарлық көріністерге толығырақ тоқталайық. Осы мақаланы оқығаннан кейін сіз де аталған саяхатшылар қатарына қосыларсыз!
Қазақстандағы Марстың ұшқыны
Ұлан-ғайыр даламызда Марстың үш бөлшегін табуға болады: Шығыстағы Қиын-Керіш алқабы, Сарыарқадағы Ақжар және Алтынемел ұлттық саябағындағы Ақтау. Марсты Жерге мейлінше жақын орналасқан кезінде зерделеп бақылайтын болсаңыз, оның қыртысы қызыл түсті екені бірден көзіңізге түседі. Содан болар, халық арасында ол Қызылжұлдыз аталып та кеткен. «Ғарыштық құрылғылардың жасаған суреттерін анықтап қараса, Марстың сыртқы қыртысын тоттың түр-түсімен теңестіруге болады. Шынымен де, бұл ғаламшарды «тот басқан», бұл құбылыс темір оксидінің көп мөлшерде болуымен түсіндіріледі»,- деп пайымдайды ғалымдар. Ал Жердегі Қызылжұлдыз ұшқындары өзінің қою сарыдан қанық қызыл, кейде тіпті күлгін түсті түр-сипатын топырақтың құрамдас бөлшектерінің байланысы нәтижесінде иеленген.
Осылайша, Қарағанды және Қостанай облысы қиылысындағы Ақжар тауларына саздақ пен гипстің аметист кристалдарымен әрекеттесуі айрықша қызыл-күлгін түс береді. Таңғажайып көрініс! Осы жерде түсірілген суреттер әлеуметтік желілердегі парақшаларыңыздың сәнін келтіріп, көптеген лүпіл жинары анық!
Ақжар тауына жету үшін жаныңызда жергілікті жолдардың барлық тармағымен жақсы таныс гид пен «жолсыз» жерлерді еңсере алатын мықты темір тұлпар керек. Мұнда жол нұсқаулар жоқтың қасы.
Шығыс Қазақстан облысындағы Қиын-Керіш алқабы да өркениет орталықтарынан әлдеқайда алшақ орналасқан: Күршім елді мекенінен 120, Өскемен қаласынан 300 шақырым қашықта. Сумен шайылып, қуатты желдермен желпілген қызыл түсті сазды шөгінділерден ғажайып көріністер құралады. Ғалымдар Қиын-Керіш мезозой дәуірінің ыстық әрі ылғалды тропикалық климаты жағдайында түзілгенін алға тартады. Бұл дәуірде динозаврлардың мекен еткенін еске түсірсек, шынымен де бірегей орын екенін аңғарамыз. Қиын-Керіште қонып қалуға кеңес бере алмаймыз. Себебі жергілікті желдер ежелгі қуатын жоғалтпаған. Алқапты аралап шығып, жарқын естелікке бірнеше сурет жасап қайту үшін 2-3 сағат артығымен жеткілікті. Жорық аяқталған соң қарт Зайсанның жағасына барып шатыр құрып, күш жинап демалғаннан кейін, ары қарай Шекелмеске аттансаңыз болады. Бұл - саздан құралған табиғи лабиринттер мен үңгірлері бар табиғат ескерткіші.
Саябақ аумағында сіздің жаныңызға Ақтаудан бөлек Алтынемелдің басқа да байлықтарымен толық таныстырып, тарихын баяндап беретін кәсіби гидтер бекітіледі. Жол жөнекей Қатутау жотасына соғуды ұмытпаңыздар. Түстері біркелгі қоңыр болса да, қиял-ғажайып қалыптар сізге ұмытылмас әсер сыйлайды. Саябақты аралай жүріп қарақұйрықтар мен құландардың табынын кездеріп қалуларыңыз әбден мүмкін.
Уран емес, Үстірт
Егер ғаламшараралық салыстыруымызды түстік бағытта жалғастырар болсақ, Бозжыра мен Үстірт алқабын телескоппен қарағанда көгілдір түсті болып көрінетін Уранға ұқсатсақ болады. Ғалымдар: «Уран ғаламшарының көгілдір түсті болуы атмосферадағы метанның қызыл сәулелерді сіңіруінен туындайтын құбылыс. Жермен салыстырғанда Күн энергиясын 140 есе, ал жарығын 400 есе кем алатындықтан, ғаламшардағы ауа температурасы өте төмен, шамамен Цельсий бойынша -208 -212 градусты құрайды. Осыған байланысты оны «Мұз алыбы» деп те атайды,» – деген қызықты деректерді келтіреді.
