Референдум бойынша жиі қойылатын сұрақтар

Менің учаскемнің мекенжайын қалай білуіме болады?

Біріншіден, референдум учаскелерін Сіз E-Gov «электрондық үкімет» порталында «ЖСН бойынша дауыс беру учаскесін іздеу» ақпараттық сервисі арқылы, сондай-ақ байланыс операторларының смс-жіберулері арқылы келіп түскен call-орталықтың қысқа нөмірі бойынша білуңізге болады. Екіншіден, Сіз бұл ақпаратты аумақтық референдум комиссиясынан тұрғылықты мекен-жайыңызды хабарлау арқылы біле аласыз.


Референдумға қатысушылардың (сайлаушылардың) тізімінде менің мекенжайым дұрыс көрсетілмеген. Егер бұл менің қателігім болмаса, маған референдумға қатысудан бас тартуға құқықтары бар ма?

Ешқандай жағдайда! Мұндай қатені комиссияның өзі түзетуі керек, онда Сіз міндетті түрде хабарласуыңыз керек. Егер қате дауыс беру күніне дейін анықталса, Сіздің өтінішіңіз бір тәулік ішінде, егер қате дауыс беру күні анықталса, 2 сағат ішінде (бірақ дауыс беру уақыты аяқталғанға дейін) қаралуы керек. Қате анықталғаннан кейін түзету дереу енгізіледі. Егер комиссия Сіздің өтінішіңізді қанағаттандырудан бас тартса, жоғары тұрған комиссияға өз бетіңізше немесе учаскедегі байқаушылармен бірге шағым жасауыңыз қажет.


Егер мен басқа қалаға тұрақты тұруға көшкен болсам, бірақ референдумға әлі қатыспаған болсам, не істеуім керек?

Референдумға қатысушылардың (сайлаушылардың) тізімдеріне белсенді сайлау құқығы бар Қазақстан Республикасының барлық азаматтары енгізіледі. Референдумға қатысушылардың (сайлаушылардың) тізімімен 20 қыркүйектен бастап дауыс беру күніне дейін тұрғылықты жеріңіз бойынша өзіңіздің учаскелік референдум комиссияңызда танысуыңызға болады. Егер референдумға қатысушы (сайлаушы) өзін жаңа тұрғылықты жері бойынша тізімде таба алмаса, онда ол тізімге енгізу туралы өтінішпен учаскелік референдум комиссиясына жүгіне алады.


Егер референдумға қатысушы тек дауыс беру күні 18 жасқа толса, ол дауыс бере ала ма?

Дауыс беру күні 18 жасқа толған референдумға қатысушы референдумда дауыс беруге құқылы.

Егер референдумға қатысушы қандай да бір себептермен тізімге енгізілмесе, онда комиссия тұрғылықты жері бойынша тіркелген белсенді сайлау құқығы бар референдумға қатысушыны референдумға қатысушылардың тізіміне енгізу туралы дереу шешім қабылдайды.


Қандай жағдайларда учаскелік референдум комиссиясы мүшесін тасымалданатын дауыс беру жәшігімен үйге шақыруға құқығым бар?

Егер Сізде референдум күні учаскеге келе алмауыңыздың түсінікті себебі болса. Жалпы тәжірибе бойынша бұларға, ең алдымен, ауру, ауру отбасы мүшесіне күтім жасау, сондай-ақ референдум учаскелері құрылмаған шалғай және қатынау қиын аудандарда болу жатады. Учаскелік референдум комиссиясына дауыс беру күні жергілікті уақытпен он екі сағаттан кешіктірмей, жазбаша түрде жүгінуге болады. Учаскелік комиссия жазбаша өтінішіңіз бойынша Сіздің тұрған жеріңізде дауыс беруді ұйымдастыруы тиіс.


Мен учаскеде мүгедектігі бар адамға, мысалы көру қабілеті нашар немесе ампутантке бюллетеньді толтыруға көмектесе аламын ба?

Егер ол Сізден сұраса, толық құқығыңыз бар. Бірақ бұл ретте Сіз байқаушы, референдум комиссиясының мүшесі болмауыңыз керек. Сырттан көмекке мұқтаж азамат комиссия мүшелеріне бұл туралы ауызша хабарлауға тиіс.


