Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Түркия Республикасының Омбудсменімен кездесу өткізді

Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Түркия Республикасының Омбудсменімен кездесу өткізді

Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев Астанада тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресуге арналған конференция барысында Түркия Республикасының Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Яхья Акманмен кездесті.

Қазақстандық омбудсмен әріптесіне ілтипат білдіріп, конференцияға қатысқаны үшін алғысын айтты.

«Біз түрік тарапының екіжақты ынтымақтастық аясында да, Түркі мемлекеттері омбудсмендері қауымдастығы мен Азия омбудсмендері қауымдастығы сияқты халықаралық қауымдастық аясында да тығыз әріптестікті дамытудағы күш-жігерін жоғары бағалайтынымызды атап өткім келеді. Сондай-ақ Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының Омбудсмендер қауымдастығына кіруге дайын екенімді жеткізгім келеді. Біз сіздің адам құқықтарын қорғау саласындағы бірлескен күш-жігер туралы көзқарасыңызды толығымен қолдаймыз», - деді Артур Ластаев.

Ол Уәкіл кеңсесінің қызметі, сондай-ақ елімізде жүргізіліп жатқан реформалар туралы айтты. Ол 2023 жылдан бастап «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы», «Конституциялық сот туралы» және «Прокуратура туралы» Конституциялық заңдардың күшіне енгенін атап өтті.

«Уәкіл туралы Конституциялық заңның мақсаты адам және азамат құқықтарын жүзеге асырудың кепілі ретіндегі Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің конституциялық мәртебесін бекіту бөлігінде Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілген өзгерістерді іске асыру болып табылады. Конституцияның жаңа 83-1-бабы Уәкіл қызметінің міндеттерін, оның өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде тәуелсіздік пен жауап бермеу кепілдіктерін белгілейді. Бұдан былай Уәкілдің құқықтық мәртебесі мен қызметін ұйымдастыру Конституциялық заңмен айқындалады. Конституциялық заң Уәкілдің, оның өңірлердегі өкілдерінің және Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың қызметін ұйымдастыруға қатысты ережелерді реттейді. Уәкілдің Конституцияда бекітілген адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігі мәселелері бойынша Конституциялық Сотқа жүгіну құқығы белгіленді», - деді ол.

Сондай-ақ халықаралық деңгейде Уәкіл институты мен оның аппаратының имиджін нығайту тақырыбы сөз болды.

«Омбудсмен кеңсесіне «В» аккредиттеу мәртебесі берілді. Осыған байланысты кеңсе Париж қағидаттарына толығымен сәйкес келетін Ұлттық адам құқықтары институттарының жаһандық альянсында (GANHRI) «А» аккредиттеу мәртебесін алу үшін жүйелі жұмыс жүргізуде. Осы мақсатта ағымдағы жылдың маусым айында адам құқықтары ұйымдарының Азия-Тынық мұхиты форумы, БҰҰДБ және OHCHR халықаралық сарапшылары біздің құқық қорғау институтының әлеуетін бағалау үшін келді», - деп бөлісті Уәкіл.

Түркия Республикасының Омбудсмені Яхья Акман қазақстандық әріптесінің қызметін жоғары бағалап, одан әрі жемісті ынтымақтастыққа ниетті екендерін білдірді.

Айта кетейік, 23-24 қарашада Астанада «Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес: проблемалары мен шешімдері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтуде. Конференцияға осы саладағы беделді сарапшылар – құқық қорғаушылар, әртүрлі елдердің омбудсмендері, халықаралық, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, дағдарыс орталықтарының басшылары, зерттеушілер, ғалымдар, депутаттар, мемлекеттік органдардың өкілдері мен қоғамдық пікір көшбасшылары жиналды.