Жан-жағыңыздан жел соққаны болмаса Маңғыстаудағы Үстіртке, жұрнақ-тау Бозжыраға келіп сіздер «Мұз алыбының» ызғарын сезіне қоймайсыз. Бұл қуанарлық жай. Ал көрініс ұқсастығына еш күмәніңіз болмасын. Атауынан-ақ алқаптың көгілдір және сұр түске боялғанын аңғарса болады. Күндіз бар Үстірт сұрғылт, «боз» тұманға оранғандай көрініс береді.
Бозжырада жасалған суреттерде кездесетін ең танымал нысан – өз пішініне байланысты Азу аталып кеткен қос әктасты шың. Олардың биіктігі 200 метрден жоғары. Жергілікті гидтердің көмегімен бозжыралық қамалдар алқабына керемет көріністер ашылатын айтарлықтай тар табиғи «шолу алаңына» жете аласыз. Дәл осы шыңдардан дрон қолдану арқылы өне бойды баурап аларлықтай тамаша бейнекөріністер түсіруге болады.
Бозжыраға жету үшін саяхатшылар шөл мен шөлейттердегі сортаң топырақтың құрғауынан пайда болған тақыр арқылы өтетін жүздеген шақырымға созылатын жолды жүріп өтуі керек. Құрғақ күйінде тақыр жер тегіс әрі берік болып келеді. Мұндай болуы өз кезегінде тақыр үстімен жүретін көлікке тас жолдағыдай жылдамдықпен қозғалуға мүмкіндік береді. Дегенмен, жаңбыр жауған жағдайда саяхат барысында туындайтын түрлі қиындықтарға дайын болу керек.
Бозжыраның ғажабына қанып, Ақтауға қарай жол тарқан болсаңыз, тағы бір «өзге ғаламшарлық» көрініске куә бола аласыз, ол – биіктігі 160 метрге жететін Боқты жұрнақ-тауы. Тау симметриялы және әр тарабынан қараса бірде трапеция, бірде үшбұрыш пішінін қабылдайды. Боқтыдан Бозжыраға дейін – 37, Ақтау қаласына дейін – 298 шақырым.
Үстірттегі тылсымға толы Торыш шар алқабы.
Өркениеттен алшақ болса да, сыр-құпиялары ашыла қоймаған алқап адамдарды ерекше қызықтырады. Дұрыс домалақ пішінді немесе қақ жарылған тастар түрлі түске боялып, алуан көлем қабылдаған. Ғылыми тілмен айтқанда бұл конкрециялар шөгінді жыныстар: құм мен саздан құралған. Тастардың шығу тегі әлі де шешілмеген жұмбақ күйінде, Торыш алқабын кей ғалымдар көне мұхиттың ағыстарына байланысты қалыптасты деп түйіндесе, екінші бір топ шынайы өзге ғаламшарлық тіршіліктің әсерінен туындаған құбылыс деп біледі. Қалай болғанда да тылсымға толы орын! Шатыр құрып, бұл жерге қонып жатсаңыз, осы тылсым дүниені өз жаныңызбен сезе аласыз!
Ақ жамылған ардақты Ақтолағай
Ақтөбе облысында орналасқан Ақтолағай борлы үстірті «өзге ғаламшарлық» атағына толықтай сай келеді. Оңтүстіктен солтүстік-Шығысқа қарай созылып жатқан үстіртте сізді көптеген «тосын сыйлар» күтеді. Тау-тасты аралап жүріп, кенеттен ежелгі алып акуланың азуын кездестіріп қалсаңыз, еш таңданбаңыз. Ақтолағайда мұның бәрі үйреншікті жайт. Тау тізбегінің бір бөлігі Атырау облысы аумағына кіреді, көп бөлігі Ақтөбелік. Батыстан Ақтолағайға қатарлас Ембі өзені ағып жатыр. Бір жағы Алшынсай, екінші жағы Тоғалай құмдарымен қоршалған.
Әлемнің әр түпкірінен келетін саяхатшылар мен ғалымдар көбінесе Ақтолағайдың оңтүстік беткейіне тоқтайды. Мұнда биіктігі бірнеше ондаған метрге жететін, аппақ бөктерлі тік борлы қабырғалар бар. Одан жоғарырақ палеогендік жыныстардың түрлі-түсті қабаттары көрінеді.
Бүгінде Оңтүстік Ақтолағай үстірті Республикалық және халықаралық маңызы бар мемлекеттік қорықтық қордың геологиялық және геоморфологиялық нысаны болып табылады.