Мен басқа учаскеде дауыс бере аламын ба?

Иә. Болатын жеріңіз өзгерген жағдайда Сіз алдын ала, 2024 жылғы 5 қазанда сағат 18.00-ге дейін референдум учаскесіне хабарласып, дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігін алуыңыз қажет. Осы құжатпен Сіз басқа елді мекенде дауыс бере аласыз. Сонымен қатар бір елді мекен шегіндегі басқа учаскеде дауыс беруге болмайды.


Мен шетелдемін. Референдумға қалай қатысуға болады?

Референдумға қатысу үшін Сіз өзіңіз орналасқан шет мемлекеттегі референдум комиссиясының учаскесіне жүгінуіңіз керек. Учаскелердің мекенжайларын ҚР СІМ сайтынан табуға болады. Өзіңізбен бірге Қазақстан Республикасы азаматының жарамды паспорты болуы қажет.


Жүргізуші куәлігі бойынша дауыс беру бюллетеньдерін ала аламын ба?

Жоқ. Қазақстан Республикасының азаматтары ғана дауыс бере алатындығын ескере отырып, дауыс беру құқығын беретін құжат Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі болып табылады. Заңға тәуелді актіде түпнұсқа жеке куәлікті алмастыратын цифрлық жеке куәлік қарастырылған. Бұл жағдайда сіз EGOV mobile, Kaspi.kz және Halyk қосымшаларында цифрлық жеке куәлікті көрсете аласыз.


Бюллетеньді қалай алып жүруге болады? Оны бөтен адамдарға көрсетуге бола ма?

Заң референдумға қатысушының дауыс беру кабинасынан сайлау жәшігіне бюллетеньді қалай алып жүру керектігін реттемейді. Алайда, ұл жерде мынадай екі мәселені ұмытпауымыз керек. Біріншіден, Қазақстан Республикасында дауыс беру жасырын болып табылады. Бұл ешкімнің Сізден толтырылған бюллетеньді көрсетуді талап етуге құқығы жоқ дегенді білдіреді. Егер кімде-кім бұл тыйымды бұзса, ол жауапқа тартылуы мүмкін. Екіншіден, дауыс беру күні кез-келген үгітке тыйым салынады, оның нысандарының бірі референдумға қатысушының қалауын білдіру, оның ішінде Сіздің қалай дауыс бергеніңіз туралы хабарда болуы мүмкін. Демек, толтырылған бюллетеньді көрсету үгіт болып көрінуі мүмкін. Бұл үшін Сіз әкімшілік жауапкершілікке тартыла аласыз. Сондықтан толтырылған бюллетеньді ешкімге көрсетуге болмайды, ол үшін бүктеп, бүктелген күйінде әкелгеніңіз дұрыс.


Референдумға қатысушы учаскедегі бұзушылықтар туралы кімге хабарлай алады?

Ресми жолмен жүріп, тиісті аумақтық референдум комиссиясына, құқық қорғау органдарына (бірінші кезекте — прокуратураға) шағым жазуға болады.


Дауыс беру үшін кабинаға екі адамнан кіруге бола ма?

Болмайды. Заң бойынша дауыс беру жасырын болуы қажет. Бұл дегеніміз, ешкім, тіпті жұбайы немесе жақын досы да референдумға қатысушының толтырылған бюллетенін көрмеуі тиіс. Алайда, бұл ережеден жалғыз ерекшелік бар: егер референдумға қатысушының бюллетеньді өз бетінше толтыруға мүмкіндігі болмаса (әдетте, бұл қарт адамдар, көру қабілеті нашар адамдар), ол референдумның учаскелік комиссиясының мүшелерін, байқаушыларды қоспағанда, референдумның басқа қатысушысының көмегін пайдалануға құқылы. Мұндай жағдайда референдумның бұл қатысушысы кабинаға комиссияға хабарлағаннан кейін өзі көмектетін адаммен бірге барады.


 Дауыс беруге бармағаны үшін жаза (мысалы, айыппұл) бар ма?

Сайлау құқығы – Қазақстан Республикасы азаматтарының конституциялық құқығы, міндеті емес. Сондықтан дауыс беруге бармағаны үшін жауапкершілік (жаза) қарастырылмаған.