Дохада спорттық гимнастикадан Әлем Кубогының кезеңі өтеді

Дохада спорттық гимнастикадан Әлем Кубогының кезеңі өтеді

17-21 сәуір аралығында Қатар астанасы Дохада спорттық гимнастикадан Әлем Кубогының кезеңі өтеді.

Бәсеке қорытындысы бойынша Олимпиада лицензиясын алған гимнастар белгілі болады. Ұлттық құрама сапынан Нариман Курбанов ат снарядында ойындар жолдамасына иелік етуге бір табан жақын тұр.

Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері Александр Ким Курбановтың мүмкіндін былай бағамдап өтті.

«Дохадағы шешуші кезеңде Нариманға үздік үштікке кіру қажет. Сол кезде ізін қуған ешқандай қарсыласы қуып жете алмайды. Қазір 3 кезеңнен кейін оның еншісінде 66 ұпай бар (Каирде – 16 балл, Котбуста – 30 балл, Бакуда – 20 балл). Қазір рейтингте 2-орында», -деп айтты бас бапкер.

Қазіргі олимпиадалық рейтинг:

1-орын - Әбу Ахмад (Иордания) – 73 балл

2-орын – Нариман Курбанов (Қазақстан) – 66 балл

3-орын - Ли Чи Кай (Қытайдың Тайпейі) – 38 балл

«Егер Ли Чи Кай Дохада ат снарядында топ жарса, 30 балл қосылып, оның ұпай саны 68-ге жетеді. Сол себепті Нариман кем дегенде үздік үштіктен түспеуі керек. Я болмаса Тайпей спортшысы алтын жүлдесіз қалуы қажет. Барлық 4 кезеңнен кейін ең жоғары 3 жарыстағы ұпайлар есепке алынады. Демек, Нариман Дохада жақсы өнер көрсетсе, Каирдегі нәтижесі есепке алынбайды», -деді Александр Ким.

Айта кетейік, қазір Қазақстан еншісінде спорттық гимнастикадан Олимпиаданың 1 жолдама иегері бар. Былтыр Антверпендегі әлем чемпионатында Милад Карими қола медальмен бірге көпсайыста жолдаманы уысына түсірген.

Қатар астанасындағы Әлем Кубогына баратын құрам мынадай:

Ерлер: 

Милад Карими, Дмитрий Патанин, Диас Тойшыбек, Нариман Курбанов

Еркін жаттығу: Карими, Патанин

Ат снарядында: Курбанов, Тойшыбек

Қос шығыршық: Патанин

Тіреніп секіру: Карими, Патанин

Қоссырық: Патанин, Карими

Керме: Тойшыбек, Карими

Әйелдер: 

Аида Бауыржанова, Дарья Ясинская

Тіреніп секіру: Бауыржанова, Ясинская

Әр биіктіктегі қоссырық: Бауыржанова

Еркін жаттығу: Бауыржанова, Ясинская

Бөрене: Бауыржанова, Ясинская.