Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша туризм және спорт саласының қызметкерлері үшін семинар өтті

Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша  туризм және спорт саласының қызметкерлері үшін семинар өтті

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі «Қызмет көрсетушілер мектебі» жобасын іске асыру аясында Туризм және спорт министрлігімен бірлесе жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлеріне мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша оқыту семинарын ұйымдастырды. Оған 300-ден астам туризм және спорт саласының қызметкерлері қатысты.

Семинар барысында тыңдаушыларға спорт федерацияларын аккредиттеу, спорттық разрядтарды беру, чемпиондар мен жүлдегерлерді тұрғын үймен қамтамасыз ету, туристік оператор қызметіне лицензия беру саласындағы мемлекеттік қызметтерді көрсету тәртібін айқындайтын нормативтік құқықтық актілердің негізгі ережелері, сондай-ақ ақпараттық жүйелер арқылы мемлекеттік қызметтерді көрсету тәртібі түсіндірілді.

Қатысушылар осы салаларда қызмет көрсету тәртібін айқындайтын нормативтік құқықтық актілерді әзірлеушілерге жұмыс барысында туындайтын мәселелерді ортаға салып, оларды шешу жолдарын талқылады.

Шара қорытындысы бойынша қатысушылар оқыту өткізудің маңыздылығын, әсіресе облыстық, аудандық, ауылдық деңгейлерде семинарлар өткізу қажеттілігін атап өтті.

Агенттікпен «Қызмет көрсетушілер мектебі» бағдарламасына сәйкес оқыту семинарлары тұрақты түрде өткізіліп, қызмет көрсетушілердің тиімді жұмысын қамтамасыз ету үшін мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің барлық спектрін қамтитын болады.