Бектау ата құпиялары
Әлемде астрономдар Қарағанды облысы Балқаш қаласынан 70 шақырым қашықта орналасқан Бектау ата тауларының түсіне ұқсас тау құрылымдарын әлі анықтай қоймаған. Балқаш маңында етек жайған қатпарлы тау ерекше қызғылтым түске ие. Алматы-Қарағанды тас жолымен жүйткіп жүрген көлік жүргізушілердің көбі, төбелердің арғы жағында қандай керемет жасырылғанын білмейді де. Гранитті құрылымдардың арасында кішігірім тоғайлар, жұмбақ үңгірлер, кішігірім көлдер кездеседі. Жоғарыда аталған «өзге ғаламшарлық» көріністердің ішінде адам тіршілігіне ең қолайлысы осы Бектау ата болар, себебі судан тарықпайтыныңыз анық.
Қызыл, ақ, көгілдір, қызғылт көріністер ешкімді бейжай қалдырмасы күмәсіз. Су қоры мен цифрлық құрылғыларыңыздың қуатын толтырып алып, қазақстандық «өзге ғаламшарларға» деген алғашқы батыл қадамыңызды жасауға шақырамыз! Алтын күн, азат жел, естен кетпес естеліктер сізге серік болады!
Сарқырамалардың көптігі сонша, бірқатарына атау да берілмеген. Көркемдігін айтып жеткізуге сөз жетпейтін осынау табиғат кереметін әрбір тау соқпағынан кездестіруге болады. Әлемнің жұмбақ сырларын ашуға талпынған жандар таңғажайып табиғат пен қиял-ақиқаты аралас аңыз-әпсаналарды тоғыстырған Алтай бауырайын тылсым Шамбала өлкесі деп те атайды. Зейін салып қарасақ, Алтайдың да, Катон-Қарағайдың да ашылмаған құпиялары жетерлік. Әзірге, осы мақаламызда, ең ірі және ең танымал сарқырамалар жайлы ғана сөз қозғайты
Катон-Қарағай немесе Алтай дегенде көз алдымызға бірден бұлттармен таласқан Мұзтаудың бейнесі келеді. Қос шыңды (Батыс шыңы - 4440 м, Шығыс шыңы - 4506м) таудың атағы елімізден шет аймақтарда да асқақтап тұр. Бұл – Өр Алтайдың басты болса да, жалғыз мақтанышы емес. Аймағы 643 477 га тең ұлттық саябақ кең-байтақ аңғарларға, тасыған тау өзендері мен айдын көлдерге, қуатты сарқырамаларға бай.
Көккөл сарқырамасы
Алтайдың ең ірі сарқырамасы Үлкен Көккөл өзенінің сағасында орналасқан. Маңғаз Мұзтауға көтерілуге ниеттілердің барлығы дерлік Көккөлдің кереметіне куә болып, жол жөнекей атақты сарқырама жаққа ат басын бұрмай кетпейді. Қанша дегенмен, Көккөл онсыз да танымдық туризмнің дараланған, маңызды нысаны болып табылады. Биіктігі 60 метр, ені 10 метрге дейін жететін тік жартастан арқырап аққан алып су ағымы мен сарқыраманың бар кеңістігін жайлаған майда су тозаңының күн шуағына шағылысқандағы ғажап күйін елестетіп көріңізші! Еліктірер көрініс.
Сарқырама, тау шатқалы, шыршалы-қарағайлы аралас орман – қиялдағы ертегі әлемінің есігін ашады. Ал Табиғат-Ана сыйлаған шолу алаңында осы ертегіге қанық болып, естелік болар әдемі фотосурет жасау үшін барлығы алдын-ала ойластырылып қойғандай.
Көккөлге тек екі жолмен: жаяу не салт атты жетуге болады. Сарқырама бойымен өтетін туристік соқпақ Берел мұздығына жол тартқан саяхатшылар арасында да аса танымал. Жалпы Мұзтауға қарасты өзен алаптарында ұзын саны – 162 тау мұздығы бар.
Қаракөл сарқырамасы
Қаракөл көлінің жағалауынан да мұнарлы Мұзтаудың әсем көріністері ашылады. Осы айдынды мекен еткен аққайран балыққа байланысты орыс тілінде Қаракөлді «Язевое» атаған. Көл теңіз деңгейінен 1656 метр биіктегі аңғарда орналасқан. Ғалымдардың зерттеулеріне сүйенсек, бұл өңірде Қатын мұздығының тармағы өтіп, кейіннен орнында өзен ағысымен шайылып кеткен шағын мореналар ғана қалған. Көлден 5 шақырым қашықта, ғасырлар әлдилеген 20-25 метрлік ағаштардың арасымен өтетін бағдарды басшылыққа алсаңыз, көлмен аттас Қаракөл сарқырамасына да жетесіз. Мұндағы он шақты жартастың ортақ биіктігі 10-12 метрді құрайды. Сарқыраманың төменгі жағындағы қуатты су ағыны әуесқой балықшылардың қарауыз балықты олжалап қайтуларына таптырмас мүмкіндік береді.
