Мемлекеттік органдардағы тәртіптік комиссиялардың жұмысын ұйымдастыру мәселелері талқыланды

Мемлекеттік органдардағы тәртіптік комиссиялардың  жұмысын ұйымдастыру мәселелері талқыланды

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мемлекеттік қызметшілердің тәртіптік жауапкершілігі мәселелерін талқылау бойынша семинар-кеңес өткізді. Шараның негізгі мақсаты – тәртіптік жауапкершілікті қарау процесінің негізгі аспектілерін талқылау, бұзушылықтардың себептерін анықтау және оларды шешу жолдарын ұсыну.

Семинар-кеңеске Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің басшылығы, орталық және жергілікті атқарушы органдар тәртіптік комиссияларының төрағалары, сондай-ақ олардың кадр қызметінің басшылары қатысты.

Күн тәртібіндегі басты мәселенің бірі – мемлекеттік органдардағы тәртіптік комиссиялардың 2023 жылғы қызметіне жүргізілген талдау нәтижелерін зерделеу болды.

Мемлекеттік қызметшілердің тәртіптік бұзушылықтарымен қатар, олардың жауапкершілігін қарау кезінде тәртіптік комиссиялар тарапынан да заң бұзушылық фактілері орын алғандығы анықталып отыр.

Талдау нәтижелеріне сәйкес, тәртіптік жауапкершілікті қарау мәселелері кезіндегі орын алған бұзушылықтардың негізгі себептері тәртіптік жаза қолдану тәртібінің талаптарын сақтамау және тәртіптік комиссия мүшелерінің міндетіне формальды қарауы болып отыр.

Күн тәртібіндегі тағы бір мәселе – тәртіптік жауапкершілікті қарау кезінде рәсімдер бұзылуының негізгі факторлары мен себептерін көрсете отырып, заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстарды талқылау болды.

Шара қорытындысы бойынша мемлекеттік органдардың тәртіптік комиссияларына заңды қатаң сақтау және қызметтік тергеп-тексеру материалдарын қарау кезінде объективтілікті қамтамасыз ету ұсынылды.

Сондай-ақ қолданыстағы мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану қағидаларына бірқатар өзгерістер енгізу қажеттілігі айтылды.