Шал ақын ауданының этномәдени бірлестіктері жетекшілерінің, Ақсақалдар Кеңесі мен Аналар Кеңесінің ҮНДЕУІ

Шал ақын ауданының этномәдени бірлестіктері жетекшілерінің, Ақсақалдар Кеңесі мен Аналар Кеңесінің ҮНДЕУІ

Құрметті шалақындықтар!
1 мамыр- біздің қоғамды біріктіретін маңызды мерекелердің бірі – Қазақстан халқының бірлігі күні.
Еліміздің әрбір азаматы үшін бұл мереке - Отанға деген сүйіспеншіліктің символы, ұрпақтар сабақтастығының, шынайы патриотизмнің бейнесі болып табылады. Биылғы жылы Қазақстан халқының бірлігі күні үлкен маңызға ие болуда.
Биыл біз бұрын-соңды болмаған су тасқынына тап болдық. Дәл осы қиын күндерде біздің құтқарушылар, еріктілер, мемлекеттік қызметкерлер, әскери қызметшілер, құқық қорғау органдары қызметкерлері, азаматтық сектор, бизнес өкілдері, жастар, қарапайым азаматтар халқымыздың бір екенін көрсете білді.
Солтүстік Қазақстан облысы табиғи апаттан ең көп зардап шеккен өңірлердің қатарында болды. Су тасқынының салдары өте жойқын. Өңірде апат салдарын жою жұмыстары басталды.
Бірақ алда әлі көп жұмыс бар. Мемлекет басшысының бастамасымен бүгін елімізде "Таза Қазақстан" жалпыұлттық науқаны өтуде. Бұл бір реттік акция емес. Таза қала, таза ауыл, таза дала бізден басталатынын түсіну керек.
Қымбатты жерлестер! Біз сіздерді Қазақстан халқының бірлігі күнін осылай өткізуге шақырамыз: еңбекте және өзара қолдауда. Елімізді, өңірімізді, қаламызды жақсартайық! Қазақстан халқының бірлігі күні құтты болсын!