Жұмыскердің айлық жалақысының мөлшері жұмыскердің біліктілігіне, орындалатын жұмыстың күрделілігіне, санына және сапасына, сондай-ақ еңбек жағдайларына қарай сараланып белгіленеді.
Осы кезеңге айқындалған жұмыс уақытының нормасын толық атқарған және еңбек нормаларын немесе еңбек міндеттерін орындаған жұмыскердің айлық жалақысының мөлшері тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының заңында белгіленген айлық жалақының ең төмен мөлшерінен кем болмайды.
Жалақының ең төмен мөлшерін белгілеу
Айлық жалақының ең төмен мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасынан кем болмауға, қосымша ақылар мен үстемеақыларды, өтемақы төлемдері мен әлеуметтік төлемдерді, сыйлықақылар мен басқа да ынталандырушы төлемдерді қамтымауға тиіс және жұмыс істелген уақытқа пропорционалды түрде жүзеге асырылуға тиіс.
Өз еңбек міндеттерін орындаған жұмыскердің сағаттық жалақысының ең төмен мөлшері тиісті күнтізбелік жылдағы жұмыс уақыты балансына сәйкес орташа айлық жұмыс сағаттарының санына бөлінген айлық жалақының ең төмен мөлшерінен кем болмауға тиіс.
Бірінші разрядты жұмыскердің еңбек, ұжымдық шарттардың талаптарында және (немесе) жұмыс берушінің актілерінде көзделген айлық жалақысының ең төмен мөлшері немесе айлық тарифтік мөлшерлемесінің мөлшері тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының заңында белгіленген айлық жалақының ең төмен мөлшерінен кем болмауға тиіс.
Еңбекке сағат бойынша ақы төлеу
Жұмыс күні толық болмаған немесе жүктемесі толық болмаған кезде бірлесіп жұмысқа орналастыруды қолдану нақты орындалған жұмыстар үшін, сондай-ақ уақытша немесе біржолғы сипаттағы жұмыстарға ақы төлеу үшін еңбек шартының талаптарында және (немесе) жұмыс берушінің актісінде еңбекке сағат бойынша ақы төлеуді белгілеуге болады.
Жұмыс уақытын жиынтық есепке алу кезінде еңбекке ақы төлеу ауысымдық кесте (вахталар кестесі) бойынша нақты жұмыс істеген жұмыс сағаттарының саны бойынша жүргізіледі. Бұл ретте жалақыны есептеу тиісті күнтізбелік жылға арналған жұмыс уақыты балансына сәйкес тарифтік мөлшерлеме (лауазымдық айлықақы) және жұмыс уақытының айлық нормасы негізге алына отырып есептелген сағаттық тарифтік мөлшерлеме бойынша жүргізіледі.
Жалақыны индекстеу
ҚР Еңбек кодексінің 157-бабына сәйкес ұжымдық шарт ережелерінің бірі жалақыны индекстеу туралы ереже болып табылады.
Еңбек заңнамасына сәйкес ұжымдық шарттар мен келісімдерді қайта қарау жөніндегі келіссөздердің бастамашысы қызметкерлер де, жұмыс берушілер де тең шарттарда бола алады.
Осылайша, жалақыны индекстеу ұжымдық шарттар мен келісімдер шеңберінде тараптардың келісімі бойынша кәсіпорынның қаржылық мүмкіндіктеріне сүйене отырып жүргізілуі тиіс.