Жамбыл облысында прокурорлар мен инвесторлар арасында құқықтық ынтымақтастық күшейтілуде

Жамбыл облысында прокурорлар мен инвесторлар арасында құқықтық ынтымақтастық күшейтілуде

 

Жамбыл облысының прокуроры Нұрғалым Әбдіров «Тараз» индустриалды аймағына барып, инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты.

Қалада жалпы құны 109,5 млрд теңгені құрайтын 20 жоба іске асырылуда және 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуды жоспарлаған 17 резидент тіркелген. Инвесторлардың арасында Түркия мен Қытай компаниялары бар.

Бүгінгі күнде инвестиция көлемі 4,4 млрд теңгені құрайтын 3 кәсіпорын іске қосылды.

Облыс прокуроры инвесторлардың ұсыныстары мен сұрақтарын тыңдап, «Заң мен Тәртіп» қағидатының негізгі принциптерін түсіндірді.

Кездесуде құрылыс қарқыны, жаңа жұмыс орындарын ашу, экспорт көлемі және өңір экономикасына қосылатын үлес мәселелері талқыланды.

Прокуратура кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға және бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдай жасауға ерекше назар аударуда.

Бұған дейін, прокурорлық актілердің нәтижесінде индустриалды аймақтағы төрт инвестордың инфрақұрылымдық мәселелері шешілген.

Сонымен қатар, кездесуде электр энергиясымен қамтамасыз ету және жол инфрақұрылымына қатысты әлі де шешімін толық таппаған мәселелер көтеріліп, оларды шешу үшін тиісті жұмыстарды жүргізу туралы шешім қабылданды.

Облыс прокуроры инвесторлардың құқықтарын қолдау прокуратура қызметінің негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтіп, әрбір жоба тұрақты бақылауда тұрғанын жеткізді.

Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан» атты Жолдауы аясында индустриалды аймақтарды тиімді жоспарлау арқылы шығындарды азайту және ашықтықты арттыру ұсынылды.

 

Жамбыл облысының прокуратурасы