Жамбыл облысы Байзақ ауданының прокуратурасы инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің үйлестіруімен шаруа қожалығының кеңеюіне кедергі келтірген әкімшілік тосқауылды жойды.
«Нұрлыжай» ШҚ-ның қуаттылығы жылына 5 мың тонна өнімді құрайтын 400 басқа арналған сүт-тауар фермасы мен қайта өңдеу зауытын салу жобасын іске асыруда.
Жобаны аяқтау үшін кәсіпкерге қосымша жер учаскелерін бөлу қажет болған. Жергілікті атқарушы органға ресми түрде жүгінгеніне қарамастан, мәселе өткен жылдың қазан айынан бастап қараусыз қалған.
Прокуратура лауазымды тұлғалардың әрекетсіздігі фактісін анықтап, қадағалау актісімен инвесторға ауданы 15 га жер учаскесін бөлуді қамтамасыз етті.
Қазіргі уақытта инвестор жер учаскесін игеруді бастады.
Кінәлі лауазымды тұлға тәртіптік жауаптылыққа тартылды.
Аталған жобаны іске қосу 40 жуық жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.
Инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі жұмыс жалғасатын болады.
Жамбыл облысының прокуратурасы