Арасан сарқырамасы
Мұзтауды іздесеңіз, Арасан өзенінің аңғарындағы «Рахман бұлақтары» курорттық аймағынан шығатын жаяу экосоқпақпен серуенге шықсаңыз, қарға оранған қос шыңға көзіңіз жетеді. Бұл маңда адасып кету қауіпі де жоқ. Жалғыз жол Арасан көлінің батыс – оңтүстік-батысынан өтіп, әрмен қарай Берелге апарады. 3 шақырымдық жол ашық күні Мұзтауды анық көруге болатын, ақпараттық тақта мен демалыс күркелері құрылған шолу алаңына жеткізеді. Тағы 1 шақырымды еңсере алсаңыз, Арасан сарқырамасының дәл өзі көз алдыңызға келеді. Арасанға апарар жолда ағаш баспалдақтармен жабдықталған тік еңістікке салынған соқпақ бар. Биіктігі 5-6 метрге жететін сарқырама шағын жартаспен екіге бөлінген. Өкінішке орай, 2007 жылы бұл жердің табиғи игілігі отқа оранып, әлі күнге дейін қалпына келтіріліп жатыр.
Рахман сарқырамасы
«Рахман қайнары» курортының маңында, Арасан өзенінің аңғарында, оңтүстік-шығысқа қарай 1,8 шақырым жерде Рахман сарқырамасы орын тапты. Ел арасында сарқыраманы арудың сүмбіл шашына ұқсатқан көркем теңеулер де кездеседі. Биіктігі 30 метрге жететін Рахман сарқырамасы кішігірім биіктаулы мореналық көлден (теңіз деңгейінен 2265 метр биікте) бастау алатын бұлақтан қалыптасып, Рахман көліне құяды.Туристерге келесідей бағдар ұсынылады: қайықпен көлдің арғы бетіне өтіп, ағаштан соғылған соқпақпен сарқырамаға қарай қозғалу. 4 шақырымдық соқпақ ну орманның ортасынан сарқырамаға ауқымды көрініс ашылатын шолу алаңына жол салады. Су гранитті және тақтатасты үш деңгейлі тік жартастардан жіңішке ағындар түзе төмен қарай құлайды.
Пиала сарқырамасы
Теңіз деңгейінен 2370 метр биікте орналасқан Пиала сарқырамасына Катон-Қарағай ұлттық саябағы бойынша ұйымдастырылған 22 шақырымдық «Сарымсақты» турына қатысу арқылы жете аласыз. Тастан салынған атты жүріс соқпағы Сарымсақ өзені бойы мен әсем балқарағай орманы арасынан Қызылқұм өткеліне дейінгі аралықты қамтиды. Жолшыбай ала тышқан, алтайдың шиқылдақ торғайы, тиіндерді көптеп кездестіруге болады. Одан бөлек, балқарағай торғайы, жорғаторғай, байғыз сияқты құстар мен мұндағы жаңғақтарды жем көретін жабайы қабандар мен аюларды көріп қалуыңыз ғажап емес.
Шамамен орта жолда негізгі маршрут үш радиалды бағытқа тармақталады:
Туристік бағдар желісі одан кейін де Сарымсақ өзені аңғарымен жалғасады.
Жоғарыда аталғандай, бұл өңірде атау алмаған сарқырамалар да жетерлік. Осы орайда Белқарағай (Медведка) ауылы мен «Ясная поляна» жерінің маңындағы сарқырамаларды атап кетуіміз керек.
Катон-Қарағайдың қай тарапына тоқтасыңыз да, жергілікті тұрғындарға сарқырамаларға шағын саяхат ұйымдастырып берулерін сұрап көріңіз. Алтайдың қонақжай халқы келген мейманның бетін қайтармай, қашан да көмек қолын созуға сақадай сай. Егер өз саяхатыңызды сауатты жоспарлап, Катон-Қарағайдың бар көрнекті орындарын саяхат барысында аралап шығуды мақсат етсеңіз, ойланбастан туристік агенттіктер қызметіне жүгінуге кеңес береміз.